Қазақстандықтар "планшеттер дәуірінің" парағын жабуда

11162

Сарапшылар гаджеттердің бір түрі сәннен қалып бара жатқанын айтады.

Қазақстандықтар "планшеттер дәуірінің" парағын жабуда

Теледидар ойлап табылғалы бері, көгілдір экранға қатты еліккен адамзат "көк жәшікті" қалтаға салып жүруді армандаған шығар. Мәселен, кеңес заманында "Ровесник" сериялы құйтақандай теледидарлар болатын. Құны 20-дан 100 рубльге дейін барған бұл "гаджеттің" экранының диагоналі небары 8 сантиметрді құрайтын, салмағы да небары 1,4 келі еді. Сондықтан оны кеңес адамдары біресе жұмысқа, біресе саяжайға, әйтеуір, әрі-бері тасып жүретін. Рас, көрсетілім мүмкіндіктері төмен мұндай экраннан кино не бағдарлама тамашалап, ләззат алу қиын болатын.

Адамдардың осы арманын толыққанды жүзеге асырған жабдық планшеттер болды. Мобильділік, сенсорлық интерфейс, бейнеконтентті тұтыну көлемінің артуы, ойынқұмарлық-гейминг секілді үрдістердің белең алғанын жақсы түсінген маркетингтік кемеңгер Стив Джобс нарыққа iPad-ты шығарды және осы құрылғының сол сұраныстардың барлығына жауап беретінін дәлелдеді. Осылайша, Джобс мырза адамзат тарихында болып көрмеген планшеттер нарығының негізін қалаушыға айналды. Оның тұсаукесер салтанатында сахнаға шығып, қалтасынан кішкентай әрі жұқа экранды суырып алған мезеті әлем тарихына енсе керек.   

Бұл гаджеттер Қазақстанда 2010 жылы тұтынушылық электроника нарығында дүмпу жасады. Әлем қатарлы біздің азаматтар да қолға ұстап, сөмкеге салып жүруге болатын шағын экраннан талай қызыққа батуға болатынын түсінді.

Осылайша, планшеттік компьютер ХХІ ғасырдың екінші онжылдығының технологиялық символдарының біріне айналды.   

Естеріңізде болса, сол тұста Android смартфондарының да, атақты iPhonе-ның да дисплейлері орташа алғанда небары 3,5 дюймді ғана құрайтын. Оның қасында 10-дюймдік планшет шынымен де шағын теледидарды көзге елестететін. Және ол пайдалану алдынан мүлдем жаңа мүмкіндіктер өрісін ашты. Адамдар үшін толыққанды видеоөнімдерді көріп, ойын ойнау үшін компьютерді, не теледидар мен приставканы сүйретіп жүрудің енді қажет болмай қалды. 

Бұл алғашқы үш жыл бойы бүкіл дүниежүзінде бірінші үлгідегі iPad-тар саудасының ғажайып өсімін туғызды. Жаңа нарықтың пайда болғанын ұғынған өзге өндірушілер де бұл аламанға ат қосты: ізінше Android-тағы алғашқы планшеттер нарыққа қаптап шыға бастады.

"Қазіргі заманғы смартфондар экрандарының 5,7, тіпті 6,3 дюймге дейін ұлғаюы, жиек-рамалары жоқ дизайнда жасала бастауы көптеген пайдаланушылар үшін планшеттерді пайдасыз етті. Қазіргі кезде үлкен дисплейлі смартфондар планшеттерге қарағанда ұстауға ыңғайлы, әрі қалтаға да сыйып кетеді. Оның үстіне ұялы құрылғылар планшеттерден қуаттырақ, функциялары да көбірек, сонымен бірге мобильді ойындар ойнап, бейнеөнімдер, тіпті кино көруге мүмкіндік береді. Бұл планшеттер нарығын құлдыратқан басты факторлардың бірі болып табылады", – дейді осы салаға маманданған Mobile Research Group компаниясының сарапшысы Елдар Мұртазин.

Ал Lenovo компаниясының өкілі Марат Ракаевтің пікірінше, планшеттер нарығына кері әсерін тигізген факторлардың бірі – бұл құрылғылардың ұзаққа жарауы болды.

"Планшеттер барлық мамандар жоспарлағаннан ұзақ жұмыс жасайтыны анықталды. Бұл сауда динамикасына қатты әсер етті, өйткені нарық тез толығып қалды. Қазір көптеген отбасыларда көп жыл бұрын сатып алынған, бірақ әлі күнге жұмыс жасап тұрған планшеттерді табуға болады. Егер ол жұмыс жасап тұрса, жаңасын алудың қажеті қанша?!", – дейді сарапшы.

Ал смартфон өндірушілер әлдеқайда қу болып шықты және бұл факторды ескерген. Мәселен, бір-екі жыл өткен соң, ұялы телефондардың аккумуляторы торсия ісініп, істен шыға бастайды.

Планшеттерден тұтынушылардың теріс айналуына оларға арналған бағдарламалық қамтылымның, софттың аздығы да ықпал етсе керек. iPhone және Android-смартфондарға арналып жазылған ойындар мен қосымшалар олардың экрандарында нашар көрінді. Ал әзірлеушілер болса, өз өнімдерін үлкен дисплейлерге бейімдеуге уақытын шығындағысы келмеді.  

Осының барлығы планшеттерді тар салаларға ығыстырып шығаруда. Қазір бұл өнімдердің саудасы осымен төрт жылдан бері құлдырауда. Қазақстанда планшеттерді пайдалану өрісі тарылды. Мәселен, елордада және бірқатар өңірлерде онымен жедел жәрдем қызметтері, таксистер, тасымалдаушы курьерлер, бірқатар мейрамханалар мен дәмханалар даяшылары жарақтандырылады. Білім және ғылым министрлігі мектептерде қат-қабат кітаптарды электронды нұсқаға көшіріп, мектеп планшеттерін жаппай енгізуді жоспарлаған. Бірақ бұл шығынды жоба дағдарыстың килігуіне байланысты кейінге қалдырылуда. Сонымен бірге өз балаларының көз нұрын электронды экранға телміруден құртуы қаупіне алаңдаған ата-аналар да бұл істі қолдамай отыр.

Жалпы алғанда, Gartner деректері бойынша, планшеттердің жаһандық нарығы 2014 жылғы онсыз да аз 229 миллион құрылғыдан 2017 жыл қорытындысында 163 миллионға дейін құлады.

Бұл нарық Қазақстанның білім және ғылым ведомствосының ғаламат жобасының жүзеге асуының тілеуін тілегені жөн. Олай болғанда, еліміздегі 8 мыңдай мектеп пен 2,5 миллионнан астам оқушыны қамтамасыз ету бұл гаджеттер нарығына соны серпін берер еді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу