Әйтпесе оған дейін киім алса да, бұйым немесе ұсақ жиһаз иемденсе де дүкен аралап, қолымен ұстап, көзімен көріп алатын. Енді отандастарымыз сапасына қарамастан ірілі-ұсақ қажет заттың бәрін қытайлық интернет-дүкендерден алдыртуда. Яғни, экономиканың тұтынушылық сипаты басымдық алды. Бұның қандай теріс жақтары бар?
Алыпсатарлардың артуына септесті
Әуелі ресми деректерге көз жүгіртейік. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы қазақстандықтар онлайн-сауда жасауға 3,2 трлн теңге жұмсапты. 2020 жылмен салыстырғанда 5 есе көп. Десек те интернет-дүкендер кей адамдардың "екі қолына бір күрек" ұстатты. Мысалы, салада 300 мыңнан астам жұмыс орны пайда болып, еңбек өнімділігінің өсуі дүкендер мен нарықтық сатылымдарға қарағанда 30 пайыздан асыпты. Қазір онлайн саудада жастардың үлесі көп. Қаржылық технологиялардың дамуы, интернет арқылы есеп айырысу Қазақстандағы онлайн сауда көрсеткішін өсіре бермек.
Жоғарыда айтқанымыздай, онлайн саудада жастардың тәуекелі тым жоғары. Ұнаған киімін, көңіліне жаққан дүниесін бір пәрменмен алдырта береді. Дегенмен бұны пайдаға айналдыра алғандар жетерлік. Көрші Қытайдан қалағанын алдырып, қосымша бизнес ретінде дамытқандар қаншама?! Көрші елден зат алдырып, өзімізге ұсынушы қаракөздер "Пиндуодуо", "Тао бао" сияқты сайттармен жұмыс істейді. Сол жақтағы зауыттан шыққан өнімді алдырып, сатады. Яғни, алыпсатар-кәсіпкерлер қаптай бастады. Тауар құнына белгілі бір пайыз қосатыны анық. Әсіресе, тұрмысқа қажетті өнімдерге сұраныс көп екені байқалады.
Дегенмен тұтынушылық философия жағынан Қытайға тәуелді болу бізде ғана емес, бүкіл әлемге тән құбылыс ретінде өрбуде. Таңдау көп, баға арзан. Дегенмен қазір қытайлық маркетплейстерді шектеуге тырысып жатқан елдер баршылық. Мәселен, "Пиндуодуо" халыққа тауар сатады, бірақ сол кәсібін дөңгелетіп отырғаны үшін мемлекетке салық төлемейді.
Қазір онлайн-сауда уақыт үнемдеуге тиімді болды. Кез келген жерден жарты сағат уақыт бөліп, телефон арқылы тапсырыс бере саласыз. Сауда үйлерін аралаудың қажеті жоқ. Бұған қоса, өзіміз сияқты тұтынушылардың тауарға берген бағасын және пікірлерін оқып, өнім жайында ақпарат алуға мүмкіндік бар. Кәдімгі дүкендермен салыстырғанда 2-3 немесе одан да көп есеге арзан шығады.
Жалған "отандық өнімдер" көбейді
Елде жеңіл өнеркәсіп болсын, не тұрмыстық заттар болсын, жалпы оны шығаратын зауыт-фабрика аз десек – жалған айтқанымыз емес. Халық қажеттілігін өтейтін өндіріс болмаған соң керектің бәрін сырттан арқалауға мәжбүр. Қытай асып, қарекет қылып жүргендердің дені осы пікірді айтады. Бұрын Қытайдан тауар тасымалдаумен айналысқан кәсіпкер Нұрсәуле Адаққызының айтуынша, шығыстағы көршіміз өзге мемлекеттерге не керегін жақсы біледі.
– Мен білетіндей, Қытайдың әр қаласында зауыт, цех толып жатыр. Тіпті шағын қалашықтарда қалдық қағаздарды жинап, өңдеп, қайта шығарады. Киім, техникаға қосалқы бөлшек, қазіргі қолданыстағы телефон брендтері мен аксессуарлар шығару – олар үшін үйреншікті іс. Сапа жағынан мықты, зауыттары өте көп. Өнімін шетелге экспорттаушы екі қала бар – Гуанчжоу мен Иу (Цзиньхуа). Онда Қытайдың өзге жерінде сатылатын заттың сапасынан өте жоғары тауарлар табылады. Бағасы да арзан, – дейді ол.
Қазір кең таралған, жиі айтылатын "карголардың" жұмысы жандануда. Яғни, заттарды жеткізуші топтар. Өйткені мұнда екі немесе бес адам жұмыс істемейді, одан да көп қызметкер болуы мүмкін. Сатып алынған барлық тауарды жинап, жүк көлігіне артып, шекарадан өткізіп, елге жеткізеді. Тапсырыс берушілер әр заттың бағасынан бөлек, әр келісіне түрлі 3,5-4,2 доллар ақша төлейді. Мейлі, киім болсын, мейлі, тұрмыстық бұйым болсын, белгілі баға бар.
Экс-кәсіпкердің сөзінше, зат бағасы мен кедендік салықты қосқанның өзінде келген тауарлардың бағасы біздің ішкі нарықтағы бағадан әлдеқайда төмен. Мысалы, Қытайдан 15 мыңға сапасы тамаша люстра алдыңыз. Кеденнен өтерде әр заттың келісіне 3,5-4,2 доллар аралығында салық ұсталатынын ескерсек, салмағы 2 келілік люстраға шамамен 5 мың теңгеге жуық төлейсіз. Сонда барлық құны 20 мың теңгеге жарықшамды үйге орнатуға болады. Ал дәл сол бұйым елдегі дүкендерде кемі 35-40 мың теңгеден кем түспейді.
2019 жылдан бері қарай қазақстандықтар Қытайдан көбіне киім-кешек, тұрмыстық заттарға тапсырыс берген. Тіпті, тойшыл қазақтар құдалыққа қажеттілерді де аспан асты елінен алдыратын көрінеді. Кейінгі хит тауарлар тізімінде оңай құрастырмалы жиһаздар, балаларға арналған, құламайтын, сынбайтын мүліктер, ұялы телефондар бар.
– Қазір Қазақстанда бизнеспен айналысып, тіпті, өзінің брендтік үлгідегі заттарын сатып жүргендердің дені өзінің фабрикасы не цехында өндіріп жатыр деймісіз? Жоқ, барлығы да қытайлық заттар. Сонда тапсырыс беріп, арнайы брендтік атауды жаздырып әкеліп, саудаға шығарып жүргендер көп. Мұны отандық өнім дей аламыз ба? Екіншіден, Қытайда барлық дүние қайталама дүние десек болады. Мысалы, корей сериалдарындағы киінген әртістердің киімі көп ұзамай қытай базарында тұрады. Өйткені Кореяның сериалын қызығып, соған еліктейтін жас буын көп. Оны қытайлар беске біледі. Adidas, Zara, Dior, Apple өнімдерінің люкс сападағы үлгісін шығаруда көршіміздің бәсі жоғары, – дейді Нұрсәуле Адаққызы.
Осылайша, Қытай Қазақстан ғана емес, әлем нарығын жаулаудағы жорығын сәтті жүзеге асыруда. Көршіміздің көп елмен тауар айналымын қарасаңыз, бірінші орынды бермейді. Қазақстан үшін де солай, былтыр шығыстықтармен екіжақты тауар айналымы 9 пайызға өсіп, 43,8 млрд долларға жетті.
Ішкі өндірісі дамыған елдердің өзін арзан мүлкін ұсыну арқылы қыспаққа ала бастаған Қытай, біз секілді дамушы елдердің экономикасы тұтынушылық бағытқа ғана ойысқанын айқындап берді.