Қазақстандықтардың зейнетақысына қатысты жағымсыз жаңалық жарияланды

104

Ұлттық банк өткен жылы да жұрттың қарттыққа жиған қаржысын инфляцияға жем қылды. 

Қазақстандықтардың зейнетақысына қатысты жағымсыз жаңалық жарияланды Фото: canva

Депозит пен зейнетақы: айырмашылықтың астары

Ресми есептегі триллиондар мен халықтың кеміп қалған қаржысы арасындағы алшақтық зейнетақы жүйесінің пәрменсіздігін тағы бір мәрте паш етті. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жеке есепшотын тексерген азаматтар шалқасынан түсе жаздауда. Зейнетақы жинағы көбею орнына қарқынды түрде кеміп барады.

Әлеужеліде күпті көңілін білдірген адамдар есебін жариялап жатыр. Кейбірі 150 мың теңгеге дейін жинағы жоғалып кеткенін айтып, дабыл қағуда. Қор болса, керісінше, "кіріс бар" деп табандайды. Қағаздағы пайда мен қалтадағы құн екі бөлек өлшемге айналды. Біріншісі құрғақ есепке сүйенсе, екіншісі ащы өмір шындығына негізделген.

Бұл аз болғандай, зейнетақы активтерінің өткен 12 айдағы кірістілігі тағы инфляция деңгейінен асып түсе алмапты. Бұл туралы монетарлық реттеушінің, яғни ҚРҰБ-тың зейнетақы активтерін басқару бойынша инвестициялық қызметінің қорытындысында көрсетілген.

Соңғы 12 айда – 2025 жылғы наурыздан 2026 жылғы ақпанға дейінгі аралықта Ұлттық банк қазақстандықтардың зейнетақы активтерін басқара отырып, шамамен 2,66 трлн теңге табыс тапқаны белгілі болды. Тиісінше, өткен кезеңдегі кірістілігі небәрі 11,3% ғана болды. Ескеретін жайт, тек ресми статистика бойынша 2026 жылғы ақпанда Қазақстандағы жылдық инфляция 11,7%-ды құрады.

Осылайша, ҚРҰБ-тың қырсыз басқаруы кесірінен халықтың зейнетақысын қымбатшылық "жеп" қойды. Егер мемлекет азаматтарға зейнетақысын БЖЗҚ-дан сыпырып алып, қарапайым депозитке салуына рұқсат бергенде, болашақ зейнеткерлер өткен 12 айда бұдан екі есеге жуық көп, 20% табыс табар еді.

Бас банкирдің өзара "қиғаш" кеңестері

Мұндай мүмкіндіктің барын макрореттеуші білмейді емес, біледі. Бірақ халыққа сенім білдірмейді, зейнетақы жинақтарын тегіс беруге қимайды. Өз қаржысына өзі ие бола алмаған халық мемлекеттік басқарудың "консервативтік" қалыбына қамалған еріксіз инвесторға айналды.

Әйтпесе, күні кеше ғана Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Мәжіліс кулуарында қазақстандықтар жиырма емес, отыз пайыз табыс табу мүмкіндігін қалт жіберіп алғанын бетіне басқан еді.

"Кейбір азамат доллар бағасы түсуде, демек қолма-қол доллар сатып алуға қолайлы деп жүгіруде. 2022 жылы бағам 550-ге көтерілгенде доллар сатып алып, оны әлі күнге ұстап отырған таныстарым бар. Доллармен ойлауды тоқтату керек! Доллар – жинақтау құралы емес. Менде шетел валютасында минималды ғана депозиттерім бар, ал, жинақтарымның негізгі бөлігі – теңгеде. Өзіңіз ойлап қараңызшы: өткен жылы теңгедегі депозиттер жылдық шамамен 20% берді. Бұл ретте теңге долларға қатысты 10%-дай нығайды. Қоса есептегенде, 30% кірістілікке тең. Тағы қандай құрал мұндай кіріс берді?", – деді Тимур Сүлейменов.

Ұлттық банк басшысы мысал келтірді: егер сіз өткен жылдың басында 10 млн теңгені 20%-бен депозитке салғаныңызда, 12 айда шамамен 2 млн теңге табыс алар едіңіз. Айтқаны орынды-ақ. Бірақ, соншалықты "ғұлама" басшы өзінің кемел кеңесін неге өзі басқарып отырған зейнетақы активтеріне қолданбады? Неге болашақ зейнеткерлерге бір жылда 30% кірістілік әкеліп, ел мейіріміне бөленбеді?

Халыққа ұсынылатын кеңес пен халық үшін қабылданатын шешімнің екі түрлі болуы – реттеуші саясатындағы түсініксіз, ескі парадокс. Өз кезегінде БЖЗҚ болса, "бұл уақытша құлдырау, ұзақ мерзімде бәрі жақсы болады" деген ескі "мантрасын" қайталаудан жалықпай тұр.

28 жыл бойы "жіберіп алған" пайда

"Зейнетақы активтерінің қысқа уақыт аралығындағы кірістілігі басқару тиімділігінің көрсеткіші бола алмайды. Бұл қысқа мерзім ішінде есептелген қаржы құралдары мен басқа операциялар бойынша сыйақы түріндегі кірістер белгілі бір кезеңдегі бағалы қағаздар мен валюта бағамдарының өзгеруін әрдайым жаба бермейтіндігіне байланысты. Сондықтан инвестициялық кірісті объективті бағалауды ұзақ мерзімде жүргізген жөн", – деп мәлімдеді қор.

Бірақ қор қартайып, буынынан әл тайып, зейнет жасқа жеткен азаматтың зейнетақылық активтері тиын-тебен болып қалмайтынына кепілдік те бермеді. Жауапкершілік жүгін болашақтың еншісіне ысыра салу – бүгінгі дәрменсіздікті бүркемелеудің ең оңай тәсілі болса керек.

БЖЗҚ өз уәжін күшейту үшін өткен ғасырдан бергі жиынтық көрсеткішті алға тартты. 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған кезден 2026 жылғы 1 наурызға дейін жинақталған инвестициялық кірістілік 1 192,3%-ды құрады. Осы 28 жылдағы инфляция 953,36% болды.

Инфляциядан 238% асыра табыс таба алғаны үшін қорға қол соғуға болар еді. Бірақ гәп бар. Біріншіден, жұрттың көбі 1998 жылдан бері жинап жатқан жоқ, демек, бұрынғы Ұлттық банк басшыларының игілігінен қағылғаны, қазіргі құлдыраудан көз аша алмай жатқаны жетерлік.

Екіншіден, сол 1998 жылдың басында 1 грамм алтын 9,45 доллар, не сол кездегі бағаммен 708 теңге тұрыпты. ҚРҰБ-тың ресми бағамы бойынша 1 грамм алтын 2026 жылғы 2 сәуірде 72 091 теңгеге жетті. Яғни, 28 жылда 101 есеге (!) өскен. Осылайша, егер БЖЗҚ 1998 жылы құрыла сала, барлық активті алтынға салғанда, болашақ зейнеткерлердің 1 миллион теңгесін бүгінде 101 миллион теңгеге айналдырып беретін еді.

Айта кету керек, ол кезде Ұлттық банктің тізгінін кезек-кезекпен Ораз Жандосов (10.01.1996–20.02.1998 жылдары), Қадыржан Дамитов (23.02.1998–13.10.1999 жылдары) және Григорий Марченко (12.10.1999–06.01.2004 жылдары) ұстаған екен. Жарайды, бұл қарапайым тәсіл ескі гвардияның ойына келмеді делік, ал, қазіргі басшылыққа не кедергі?

"ҚРҰБ-тың зейнетақы активтерін басқару жөніндегі инвестициялық қызметінің қорытындысында, валюта бағамдарының ауытқуын және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруін ескере отырып, соңғы 12 айдағы (2025 жылғы наурыздан 2026 жылғы ақпанға дейін) есептелген инвестициялық кіріс көлемі 2,66 трлн теңгені құрады. Бұл кезеңдегі кірістілік 11,39%-ға жетті", – деп хабарлады БЖЗҚ.

Ал, алтын бағасы дәл осы кезеңде 2025 жылғы 3 наурыздағы (алғашқы жұмыс күні) 45 926 теңгеден 2026 жылғы 2 ақпанда 81 562 теңгеге дейін, яғни екі есеге жуық қымбаттапты. Яғни, Сүлейменовтың командасы зейнетақы активтерін алтында ұстағанда, айтуға адам ұялатын 11,39% емес, екі еседей кіріс құятын еді.

"ҚРҰБ барынша консервативтік басқару саясатын ұстанады. Ол ұзақ мерзімді кезеңде зейнетақы активтерін сақтауға және олардың оң кірістілігін қамтамасыз етуге бағытталған", – деп ақталады БЖЗҚ. Бірақ алтыннан өткен қандай "консервативтік құрал" бар?

Айтпақшы, "бір жылда шамамен 2,66 трлн теңге инвестициялық кіріс түсті!" деген ресми көрсеткіш тамсантып, тәнті етеді. Үңіле қарағанда, жағдай көңілсіз: БЖЗҚ-да 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша жалпы саны 12 551 018 қазақстандықтың жеке зейнетақы шоты бар. Әлгі 2,66 трлн теңгені осы жинақтаушыларға бөлгенде, әрбір адамға небары 211 мың теңгеден ғана келеді.

Бұл – елдегі орташа жалақыдан да аз: Ұлттық статистика бюросының дерегінше, Қазақстанда 2025 жылғы III тоқсан қорытындысында орташа жалақы 429 368 теңгені құрады. Демек, БЗЖҚ-ның бір жыл бойы тапқандағысы елдегі бір айлық орташа жалақыдан екі есе аз!

Инвестиция құрылымы: зейнеткер ақшасын қарызға таратуда

Сарапшылар ресми деректерге сүйеніп, маңызды бір жайтқа назар аудартады: ҚРҰБ болашақ зейнеткерлердің маңдай тер, табан ақымен жинаған қаражатына мемлекеттік бюджеттің жыртығын жамап жатыр.

Үкіметке жол салу, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, өзге де қажеттіліктер үшін қаржы жетпесе, ол амалсыздан бағалы қағаздар шығарып, ішкі нарықтан қарыз тартады. Осы облигацияларды Ұлттық банк зейнетақы жинақтары есебінен сатып алады.

Салдарынан, ел жинағының жартысынан астамына Үкіметтің, ұлттық компаниялардың және отандық коммерциялық банктердің қарыздық міндеттемелері сатып алынған.

БЖЗҚ-ның өзі ұсынған ақпарат мұны растайды: оған сәйкес, 2026 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша зейнетақы активтерін инвестициялаудың негізгі бағыттары төмендегідей:

• ҚР Қаржы министрлігі шығарған мемлекеттік бағалы қағаздардың үлесі – 41,92%,

• квазимемлекеттік компаниялардың облигациялары – 9,19%,

• ҚР екінші деңгейлі банктерінің облигациялары – 2,37%,

• ҚРҰБ депозиттері – 2,93%,

• ҚР эмитенттерінің акциялары мен депозитарлық қолхаттары – 2,59%,

• шет мемлекеттердің мемлекеттік бағалы қағаздары – 2,06%,

• микроқаржы ұйымдары – 1,17%.

Зейнетақыға артылған үміттің өзі құнсызданып, қағаздағы табыс пен өмірдегі шындықтың арасы алшақтап бара жатқандай әсер қалдырады. Халық қарттық жасына жиған-тергенінің өз игілігіне емес, өзгенің қарызын өтеуге жұмсалып жатқанына қапалы.

Зейнетақы жүйесі әлеуметтік кепілдік құралынан мемлекеттік шығындарды өтейтін "әмиянға" айналған жерде қарттықтың қамы туралы айту – бос әуре. Қағаздағы табыс пен өмірдегі шындықтың арасы алшақтаған сайын, болашаққа деген үміт те сетіней бермек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу