Қазақстандықтар кітапты аз оқитын болып шықты

480

Еліміз оқырмандардың сауаттылығы бойынша халықаралық рейтингтерде құлдырап жатыр. 

Қазақстандықтар кітапты аз оқитын болып шықты Фото: canva.com

PISA ЭЫДҰ білім беру сапасын халықаралық бағалау нәтижелері Қазақстанның математикадан – 423, жаратылыстану-ғылыми сауаттылықтан – 386, оқырмандық бойынша 425 балл жинағанын көрсетті. PIRLS-2021 зерттеу нәтижелері де осындай көріністе. Әсіресе, мемлекеттің келешегін қалыптастырушылар саналатын жас ұрпақ – оқушылардың деңгейі 2016 жылмен салыстырғанда 32 балға төмендеді. Бұл өз кезегінде алаңдауға тұрарлық мәселе саналып отыр.

Жалпы, оқырманның сауаттылығы жай әріп танумен шектелмейді. Мәтіннің мағынасын толық түсініп, өзінше талдап, өзге біреуге түсіндіре алса ғана сауатты деп атауға болады. Бұны "Талдау" білім беруді зерттеу және бағалау ұлттық орталығының төрағасы Мағжан Аманғазы да айтып берді.

– Оқырмандардың сауаттылығы әртүрлі құралдармен бағаланады. Әлемде бірнеше халықаралық салыстырмалы зерттеулер бар. Оларға PIRLS зерттеу немесе PISA кіреді. PIRLS 4-сынып деңгейінде бағалайды, PISA 15 жастағы балалар деңгейінде бағалайды, – дейді маман.

Қазақстанның 4-сынып оқушылары арасында PIRLS зерттеулері соңғы рет 2021 жылы аралас форматта 389 мектептің қатысуымен өткізілген.

Жалпы, зерттеуге 57 ел және әлемнің 8 жекелеген аумағы қатысыпты. PIRLS 4-сыныптың соңында оқушылардың оқырмандық сауаттылық деңгейін бағалайды, өйткені дәл осы кезеңде "оқуға үйретуден" "оқуға арналған оқуға" көшу болады.

Көршімізден артта қалдық

2021 жылдың қорытындысы бойынша, қазақстандық оқушылардың орташа нәтижесі 504 баллды құрады, бұл PIRLS шкаласының халықаралық орташа мәнінен сәл ғана жоғары (500 балл). Түркияның оқушылары да бізге жақын нәтиже көрсетіпті (496).

Көшбасшы елдердің қатарына Сингапур (587), Ирландия (577), Гонконг (573), Ресей (567), Солтүстік Ирландия (566) кірді. 19 елдің оқушылары, соның ішінде Бельгияның француз бөлігі (494), Грузия (494), Әзірбайжан (440) және Өзбекстанның (437) межесіне барып, қазақстандық оқушылардан төмен деңгейге түсіпті.

2016 жылдағыдай қазақстандық оқушылардың негізгі бөлігі күрделіліктің орташа деңгейіне жетті (39%). Оқушылардың 91 пайызы мәтінді түсінудің ең төменгі деңгейін көрсеткен. Бұл оқушылардың көпшілігі мәтіннен түрлі мәтіндік және көрнекі элементтерді тауып, түсіндіре алады дегенді білдіреді.

Бір қызығы, рейтингте солтүстіктегі көршіміз – Ресейдің оқушылары жоғары нәтижеге жете алыпты. Яғни, қайткен күнде де оларда білім сапасы әлі құлдырай қоймаған. Негізі PIRLS-2021-ға қатысушы көптеген елдерде оқырмандар сауаттылығының төмендеу үрдісі байқалады. 25 елдің нәтижесі төмендесе, 9 ел алға жылжып, 12 ел өзгеріссіз қалыпты.

Әлеуметтік желілер сауатсыздыққа соқтырады

Қазақстандық оқушылардың оқырмандық сауаттылығының төмен болуы пандемия кезіндегі қашықтан оқытумен байланысты болуы мүмкін.

Сондай-ақ, PIRLS сауалнамасының нәтижелерін талдау көп нәрсе ата-аналардың осы мәселеге көзқарасына байланысты екенін көрсетіпті. Қазақстанда ата-аналарымен оқығанды ұнататын оқушылардың үлесі небәрі 17 пайыз екен, бұл әлем бойынша орташа көрсеткіштен екі еседей аз – 31%. Ал халықаралық сарапшылардың айтуынша, оқу мен жазу арқылы сыни ойлау дамиды.

– Сыни ойлау бір аптада, тіпті, бір жылда да дамыта алмайтын дағды, оған әлдеқайда көп уақыт қажет болады. Сондықтан бұл мәселеге іргетастан бастап кезең-кезеңмен келу керек. Әуелі оқушы сыни ойлаудың не екенін түсініп, сыныптан сыныпқа ауысуына қарай дамып отырғаны жөн. Алдымен мұғалімдер сыни ойлау үлгілерін өздері жақсы көрсетуге тиіс, – деп атап өтті RCEC Халықаралық сараптама және сертификаттау зерттеу орталығының директоры Арнольд Брауер.

Оқырмандар сауаттылығының төмендеуiне әлеуметтiк желiлер де елеулi әсер етуде екен. Оқу өте күрделі бағыт, әсіресе, балалардың әртүрлі құрылғыларды жиі қолдануы осыған кедергі болуда. Өз кезегінде бұл балалардың сөйлеуі мен жазуында жаргонды жиі пайдалануына әкеледі. Көптеген еуропалық елдерде балалардың оқырмандық сауаттылығын дамыту проблемасы біздегідей өзекті болып бара жатыр.

Сайып келгенде, мектептер де, университеттер де оқытудың жаңа әдістерін енгізе бастағаны абзал. Әртүрлі сарапшылардың бағалауы бойынша, жазбаша сөйлеу мен оқуды дамыту сыни ойлауды қалыптастырудағы ең маңызды фактор. Сыни ойлау дамыған жерде балалар гаджетті ретсіз қолдана бермейді, кез келген ақпаратты қабылдарды ой елегінен өткізеді.

Әлемде ақпараттық технологиялар дамыған сайын оқу, ойлау, жазу тәжірибелері біраз өзгеріп жатыр. Айтпақшы, Қазақстан оқу мәдениетін көтереміз деп 23 сәуірді Ұлттық кітап күні деп бекіткені есте. Алайда мұндай науқандар арқылы оқушылардың сауаттылық деңгейін көтере алмайтынымыз анық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу