Қазақстандықтар қос азаматтыққа неге құштар

2342

Қазақстанда ұзақ жыл заңсыз зейнетақы алып келген және жақында содан айырылған ресейлікке төлем қайта төлене бастаған. Министрлік тосын шешімінің мәнісін түсіндірді. 

Қазақстандықтар қос азаматтыққа неге құштар

Елімізде Ресейдің азаматтығын қабылдаған, бірақ онысын жасырып, қазақстандық құжаттарын ары қарай пайдаланып жүрген адамдар көп екені құпия емес. Құзырлы органдар оларды көбіне кездейсоқ анықтайды. Салдарынан, "қазақстандық" атын жамылған ресейліктер көші-қон заңнамасын бұзып, азаматтарымызға тиесілі жұмыс орындарын жайлайды, түрлі әлеуметтік жәрдемақы алады. Тіпті ақыр соңында зейнеткерлікке шығып, зейнетақы алып жүргендер жетерлік.

Ішкі істер органдарының ресми интернет-ресурсы polisia.kz хабарлауынша, Ресей азаматшасы Қазақстанда 17 жылдан бері заңсыз зейнетақы алып келген. Оның қылмысын көші-қон қызметінің қызметкерлері кездейсоқ – ол Семейден Нұр-Сұлтанға сапарлайтын ұшаққа билет алуы кезінде әшкерелеген. Шығыс Қазақстан облысының 76 жасар тұрғыны 2001 жылы Ресей Федерациясының азаматтығын алған, бірақ Қазақстан паспортын және жеке куәлігін тапсырмаған, әрі қарай пайдалана берген. Әрине, оның қазақстандық құжаттары сол жерде тәркіленді, азаматтығынан айырылды. 

Заңсыз зейнетақы алатын ресейліктер ШҚО-да көп пе?

Қынжылтатыны сол, Қазақстанда мұндай қылмыс үшін жаза тым жұмсақ. Әшкереленген Ресей азаматтары көші-қон заңын бұзғандар ретінде әрдайым депортациялана да бермейді. Әкімшілік кодекстің 496-бабы бойынша 100 АЕК (306 300 теңге) айыппұлмен құтылады. Олардан тіпті ондаған жыл бойы заңсыз алып келген зейнетақы, жәрдемақылар да бюджетке кері өндіріле бермейді екен.

Мысалы, "Яндекс" іздеу жүйесіндегі ең көп сұраулардың бірі "Что будет, если не сдать паспорт Казахстана?" көрінеді. Жазаның жұмсақтығын біліп, көптеген экс-отандастар заңды белден басады.

Риддер қаласында "Мигрант" жедел-алдын алу іс-шарасы барысында Қазақстанда 9 жыл бойы зейнетақы алып келген ресейлік анықталды. Ол 2006 жылы Алтай өлкесінде Ресей азаматтығын рәсімдепті. Бірақ Қазақстан билігінен онысын жасырған. Ал "одақтас" өз мүддесін басты орынға қойып, мұндай деректер жайында қазақстандық тарапты уақытылы хабардар етпейді, арнайы сұрау салса ғана жауап қатады.

ШҚО-ның Шемонаиха ауданында тұратын ресейлікке де Қазақстан 6 жыл зейнетақы төлеп келген. Ол да РФ азаматтығын көршінің Алтай өлкесінде алыпты және бұл дерек туралы еліміздің ішкі істер органдарын құлақтандырмаған.

Дәл осы ауданда 4 жылдан бері зейнетақы алып жүрген тағы бір Ресей азаматшасы табылды. 63 жасар әйел 2013 жылы РФ-ның Саратов облысында құжаттарын рәсімдеп, "ресейлік" атанған. Содан қайта оралған соң "қазақстандық" мәртебесінде елімізде тұруын жалғастырып қана қоймай, ізінше зейнетақыға құжаттарын тапсырған.

Қазақстандық Алтай қаласында тұратын 76 жасар тұрғын 2004 жылы РФ азаматтығын қабылдаған, 13 жылдан бері Қазақстаннан да зейнетақы алып келеді. Оған 12 миллион теңгеден астам зейнетақы төленіпті.

Жалпы ШҚО Полиция департаментінің Көші-қон қызметі облыста қос азаматтығы барларды анықтау жұмыстары барысында тек өткен жылдың ішінде 800-ге жуық "жасырын" ресейлікті әшкереледі. Нәтижесінде, олардың ҚР азаматтығынан айырылғаны (утрата) тіркелді. Негізінен, сонымен іс біткен. Жазаға тартылғаны тым аз. Атап айтқанда, соның ішінен бар-жоғы 85 адам ғана әкімшілік жауапкершілік арқалады, 100 АЕК айыппұл төледі.

ШҚО ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ербол Бекпаевтың түсіндіруінше, жалған қазақстандықтардан заңсыз алған зейнетақыны өндіру үшін "Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясы оның әрқайсысының үстінен сотқа талап арыз беруі, оған төленген зейнетақыны бюджетке сот арқылы кері қайтарып алуы қажет.

Алайда бұл біраз уақыт алатындықтан, мемкорпорация бәрімен тегіс соттаса бермейді.

Айтқандай, кейінгі екі жылда Ресей азаматтығын жасырын алушылар легі артқан көрінеді. Көші-қон қызметі мамандарының түсіндіруінше, қазақстандықтардың қос азаматтық алуының астар-себебі бірнешеу. 

Біріншіден, пандемия заманында, карантин шектеулері кезеңінде Қазақстан-Ресей шекарасын еш кедергісіз кесіп өтуді көздейді.

Екіншіден, төтенше жағдай, қарулы қақтығыс, жаппай тәртіпсіздіктер және басқа оқиғалар кезінде шұғыл эмиграциялануға немесе көрші елден соған көмек сұрауға мүмкіндік алуды мақсат тұтады. "Біз Ресей азаматымыз, Қазақстанда қалып қойдық, тез эвакуациялаңыздар!" деген сияқты. Өкінішке қарай, Кремль көрші елдерге басып кіру үшін РФ паспортын тарататынын, кейін соны қалқан ететінін ресейлік саясаттанушылар да айтып жүр. 

Үшіншіден, қос азаматтыққа қолы, ары таза емес адамдар үйір көрінеді, олар қазақстандық құзырлы органдардың қылмыстық қудалауынан құтылу үшін өзге елдің паспортын ертерек қамдап қояды.

Төртіншіден, осы арқылы материалдық пайда табуды көздейді. Қазақстанда зейнетақы алып келген ресейліктер көрші елде де зейнеткерлер санатында болған. Балаларға қос елден жәрдемақы алғандары кездеседі.

Бесіншіден, ресейлік жоғарғы оқу орындарына түсу кезінде жеңілдікке ие болуы үшін РФ азаматтығын жасырын қабылдаған жас қазақстандықтар бар.

Жай ғана аттас па?

Құзырлы органдар "заңсыз зейнетақы алып келген" деп әшкерелеген адамдардың кейбірі айыбын мойындап, ең құрығанда кешірім сұрау орнына қарсы шабуылға көшеді екен.

"Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясының өкілдері Түркістан облысының Шардара қаласының тұрғыны Тамара С.С.-тің Ресей азаматтығын алғанын анықтап, биылғы қаңтар айының соңында оған зейнетақы төлеуді тоқтатады. Бәрі заңды, Ресей Зейнетақы қорынан ресми құжат келген. Онда аталған азаматшаның екі мемлекеттен қатар зейнетақы алып жатқанының фактісі анықталғаны жазылыпты.

Бірақ айыпталушының өзі Ресей азаматы екенін мойындамайды.

"Бұл жерде қате кетсе керек. Оны құжат жүзінде растадық. Алайда құжаттарды тапсырсақ та ештеңе өзгермеді. Сондықтан заңгер көмегіне жүгіндік. Ол Шардара ауданының әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің басшысы А. Байбосынова атына өтініш толтыруға көмектесті. Бұл да мәселенің шешуіне ықпал етпеді. Әрине, қазақстандық және ресейлік Тамара С.С.-тер толық аттас, екеуінің туған жылы да бірдей. Дегенмен бұл мүлдем басқа адамдар. Жауапты органдар істің байыбына барғанша уақыт ұзап барады. Ал Қазақстан төлейтін зейнетақы – 74 жасар зейнеткердің жалғыз күнкөріс көзі", – дейді оның мүддесін қорғап жүрген немересі Диана. 

Билік не дейді?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл мәселе бойынша түсініктеме берді. Ведомствоның хабарлауынша, Ресей тарапы 2019 жылғы 15 наурызда бекітілген Зейнетақы және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ақпараттық ынтымақтастық туралы келісім (№АД-09-31/сог/27) аясында "1948 жылғы 18 маусымда туған Татьяна С.С.-тің Ресей аумағында қарттық бойынша сақтандыру зейнетақысын алуының заңға сәйкестігіне" тексеру жүргізген.

Ол қорға өтінішті "Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясы жіберіпті. Тексеру 2021 жылғы желтоқсан айында жүзеге асырылған.

"Ресейдің Омбы облысындағы Зейнетақы қорының ресми ақпараты бойынша 1948 жылғы 18 маусымда туған Тамара С.С. 1997 жылғы 20 қазаннан бері Ресейде қарттығы бойынша сақтандыру зейнетақысын алады. Сонымен бірге ол Қазақстаннан да зейнетақы алып келген. Қазақстан және Ресей аумағында қатар зейнетақы алу фактісінің анықталуына байланысты 2022 жылғы 1 ақпаннан бастап, оған Қазақстан аумағында мемлекеттік базалық зейнетақы төлеу тоқтатылды", – деп түсіндірді министрлік.

Алайда қарсы шағым түсірілуіне байланысты төлем төлеу қайта жанданбақ.

"Қазіргі уақытта іс бойынша материалдар Омбы облысындағы РФ Зейнетақы қорына тапсырылды. Бұл зейнетақы төлеуді доғару не жалғастыру үшін құқықтық негіздерді нақты айқындауға қажет. Сонымен бір мезгілде Татьяна С.С.-ке істің мән-жайы толық анықталғанға дейін зейнетақы төлемдерін төлеуді тоқтатылған күнінен бастап қайта жандандыру туралы Түркістан облысы бойынша департаментке қолдаухат жіберілді", – деп хабарлады Еңбек министрлігі.

Осының алдында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов былтырдың өзінде Қазақстан мен Ресейден қатар зейнетақы алып келген көп адам анықталғанын айтты.

Оның мәліметінше, мұндай адамдарды әшкерелеу "Азаматтарға арналған Үкімет" мемкорпорациясы РФ зейнетақы қорымен 2019 жылғы 15 наурызда аталған келісімге келе алғаннан кейін басталған.

"2020 жылғы 28 қаңтарда осы келісімнің нормаларына сәйкес, екі ел арасында зейнетақы төлемдерін алушылардың деректерін салғастыру жұмыстары қолға алынды. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде біздегі 2,2 миллиондай зейнеткердің ішінен 2020 жылы қос мемлекеттің аумағында да зейнетақы алатын 1 198 адам анықталды. 2021 жылы зейнетақы төлемдері тағайындалған 107 мың жаңа зейнеткердің ішінде 289 адамның Ресейде де зейнетақы алатыны белгілі болды", – деді министр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу