Қазақстандықтар ең шыдамдысы санайтын тұрғын үйлердің құпиясы әшкере болды

8641

"Брежневкалар" деген не және оның "хрущевкалардан" айырмашылығы неде?

Қазақстандықтар ең шыдамдысы санайтын тұрғын үйлердің құпиясы әшкере болды Фото: www.archdaily.com

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, қазіргі кезде Қазақстанда тұрғын үй қорының жалпы ауданы 419 миллион 58,1 мың шаршы метрді құрайды. Яғни, әрбір қазақстандыққа шаққанда небары 20 шаршы метрден келеді. Соның ішінде баспаналардың 274 млн 547,1 мың шаршы метрі – қалаларда, 144 млн 511 мың шаршы метрі – ауылда орналасқан. Алдыңғы жылмен салыстырғанда, тұрғын үй қорының аумағы 13 млн 899,5 мың шаршы метрге ғана артты. Бұл кейінгі жылдардағы ең төмен көрсеткіштің бірі екен.

"Брежневкалар" деп, Кеңес одағының басшысы Леонид Брежнев дәуірінде салынған көп пәтерлі тұрғын үйлерді атайды. "Брежневкалар" қалаларымыздағы ағаш, саман үйлерді және "хрущевкаларды" ауыстырды. Олар 1960 жылдардың ортасынан бастап, 1980 жылдардың ортасына дейін бой көтерумен болды.

Қазақстандық статистикашылар үйлерді "хрущевка", "брежневка" деп бөлмейді. Бірақ жылдар бойынша келесі статистиканы ұсынды:

  • 1970-ші жылдарға дейін жалпы саны 741 405 тұрғын үй іске қосылған. Оның ішінде қаладағысы – 329 744 бірлік (шаршы метр емес). Бірақ ол заманда қалаларда бір қабатты жатаған үйлер де салынған, оның саны – 272 035. Сонда көп пәтерлісі – 57 709 бірлік.
  • 1971–1975 жылдары жалпы саны 150 712 тұрғын үй қолданысқа енгізілген. Соның ішінде 42 231-і – қалаларда. Оның 33 694-і – жеке үйлер, 8 537-сі көп пәтерді тұрғын үйлер.
  • 1976–1980 жылдары жалпы саны 188 121 үй берілді. Оның 41 967-сі – қалада: 33 531-і – жеке үй, 8 436-сы – көп қабатты үй.
  • 1981–1985 жылдары 140 874 бірлік үй ел игілігіне тапсырылды. Оның 36 085-сы ғана қалада орналасты. Соның ішінде 28 004-і – жеке сектордағы үйлер, 8 081-і ғана – көп пәтерлі тұрғын үйлер.

Демек, 1985 жылдарға дейін Қазақстан бойынша жалпы саны 82 763 көп пәтерді тұрғын үй салыныпты. Ұлттық статбюро мәліметінше, бүгінде қазақстандық қалалардағы көпқабатты тұрғын үйлердің жалпы саны 128 362 бірлік. Ендеше олардың басым көпшілігі, 83 мыңға жуығы – 1985 жылдарға дейін салынған және "хрущевка" мен "брежневка" саналады. Хрущев кезінде салынғаны көбірек (елу мыңға жуық).

Inbusiness.kz сайтына сәулетші Сергей Глебов айтқандай, "брежневкалар", яғни, Алматыда 1960-1980 жылдары салынған төрт-бес қабатты тұрғын үйлер – жер сілкінісіне ең төзімдісі саналады. Оның түсіндіруінше, бұл панелді үйлер комбинаттарда бірыңғай индустриалдық технологиямен тұрғызылды. Бірақ олар тұрғындары қайта жобалау (перепланировка) жүргізбесе ғана берік саналады.

"Мен олардың сенімді жасалғанын айта аламын. 1980 жылдардан кейін құрылыс индустриясын талан-тараж ету басталды. Құрылыс стандарттары мен нормаларының сақталуына жауап берген институттар күйреді, ұстағанның қолында кетті. Сала жайрап қалды. Индустрияның тізгінін қолына алған жаңа олигархтар құрылысқа жауапты мемлекеттік құрылымдарға келіп: "Жігіттер, құрылыс нормалары мен қағидаларың бізге тиімсіз, оларды жеңілдетейік" деп ұсыныс жасады. Пәтерлердің ішін қайта жобалау сейсмикалық аймақтарда қауіпті. Өйткені бөлмені кеңейту үшін тірек қабырғаларды құлатып жатады", – деді сәулетші.   

Ол бұрынғы кезеңде биік үйлер бірінің үстіне бірі құлап, астында қалған адамдарды құтқаруды қиындатпауы үшін тұрғын үйлерді өзара алшақ салғанын жеткізді. Алайда үкімет бұл талапты жойды. Салдарынан Алматының өзінде зәулім ғимараттар иін тіресіп тұр.

Техникалық ғылымдардың кандидаты, тәжірибелі ғалым Кирилл Лушин Брежнев дәуіріндегі үйлер хрущевкалардан біршама ерекшеленетінін айтады.

"Бірінші орынға қауіпсіздік пен жайлылық қойылды. Ол кездегі жайлылық туралы ұғымды қазіргімен салыстыруға болмайды. Мысалы, хрущевкалар – қымбат емес блоктан жасалған бесқабатты үйлер түрінде болып келді. Ал, брежневкаларда лифт пайда болды. Ондай үйлерде тұратындар өздерін паң, бекзат сезінетін. Алайда брежневкалар да параметрлері тұрғысынан әралуан болып келеді. Оларды біріктіретін басты жайт – КОКП ОК бас хатшысы Леонид Брежневтің есімімен аталатыны. Ол билік еткен кезде қала тұрғындарының үлкен бөлігі барақ пен жатақханалардан кетіп, жеке пәтерлерде тұрып жатты. Енді оларға "кемелденген социализм" дәуіріне сәйкес келетін жайлырақ баспана беру міндеті қойылды. Осы арқылы Кеңес одағы жұрт сенуді қоя бастаған "коммунизмге" елдің жақындап қалғанын көрсетпек болды", – дейді ғалым.

Содан брежневтік дәуірдің көпқабатты тұрғын үйлерінің құрылысы 1960-шы жылдардың ортасында жаппай қызды. Оның құрылысы тек ірі қалаларда ғана емес, шағын, моноқалаларда, аудан орталықтарында, тіпті кенттерде жүрді. "Брежевкаларды", оның модицикацияланған үлгісін тұрғызу тіпті 1990-шы жылдардың басына дейін жүргізілген.

Оларды қаптатып салып тастағаны сонша, әлі күнге дейін Қазақстанның аймақтарында жылжымайтын мүліктің қайталама нарығының үлкен бөлігін заманауи тұрғын үй кешендері емес, "брежневкалардағы" пәтерлер құрайды. Өйткені "хрушевкалар" тозып кетті, көбісі апаттық жағдайда. Астана мен Алматыда, бірқатар облыс орталығында олар белсенді сүрілуде. Содан көп қалғаны – брежневкалар.

Кирилл Лушиннің байламынша, хрущевкалармен салыстырғанда, брежневкалардың жобалау шешімдері мейлінше ойластырылған және адам өмірі үшін жарамдырақ. Бұрынғы құрқылтайдың ұясындай ғана құйтақандай асүйлердің орнына отбасының барлық мүшесін және қонақтарды сидыра алатын үлкенірек асүй мен қонақбөлмелер келді.  

Сарапшылар "брежневкаларды" ерекшелейтін белгілер ретінде келесіні атады:

  • Үйде негізінен лифт бар,
  • Үйде қоқысөткізгіш құбыр қарастырылған,
  • Баспалдақтың кеңдігі арттырылған,
  • Хрушевкаға қарағанда төбесі (еденнен төбеге дейінгі аралығы) биіктетілді,
  • Тұрғын-жай ауданы ұлғайтылды,
  • Асүй ауданы үлкейтілді,
  • Шатыры үшбұрыш емес, жайпақ және суағар жасалған.

"Сол дәуірде үйлердің энергиялық тиімділігі мәселесіне алғаш көңіл бөліне бастады. 1970-ші жылдардың соңынан бастап, қарапайым шатыр орнына техникалық қабат жаппай салынды. Ол қабатта барлық пәтерлерден жоғары көтерілетін жылы ауа жиналады. Сумен жылыту жүйелерінің беруші магистралдары да сонда орналасты. Ауа ол қабаттан орталық тартым шахтасы арқылы сыртқа шығады. Бұл сәулет шешімі желдетудің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп қана қоймай, үйдің санитарлық-гигиеналық жағдайын жақсартты. Үйді тез көк басып кетпейтін болды. Нөсерлеп жауған жаңбырдың суы ішке тез енбейтін. Бірақ бұл үйлер бүгінде ескіргені түсінікті. Тиісінше, жөндеу көрмесе, ол сипаттамаларынан айрылады", – деді Кирилл Лушин.

Жалпы алғанда, мұндай үйлердің шамамен 40 сериясы болған. Ең мықтыларында 2 лифт, сиымды жеке балкондар болды, дәретхана мен жуынатын бөлме екіге бөлінді, асүйі тағы кеңейтілді. Басқа да жетілдірілген шешімдері болды. Бірақ "II-18/9 (II-18-01/09 МИБ)" аталған бұл сериясы негізінен Ресейде салынды. Қазақстанда сонша көп емес. Олар 12 қабатты, қос подъезді болып келеді.

Брежневкаларда бір бөлмелі пәтердің ауданы шамамен 22–34 шаршы метр, 2 бөлмелісі – 47 ш.м., 3 бөлмелісі – 48-65 ш.м., 4 бөлмелісі – 76 шаршы метрден аспайтын. Көп бөлмелілерде міндетті түрде балкон қарастырылды.

Онымен салыстырғанда, хрущевкалар мүлдем сұрықсыз сыртқы кейпімен, шағын қабаттылығымен (негізінен 3–5 қабатты), пәтерлерінің тарлығымен ерекшеленеді.

Брежневкалардың оң жақтары:

  • Есіктермен жабылатын, оқшауланған бөлмелер пайда болды,
  • Төбесі (қабырғасы) 2,7 метрге дейін биіктетілді,
  • Лифт пен қоқысөткізгіш құбыры орнатылды,
  • Едені және төбесі әлдеқайда түзу болып келеді,
  • Асүйлері отбасының бүкіл мүшесін сидыра алады,
  • Бөлмелердің орналасуы сауатты жобаланды (қазіргі құрылыс компаниялары 65 шаршы метрге 3 бөлмені сидыра алмайды),
  • Баспалдақ алаңдары кеңейтілді,
  • Қалаларда "брежневкалар" орналасқан аудандарда инфрақұрылым барынша дамыған.

Бұл тұрғын үйлердің "минустары" да жетерлік:

  • Жуынатын бөлме екі адамның айналуына келмейтіндей тым тар,
  • Пәтерлерді қайта жобалау ("перепланировка" жасау) қиын, себебі, қабырғалардың көбісі тіреу (капиталды) қабырға болып келеді.
  • Қабырғаларының жылу оқшаулағыш қабілеттері нашар, салдарынан мұндай үйлер суық болып келеді. Соның ішінде әсіресе, бұрыштағы пәтерлер мен бөлмелердің қабырғасынан ызғар есіп, сыз тартып тұрады.
  • Панелдер арасындағы тігістер жыл сайын ашылып, ажырай түседі.

Сондай-ақ қазіргі заманғы тұрғын үй кешендерінде ұсынылатын жайлылық пен мүмкіндіктерден құралақан екенін де ескерген жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу