Қазақстандықтар зейнетақы шотынан неше теңге жұмсай алады?

14770

Бұл реформа өңірлерге қандай өзгеріс әкеледі? 

Қазақстандықтар зейнетақы шотынан неше теңге жұмсай алады?

Жалпы республика бойынша  760 мыңнан астам салымшының "шектен артық" сомасы  2,5 трлн теңге екені мәлім. Іnbusiness.kz осы соманың өңірлер бойынша бөлінісі қалай болатынын Бірыңғай жинақты зенетақы қорынан сұрап көрді.  Қолымызға тиген деректер айтарлықтай қызықты болып шықты. Өйткені жаңа мүмкіндік талай салымшының өміріне өзгеріс әкелуі бек мүмкін.

Көп салымшының алатын сомасы 1,6 млн теңгеден аспайды

Сонымен, Бірыңғай жинақтық зейнетақы қорының 2020 жылғы 1 желтоқсандағы бойынша түзген деректеріне қарасақ,  761,4 мың салымшы бүгінге дейін өз шоттарында 2,5 трлн теңге жинаған. Салыстырып айтсақ, бұл сома Ұлттық қордан 2021 жылғы республикалық бюджетке бөлінген кепілдік трансфертпен шамалас (2,7 трлн теңге).

Аталған 761,4 мың адамның 37%-ы немесе 280,1 мыңы өз зейнетақы шотынан 1 млн теңгеге дейінгі сомадағы ақшаны белгіленген  тәртіп бойынша жарата алады.  "Артылған" жинағы 1-3 млн теңгенің аралығында қалыптасқан   236,4 мың адам бар көрінеді (31%).  100 мың адам 3-5 млн теңгенің аралығындағы соманы жаратуға құқылы (13%). 5-7 млн теңге аралығында "артық" ақша жинаған 51 мың адам (7%), 7-10 млн теңгеге дейінгі сомасын пайдалана алытын 40 мың адам (5%) бар. Зейнетақы шотынан 10 млн теңгеден астам ақшаны алуға мүмкіндігі бар 53,8 мың (7%) қалталы салымшы тіркеліпті. 

Әлгі 2,5 трлн теңгені зейнетақы шотындағы жинақтың бір  бөлігін пайдалана алатын 761,4 мың адамға теңдей шақсақ, 3,2 млн теңге болар еді. Бірақ салымшылардың шын өмірдегі мүмкіндігі мұндай біркелкі болмай тұр.

Алуға болатын сомасы 1,6 млн теңгеден аспайтын салымшылардың үлесі басқа санаттардан әлдеқайда көп. 761,4 мың адамның тең жартысы немесе 380,7 мыңы 1,6 млн теңгеге дейін ғана ақшасын пайдалана алады. БЖЗҚ бұл келтірілген сандардың алдын ала белгіленген шек бойынша есептелгенін айтып отыр.

Салымы салмақты өңірлер

Шекті меженің сыртындағы 2,5 трлн теңгенің иелерін мекен ететін өңірлеріне қарай бөлсек, облыстар арасында теңсіздік бар екенін көруге болады. "Артылған" жинақтың шамамен 75%-ы бес өңірде ғана шоғырланған. Алматы  қаласында – 658,4 млрд теңге, Нұр-Сұлтанда - 325,9 млрд теңге, Маңғыстау облысында 397,7 млрд теңге, Атырау облысында 257,4 млрд теңге және Қарағанды облысында 177,7 млрд теңге.

 Ондыққа БҚО (105,6 млрд теңге),  Ақтөбе (101,1 млрд теңге), ШҚО (94,6 млрд теңге), Павлодар (71,4 млрд теңге) облыстары мен Шымкент қаласы (64,3 млрд теңге) түйіндеп тұр. Елдің солтүстігіндегі үш өңір мен оңтүстігіндегі үш өңір кестенің соңын түйіндеп тұр. Қостанай облысы – 46,0 млрд теңге (1,9%), Қызылорда облысына – 42,6 млрд теңге,  Алматы облысына – 35,8 млрд теңге,  Жамбыл облысына – 28,4 млрд теңге,  Ақмола облысына – 28,4 млрд теңге, СҚО-ға – 20,1 млрд теңге, Түркістан облысына – 110,7 млн теңге тиесілі.  

Мұнайлы өңір салымшыларының мұртын балта шаппайды

Жоғарыда көрсетілген сомаларды жинақ иелерінің санына бөліп көрейік. Өңірлер кестесінде айтарлықтай өзгеріс жоқ. Зейнетке деп жинаған салымының бір бөлігін пайдалана алатындардың  62%-ы көш басындағы 5 өңірге тиесілі. Олар: Алматы қаласы (171,2 мың адам, 22,5%), Нұр-Сұлтан қаласы (94,9 мың адам, 12,5%), Қарағанды (75,6 мың адам 9,9%), Маңғыстау (69,8 мың адам, 9,2%), Атырау (60,3 мың адам,  7,9%) облыстары.

Бұлардың соңын ала ШҚО – 48,0 мың (6,3%), Ақтөбе – 42,0 мың (5,5%), Павлодар – 37,4 мың (4,9%), БҚО – 26,0 мың (3,4%), Қостанай – 25,5 мың (3,4%), Алматы – 19,8 мың (2,6%) облыстары жайғасқан.

Кестенің 12-сатысында тұрған Қызылордадағы "бақуатты" салымшылардың саны көш басындағы Алматы қаласынан 10 есе аз. Яғни, Қызылорда облысында – 17,4 мың (2,3%), Ақмола облысында  – 16,3 мың (2,2%), Жамбыл облысында – 15,5 мың (2,04%) салымшы  реформаның мүмкіндігін іске асыра алады деген сөз. Көш соңындағы СҚО-да – 11,4 мың адам (1,5%), Түркістан облысында  тіпті 132 адам ғана (0,02%) шекті межеден асырып ақша жинай алған. Шымкент қаласында бұл санатқа кірген 30,3 мың салымшы бар (3,98%).  

Өңірлердегі алуға болатын соманы шот иелеріне бөлсек, мұнайлы өңірлер алға озып шығады. Мысалы, Маңғыстау облысында бұл көрсеткіш республикалық орташа көрсеткіштен (3,2 млн теңге) екі еседей артық немесе 5,7 млн теңге.  Атырау облысы мен БҚО (4,1 млн теңге) үштікті түйіндейді.

Бұл көрсеткіш бойынша да Түркістан облысы көш соңында тұр. Өңірдегі 132 салымшының "артық" сомасын теңдей бөлсек, әр шотқа  800 мың теңгеден келетін еді. 

Есек салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында азаматтардың БЖЗҚ шотындағы жинағының бір бөлігін алуға мүмкіндік беретін заң жобасына қол қойған болатын. Ал зейнетке шыққанға дейін қол тигізбей сақталуға тиіс сома салымшылардың жасына қарай түрлі мөлшерде белгіленіп отыр. Заң бойынша осы шектен артылған сома "Отбасы банкте" ашылған шотқа аударылады, яғни, ешкім шотындағы "артық" салымды қолға ұстай алмайды. Ал "Отбасы банк" арқылы ашылған шотқа түскен "артық" салым 45 күн ішінде көрсетілген мақсат бойынша жаратылуы керек. Егер осы уақыт ішінде қозғалыссыз жатса, қайтадан БЖЗҚ шотына қайтарылады.

Саян Абаев

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу