Қазақстандықтар баюдың бір жолын қалт жіберіп алғанын біліп, бармағын тістеді

5431

Елде және әлемде алтын бағасы тарихи рекордқа жетті.

Қазақстандықтар баюдың бір жолын қалт жіберіп алғанын біліп, бармағын тістеді Фото: polinka.top

Бірден айта кетелік, Inbusiness.kz ешкімге қолдағы барлық қаражатына дереу алтын құймаларын сатып алуға кеңес бермейді, бұл сараптама жеке инвестициялық рекомендация емес. Тек нарықта қалыптасқан тосын жайттың, тарихи оқиғаның мән-жайын айтып, ақпараттандырып отырмыз. Оның үстіне сарапшылар бағасы онсыз да шығандап кеткендіктен, енді сатып алудың кеш екенін айтады. Алтын немесе бағалы қағазды сатып алу-алмауды әркім өзі шешуі керек.

Бүгінде сала үшін тарихи оқиға орын алып отыр: дүниежүзінде 1 стандартты алтын құймасының құны алғаш рет 1 миллион доллардан асты. Бұл туралы Bloomberg хабарлады. Алтын құйманың стандартты салмағы 400 унцияны немесе 11,34 келіні құрайтыны белгілі.

"Өткен жұмада бағалы металдың споттық бағасы 1 Троя унциясы үшін 2 500 доллардан асты. Бұл тарихи рекордтық максимум саналады. Алтын құймалары әдетте шамамен 400 унцияны құрайтынын ескерсек, онда бұдан былай ол құймалардың әрқайсысы 1 миллион доллардан жоғары тұратын болады", – деп мәлім етті Bloomberg.

Дегенмен, халықаралық сарапшылар бұл мәліметте бір гәп барын айтты. Бағалы металдар нарығының Лондон қауымдастығының дерегінше, Лондон нарығында, яғни құнды металдар саудасының жаһандық орталығында алтын құймаларының салмағы дәстүрлі түрде шамамен 400 Троя унциясына тең болып келеді. Алайда, бұл қатып қалған ереже емес. Соның нәтижесінде әлемдегі алтын құймаларында 350-ден 430 унцияға дейін таза алтын болуы мүмкін.

Бұған қоса, құймалар негізінен, мемлекеттердің орталық банктерін қызықтырады. Жеке тұлғалар, компаниялар көбіне, мұндай құймаларды алмайды. Олар әлдеқайда аз, бірнеше жүз грамдық құймаларға әуес келеді.

Metals Focus консалтинг компаниясының дерегі бойынша 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында әлем елдерінің орталық банктері жалпы жиынтығы 483,3 тонна алтын сатып алған. Бұл 40 мыңға жуық стандартты алтын құймасына барабар.

Бұл жағдай биылғы жылы бағалы метал бағасының күрт өсуіне түрткі болған факторлардың біріне айналды. Бағасының шығандауына серпін берген өзге факторлар қатарында "АҚШ Федералдық резервтік жүйесі анағұрлым жұмсақ ақша-кредит саясатын ұстанады деген үміттер" де аталды.

Әлеуметтік желіде пікір білдірген қазақстандықтар ұсақ алтын құймаларын бұған дейін сатып алмағандарына өкінді. Ұлттық банк қазақстандықтарға тазартылған-аффинирленген алтынның құймаларын бес күйде – 5, 10, 20, 50 және 100 грамдық салмақта сатып алуға ұсынды. Әрбір құйма қорғаныш элементтерімен жабдықталған: айнадай беті, микромәтін және бедерлі гурт (бүйірі) бар. Олар Қазақстан Халық Банкі, Еуразиялық банк, Jysan Bank, Банк ЦентрКредит және банктік емес валюта айырбастау пунктері арқылы сатылады.

Ұлттық банктің мәліметінше, 1 грамм алтынның құны 2024 жылғы 20 тамызда 38 481 теңгені құраған.

Салыстырсақ, жыл басында, 3 қаңтарда 1 грамы шамамен 30 324 мың теңге болған. Яғни, халық арасында кең танымал 10 грамдық құйманы жыл басында (303 240 теңгеге) сатып алған азамат бүгінде, жарты жыл ішінде әрбір құймадан 81 570 теңге таза пайда тапты. Тиісінше, егер жүз грамдығын алғанда, табысы 810 мың теңгеден асқан.

Егер тура бір жыл бұрын сатып алғанда, әрбір грамы 28 082 теңгеге түсетін еді. Сәйкесінше, 10 грамдық құймадан бір жылдық табысы – 103 990 теңгені, 100 грамдықтан табысы – 1 миллионнан асады. Мұндай табысты елде бірде бір депозит бере алмайды.   

Euronews жаңа тарихи максимумға жеткеннен кейін де алтын бағасы ары қарай өсіп жатқанын хабарлады. Жаһандық ауқымдағы "алтын безгегі" басталғандай. Бұл жерде алтынның споттық қана емес, жерастында жатқан бағалы металды болашақта өндіріп, жеткізуді қарастыратын фьючерстік бағалары да жоғарылаған.

Euronews сарапшыларының пікірінше, алтын бағасын жоғарыға қарай "мемлекеттердің орталық банктері есептік (Қазақстанда – базалық) ставкаларын төмендетеді" деген үміт итермелеп отыр. Содан баға тарихи биігінен түсетін емес. Өткен жұмада жеткен тарихи рекордтық максимум 2 500 долларды құрағаны айтылды. Кеше тіпті 1 унциясы үшін 2 560 долларға дейін шығандады.

Салыстырғанда, түрлі-түсті металдардың бағасы керісінше, төмендеуде. Бұған дүниежүзіндегі біраз елдің, соның ішінде Қытайдың экономикасының әлсірей бастауы ықпал еткен. Осы тамыз айында, мысалы, мыстың фьючерстері бес айлық минимумға (1 фунты үшін 3,93 доллар) құлдырады. Дүниежүзінде сұраныс азайғандықтан соңғы үш айда мыс бағасы 18%-ға арзандап кетті.

"Алтын мен мыс бағаларының динамикасындағы елеулі айырмашылықтар инвесторлардың жандәрмен қауіпсіз активтер іздеп жатқанын, шикізаттық тауарлардан арылуға асыққанын паш етеді. Бұған әлемдік экономиканың ахуалына қатысты қауіптер әсер етуде", – деп жазды Еуроньюс.  

Оның сарапшыларының байламынша, алтын бағасының өсуі макроэкономикалық факторларға байланысты. Экономикалық өсімнің баяулауы және тұтынушылық бағалардың төмендеуі аясында Ресейден басқа мемлекеттердің орталық банктері ақша-кредиттік саясатты жұмсартуға кірісті. Соның ішінде АҚШ Федералдық резервтік жүйесі де бар. Ал, FRS (Federal Reserve System) пайыздық ставкаларды төмендетсе және әлемде доллар бағасы арзандаса, онда алтынның бағасы көтеріледі. Неге?

"Біріншіден, алтынның бағасы долларда бекітілетіндіктен, АҚШ долларының әлсіреуі алтынды басқа валюталарда арзан етеді. Осылайша, орталық (бізше Ұлттық) банктерді осы бағалы металды арзандау кезінде барынша көбірек сатып алып қалуға итермелеп, сұранысты арттырады. Сұраныс артқан соң, доллардың әлсіздігіне қарамастан, алтынның бағасы көтеріледі. Екіншіден, пайыздық ставкалардың жаппай төмендеуі пайыздап пайда әкелетін басқа активтерді, мысалы, мемлекеттік облигацияларды мейлінше тартымсыз етеді. Соның аясында инвесторлар қаржыларын олардан әкетіп, дәстүрлі түрде алтынға салады", – деп түсіндірді тәуелсіз қаржы аналитигі Тина Тенг (Tina Teng).

Алтынның серпінді өсуіне Америкадан жеткен көңілсіз статистикалық мәліметтер де септесті: АҚШ-тың жылжымайтын мүлік нарығын дағдарыс басқаны байқалады. Өткен жұмада жарияланғандай, алпауыт державада баспананы қолданысқа беру көлемі 6,8%-ға немесе төрт жыл бұрынғы минимумға дейін құлдырады. Сонымен қатар құрылысқа берілген рұқсаттар саны алты ай қатарынан кемуі жалғасты.

Бұл Федералдық резервтік жүйені алдағы қыркүйек айында ставканы төмендетуге мәжбүрлеуі мүмкін. Онсыз дағдарыс Америкада өзге салаларға да жайылуы ғажап емес екен.

Мысалы, Қытай кейінгі бірнеше жыл бойы баспана және ипотека күйзелісіне тап болды. Шығыс көршіде босқа алым-салық төлеп, коммуналдық және басқа шығын шегуді доғару үшін құрылыс компаниялары жаңадан салынған, бірақ өтпеген тұтас шағынаудандарды – жаңа зәулім тұрғын үйлерді құлатып, күресінге жіберуде.

Еуропа құрлығының бір көшбасшысы – Ұлыбританияда дағдарыс күшейген. Оның да экономикалық статистикасы нашар болып шықты. Бұл оның ставканы төмендету ықтималдылығын арттырады.

Жаңа Зеландия алдыңғы коронавирус пандемиясынан бері тұңғыш рет, күтпеген жерден ставканы төмендетті. Бұл елдің Резервтік банкі биылғы жылы жаңа төмендетулер күтілетінін мәлімдеді. Ақша-кредиттік саясатын күрт өзгертуге пандемия тұсындағыдай ұлттық экономикасы жағдайының тағы да қарқынды түрде қиындауы себепкер болған.

Жаһандық экономика безгек тигендей қалшылдай бастағанын көрген инвесторлар, қалталы адамдар және орталық банктер тарихтағы кез келген дағдарыс кезіндегі "тыныш айлаққа" – алтынға қашып жатыр. Алтын құнының шарықтауына сондай-ақ Украина және Ресей арасындағы соғыстың, Таяу Шығыстағы шиеленістің ушығуы да ықпал етіп жатқаны айтылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу