Қазақстандықтар жаппай жалған алтын тағып жүр

46123

Нарықтағы жалған алтын бұйымдарының үлесі тоқсан пайызға жететін көрінеді.

Қазақстандықтар жаппай жалған алтын тағып жүр Фото: canva.com

Әлемде алтын бағасы рекорд орнатуда. Мысалы, осы аптада алтынның 1 троя унциясы (31,1 грамы) үшін бағасы 2 мың долларға дейін шарықтады. Былтыр 1 850 мыңнан асқаны рекорд болып еді. Қазіргі кезде 1 950 доллардың айналасында саудалануда.

Economy Forecast Agency сарапшылары бағаның әрі қарай өсетінін болжады.

Әлем елдерінің орталық банктері алтынды өте жоғарғы қарқынмен сатып алып жатыр. Мұндай қарқын, сарапшылардың пікірінше, сонау 1967 жылдан бері болмаған екен. Біраз ел долларға тәуелділіктен құтылу үшін төл ұлттық резервтерін алтын арқылы диверсификациялауда. Алтын жөніндегі дүниежүзілік кеңестің дерегінше, осы бағалы металға деген бүгінгі сұраныс соңғы 55 жылдағы кез келген жылдың көрсеткішінен асып түседі.

Бұрыннан Ресей мен Қытай тұрақты түрде ең ірі сатып алушы саналатын. Бірақ енді РФ алтынды жарияламай, жасырын сатып алуға көшкені айтылды.

Нәтижесінде, жаһандық тізімді бір тоқсан ішінде 31 тонна алтын сатып алған Түркия бастады. Бұл елдің жалпы қорының шамамен 29%-ы – алтынға тиесілі. Екінші орынға 26 тоннасын сатып алған Өзбекстан шықты. Үштікті Қатар тұйықтады.

Алтынға қазақстандықтар да үйір. Ұлттық банктің хабарлауынша, 2023 жылдың тамыз айында екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пункттері арқылы Қазақстан тұрғындары жалпы салмағы 137,2 келі тартатын 3 072 алтын құймасын сатып алды.

Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама іске қосылғалы мемлекет халыққа жалпы салмағы 4,8 тонна болатын 138 255 алтын құймасын өткізді.

"Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 грамдық. Сатып алушылар арасында ең көп сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі – 35 842 дана (26%). Одан кейін 5 грамдық алтын құйма – 31 325 дана (23%), 100 грамдық құйма – 29 381 дана (21%), 20 грамдық құйма – 25 050 дана (18%) және 50 грамдық құйма – 16 657 дана (12%). 2023 жылғы тамызда алтын құймаларды ең көп көлемде Алматы (1 527 дана, 55%), Шымкент (693 дана, 25%) және Астана (221 дана, 8%) тұрғындары мен қонақтары сатып алды", – деп мәлім етті Ұлттық банк.

Тағы бір қызықты статистика жарияланды. Бағдарлама іске қосылғалы мемлекет банктер мен айырбастау пункттері арқылы жалпы салмағы 644 келі тартатын 24 500 алтын құйманы халықтан кері сатып алған. Бұл – жалпы сатылған алтын құймалардың 18%-ы. Кері сатып алынған алтын құймалардың бәрі дерлік Ұлттық банктің филиалдары арқылы халыққа сатылады.

Алтын бұйымдар саудасын бақылау күшейтіледі

Қаржылық мониторинг агенттігін басқа мәселе алаңдатып отыр. Қазақстандықтар алтынды әшекей, зергерлік өнім түрінде де көп сатып алады. Алайда алтын бұйымдарын қолдан жасап, оған сынамасын өтірік көрсете салып, жалған таңба басатын қылмыстық топтар белсенді әрекет етеді.

Бұл жерде бір жайт күмән тудырады. Әлемде алтын атаулының бағасы қымбаттап жатыр, ал еліміздегі зергерлік дүкендер алтыннан жасалған бұйымдар бағасын үнемі түсіріп, ондаған пайыз қомақты жеңілдік ұсынып отырады. Оның бір мәнісін құзырлы орган түсіндірді. 

Заңнама талаптары бойынша ломбардтар, бағалы метал өнімдерін саудалаушы кәсіпкерлер Қаржылық мониторинг агенттігіне (ҚМА) алтын әшекей секілді қымбат өнімдердің сатылуына қатысты ақпарат (ФМ-1 формасын) ұсынып тұруға тиісті. Алайда агенттікке бұл ақпараттар тым аз түседі екен. Мамандар мұны заңнамадағы өнім бағасына қатысты шекті мәндердің жоғары болуымен түсіндіреді.

Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша "Бірыңғай ақпараттық талдау жүйесі" ақпараттық жүйесіне жалпы саны 746 314 хабарлама түскен. Соның ішінде небәрі 339-ы ғана бағалы металдармен, асыл тастармен, олардан жасалған зергерлік бұйымдармен операциялар туралы жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың хабарламасы болыпты.

Бұл статистика, агенттіктің байламынша, "қаржылық мониторинг субъектілерінің мониторинг процесіне, тиісінше жылыстатуға қарсы жүйеге (антиотмывочная система) тартылуының төмендігін білдіреді".

Осыған орай ҚМА бағалы металдар мен асыл тастарды, олардан жасалған зергерлік бұйымдарды қолма-қолсыз және қолма-қол ақшаға сатып алу-сатумен байланысты операциялардың шекті бағасын төмендетуді ұсынып отыр.

"Зергерлер лигасы кеңесінің ақпараты бойынша бұл нарық "сұр" аймақта орналасқан. Оның үстіне проблеманы заңсыз өнімнің тым көп болуы ушықтырып отыр. Нарықтағы заңсыз өнімдердің үлесі 90%-ға дейін барады. Сонымен қатар Қазақстанда жалған таңбалар басатын астыртын цехтардың жұмыс істеуі ахуалды күрделендіре түседі", – деп мәлімдеді агенттік.

Ведомство тағы бір мәселеге назар аудартты. Қазақстан аумағында алтын және құрамында алтын бар кендер көп көлемде заңсыз тәсілмен өндіріледі. Олар да ішкі нарықты сапасыз, жалған алтын бұйымдармен молықтырады.

"Бұл салада кен орындарында, сондай-ақ зауыттарда ұрлық жасаумен айналысатын қылмыстық синдикаттар әрекет етеді. Олар өндірген заңсыз өнімнің негізгі бөлігі қара нарыққа түседі", – деп түсіндірді Қаржылық мониторинг агенттігі.

Әрине, синдикаттармен күрес құзырлы органдардың өкілеттігіндегі мәселе. Өз кезегінде ҚМА зергерлік бұйымдар өткізетін сауда орындарын, әсіресе, ломбардтарды бақылауды күшейтуді ұсынды.

2021 жылғы Ұлттық тәуекелдерді бағалауға сәйкес, қолма-қолсыз және қолма-қол ақшамен есеп айырысуды есепке алғанда, зергерлік ұйымдардың бір мәмілесінің жоғарғы сомасы орта есеппен 3 миллион теңгеге дейін жетеді. 3 миллион теңгелік шекті сома бағалы металдармен де жұмыс істейтін ломбардтар үшін ғана белгіленген.

Бірақ мегаполистер болмаса, Қазақстан халқының басым бөлігі сонша бай емес. Өңірлерде мәміле сомасы 100 мың теңгеден көп аса бермейді. Тиісінше, зергерлер ҚМА-ға ақпарат жібермейді.

Дегенмен ұлттық заңнамада зергерлік ұйымдар үшін бекітілген шекті сома 5 миллион теңгені құрайды. Содан асқан сауда туралы ғана агенттікке ақпарат беруге міндетті. Оған жеткізбеу үшін дүкендер әшекей жиынтығын бөлшектеп, қымбат алқаны бөлек, сырғаларын бөлек сатуы мүмкін. Сөйтіп, есеп беруден құтылып кетеді. 

"Осыған байланысты, бағалы металдармен, асыл тастармен және олардан жасалған зергерлік бұйымдармен операцияларды жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалар үшін шекті соманы ломбардтардың шекті сомасына ұқсатып, 5 миллион теңгеден 3 миллион теңгеге дейін төмендету орынды деп санаймыз", – деп мәлімдеді Қаржылық мониторинг агенттігі.

Ал ломбардтар үшін шекті бағаны 1 000 000 теңгеге дейін түсіру қарастырылмақ.

Бұл бастама агенттік әзірлеп жатқан "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасында көрініс таппақ.

Әйтсе де, кәсіпкерлер бұл ойды құптап отырған жоқ. Мысалы, Дания Шульцтың айтуынша, шекті межені төмендетуге болмайды. Себебі, әлемде алтын бағасы үнемі өсіп барады. Теңге болса, құнсыздануда.

"Соңғы үш жыл бойы алтын құны тоқтаусыз қымбаттап жатыр. Сонымен қатар заң жобасы қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға, терроризмді қаржыландыруға қарсы бағытталған. Ал ірі қылмыстық топтар, лаңкестер өздерінің ұланғайыр табыстарын 1 миллион теңгеден жырымдап, ломбард арқылы заңдастырмайды! Талдауды дұрыс жүргізу үшін бағалы металдар сатумен, сатып алумен айналысатын кәсіпкерлерден күніне жасалатын мәмілелердің қаншасы 1 миллион теңгеден асатынын анықтап білу керек", – деді кәсіпкер.

Әрине, лас ақшаны заңдастырумен күрескен жақсы. Бірақ мысалы, шетелге жүздеген миллиард доллар капиталды шығарып әкеткен олигархтар ломбардтарды, зергерлік дүкендерді осы мақсатына пайдаланды дегенге сену қиын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу