Қазақстандықтар қоқыс тапсырып, табыс таба алады

10307

Үкімет тұрмыстық қалдықты басқарудың депозиттік-қайтару жүйесіне көшуге ниетті. 

Қазақстандықтар қоқыс тапсырып, табыс таба алады Фото: canva.com

Сарапшылар асықпауға кеңес береді. 

Жалпы, Қазақстан қалдықтарды басқарудың жаңа жүйесіне көшудің амалдарын іздегеніне біраз болды.

Себебі, бұл мәселеге Президенттің өзі баса мән беруде. Мысалы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің 2023 жылғы 15 мамырдағы отырысы барысында өндіріс орындарының зиянды шығарындыларын азайту және қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу проблемалары жеке қаралды. Сонда Үкіметке ұлттық экологиялық стандарттарды әлемдік стандарттарға сәйкестендіру жүктелді.

Үкімет Литваның үлгісіне ден қойды

Осы орайда таяуда Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Литва елшісі Эгидиюс Навикаспен арнайы кездесті.

Кездесу барысында тараптар қалдықтарды басқару саласындағы ынтымақтастықты және Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Литва үкіметаралық комиссиясының алдағы 14-ші отырысын өткізу жайын талқылады.

Бұл ретте Литва сусындардың бөтелкелері үшін өтемақыны халыққа депозит түрінде қайтарудың (Deposite Refund System) нәтижелі технологиясын бүкіл Қазақстан бойынша енгізуді ұсынған.

Министр Е.Нысанбаев бұл жобаға қызығушылық білдірді. Негізі, оның мойындауынша, қоршаған ортаны қорғау, соның ішінде қалдықтарды басқару саласында бұл елдің озық тәжірибесі бар. Сондықтан еліміз Литвамен ынтымақтастықты дамытуға мүдделі.

"Бүгінде Қазақстанда қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзекті бағыттардың бірі – коммуналдық қалдықтарды басқару болып отыр. Біз 2030 жылға дейін елімізде, жоспар бойынша қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін 40%-ға дейін жеткізуге тиіспіз. Уақыт көп те емес. Қазақстан Париж келісімі шеңберінде, оның ішінде қалдықтар секторы бойынша шығарындыларды азайту жөніндегі міндеттемелер алды. Оны орындау үшін біз Литваның қалдықтарды басқару жүйесін жолға қоюға, атап айтқанда депозиттік-қайтару жүйесін дамыту жөніндегі тәжірибесін зерделеуге дайынбыз", – деді еліміздің бас экологы Е.Нысанбаев.

Сондықтан Үкіметаралық комиссияның алдағы жиынында қалдықтарды басқарудың литвалық депозиттік-қайтару жүйесінің тұсаукесері өткізіліп, Қазақстанға бейімделген жобасы дайындалады және қос елдің сарапшылары оны талқылайды деп күтілуде. Келіссөздер басталды.

Өз кезегінде Экология министрі Ерлан Нысанбаев пен Литва елшісі Эгидиюс Навикас литвалық сарапшылардың Қазақстанға сапарын ұйымдастыру және мүдделі тараптардың кездесулерін өткізу арқылы осы мәселе бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға уағдаласты.

Сарапшылар Литвадағы қалдықтарды басқарудың депозиттік-қайтару жүйесі Қазақстанға жарамауы мүмкін екенін ескертеді.

Алдымен, мына деректерге назар аударған жөн. Литваның ЖІӨ-сі жан басына шаққанда 24 мың доллардан асты, Қазақстанда 2023 жылы – 13,3 мың долларды ғана құрады. Елде девальвация болса, бұл көрсеткіш екі есеге дейін тағы азайып қалуы мүмкін. Алдында, 2015 жылғы ұлттық валютаның екі еседей құнсыздануы салдарынан солай болған.

Литвада орташа жалақы 2023 жылы 2 072 еуроға жетті. Бұл шамамен 2 239 долларға барабар.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда 2023 жылдың соңында орташа жалақы 350 542 теңгені құрады. Бұл шамамен 770 доллар ғана. Яғни, Литвада орташа жалақы алатын тұрғындардың өзі қазақстандықтардан 3 еседей көп табады.

Қоршаған ортаны қорғау саласында халықаралық зерттеулер жүргізіп жүрген белгілі ғалым, экономист Людмила Совиктің түсіндіруінше, Еуропада қолданылатын депозиттік-қайтару жүйесі халықтың қалтасына қосымша салмақ түсіреді. Олай болса, Қазақстанға жарамауы мүмкін.

Жалғыз Литва емес, Еуропа елдерінде, озық дамыған мемлекеттердің халықаралық тәжірибесінде тауарлардың және қаптамалардың қалдықтарын басқарудың депозиттік-қайтару жүйесі кең пайдаланылады. Бұл жүйеде нақты бір қалдық түрлерінің, соның ішінде қаптамалардың "қара тізімі" бекітіледі.

Сол тізімдегі қаптамаларға құйылған өнімдерді сатып алған клиенттер тауардың нақты құны сыртында, "депозиттік-қайтару жүйесінің кепілі" деп аталатын қосымша ақыны қоса төлейді. Сол кепіл ақысын қайтарып алу үшін адамдар қаптаманы утилизацияға кері өткізеді.

Осы арқылы бір жағынан, азаматтардың экологиялық жауапкершілігі артады. Мысалы, олар ішіндегі өнімін тұтынған соң пластик құтыны ортақ қоқыс жәшігіне лақтыра салмайды, өзі бөлек жинап, өңдеуге тапсырады. Екінші жағынан, мемлекет те өзінде жетіспейтін шикізаттың қосымша көлеміне қол жеткізеді, сөйтіп, өңдеуші және қаптама-құты өндіруші кәсіпорындарын материалдармен, шикізатпен толыққанды жүктейді.

"Бұл жүйе нені білдіреді? Шыны құтылардың, пластик, ПЭТ-бөтелкелердің, метал, мысалы, сыра банкісінің утилизациялық шығыны клиенттен өндіріп алынады. Егер осы құтыларға құйылған өнімдердің бірін сатып алсаңыз, онда соны кәдеге жаратудың шығынын да сіз көтересіз. Егер ол шығыныңызға өтемақы алып, "депозиттік-қайтару жүйесінің кепілін" кері қайтарғыңыз келсе, онда тізімге кірген құтыларды қабылдайтын пунктіне, немесе арнайы аппаратқа – фандоматқа тапсырасыз. Сонда тауарыңызға қосылған құнды кері аласыз", – деді Л.Совик.

Әділетті ме? Солай сияқты. Табиғатты ластайтын, тіпті улайтын пластик және басқа құтыларды утилизациялау орнына тапсыруды қажет деп таппасаңыз немесе қабылдау бекетін іздеп табуға, оған баруға мойныңыз жар бермесе, онда сіз үшін сол тауарлардың бағасы да жоғарылау болады. Ал егер экологиялық сауаттылық танытсаңыз, құтыны кері өткізсеңіз, кепіл қаржыңызды қайтарып аласыз.

Бірақ сарапшының айтуынша, бұл жүйе мен схема тек дамыған немесе шағын елдерде ғана нақты, тұрақты жұмыс істейді. Қазақстанның, жалпы, посткеңестік республикалардың жайы бөлек.

Өйткені ауыл-аймақ түгіл, елорданың орталығында пластик пен шыны бөтелке қабылдайтын пунктті күндіз шам алып жүріп, таппауыңыз мүмкін. Біразы жабылып тынды. Бірлі-жарым пункт қала сыртында, алыста орналасқан. Оған бір-екі бөтелкені апару – әбестік. Топтап жинап, көлікпен апарсаңыз, бензин және басқа шығынын (қала шетінде жолдар ойдым-ойдым) ақтамауы мүмкін.

Салдарынан, қайтару деген бөлігі қалыпты жұмыс істемеген соң, депозиттік-қайтару жүйесі халықтың басым бөлігі үшін ауыртпалық қана әкелері даусыз.

"Қазіргі заманда жалғыз сусындар ғана емес, көптеген азық-түлік, майонезің, балың, басқасының бәрі не пластик, немесе шыны ыдыста сатылады. Қалдықты басқару жүйесі олардың бағасының өсуіне қосымша серпін берсе, бұл қымбатшылық пен тұрмыстың тауқыметтен онсыз да титықтаған халықтың наразылығын ушықтыруы мүмкін", – деді сарапшы.

Әрине, елордада Magnum сияқты ірі гипермаркеттерде пластик бөтелкелер мен алюминий банкілерді қабылдайтын фандоматтар қойылуда. Оқушылар бос уақытында сыра банкілерін, өзге де құтыларды іздеп тауып, тапсырып, азды-кем табыс тауып та жүр.

Дегенмен, астаналықтар оның шектеулері көптігіне шағымданады.

"Фандоматтардың көбісі 2 литрден аспайтын шағын пластик бөтелкелерді ғана қабылдайды. 5 литрлік "баклажкілер" де көп жиналып қалады, оларды тапсыра алмаймыз. Бұған қоса, фандоматтар тек этикеткасы бар бөтелкелерді қабылдайды. Онысы болмаса, жыртылып қалса, тағы өткізе алмайсыз. Тағы бір шектеуі ашуыңды келтіреді: штрих-коды бүтін болуы керек екен. Егер жеміріліп қалса, оқылмаса, ол есептелмейді. Ақыр соңында, қаптаған талаптарын орындап, мысалы, құтыны тазалап, тапсырғанда, ешқандай тиын-тебен берілмейді. Арнайы қосымшаны жүктеу қажет көрінеді, соған әр бөтелке үшін 10 экобонус жазылады", – деп түсіндірді тұрғын Қанат Кәрібозұлы.

Содан біраз елордалық бұдан түңіліп, қолды бір сілтеген.

Астанада қалдықты жинап, кәдеге жаратумен "LS ecolife", "Эко kz" сияқты екі-үш компания айналысады, қаланың әр түкпірінде олардың қабылдау бекеттері орналасқан, мекенжайлары ауысып тұрады. Оның үстіне олар пластик бөтелкелердің, макулатураның және басқасының 1 келісіне небәрі 100-150 теңге ғана береді.

Ендеше ауқатты Еуропаның қалдықтарды өңдеу мен басқарудың озық жүйесін енгізу жолында Үкімет елге артық ауыртпалық түсіруден аулақ болғаны, әбден ойластырғаны абзал. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу