Қазақстандықтарға ЕАЭО-ның қай елінен тұрғын үй алған тиімді

Одақтас мемлекеттер әртүрлі бағыттарға басымдық береді.   

Қазақстандықтарға ЕАЭО-ның қай елінен тұрғын үй алған тиімді

Бүгінде қазақстандықтардың жылжымайтын мүлікке деген қызығушылығы артты. Оған статистика дәлел. Мәселен, биылғы жылдың І тоқсанында тұрғын үйге деген сұраныс 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50%-ға артқан. Бұл үрдіс жаз айларында да өзгерген жоқ. Еліміздің ең ірі мегаполистері – Алматы мен Нұр-Сұлтанда шаршы метр бағасы орта есеппен 365 мың теңге шамасында. Былтыр баға 20-30 мың теңгеге төмен болған. Сонымен қатар қазіргі кезде отандастарымыз шетелден де жылжымайтын мүлік сатып алуға қызығушылық таныта бастады. Оның ішінде Түркия мен ЕАЭО елдері бар. Бұл ретте inbusiness.kz тілшісі одақтас мемлекеттердегі ипотекалық бағдарламаларды саралап көрді.

Әңгіменің әлқиссасын Қазақстаннан бастасақ...

Қазіргі кезде отандық нарықта көптеген жеке және мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары бар. Соңғы қабылданған ішінде "7-20-25",  "Нұрлы жер", "Шаңырақ", "Бақытты отбасы" жобаларын атауға болады. Алайда баршамызға белгілі осы жылдың мамыр айында қазақстандықтар арасында сұранысқа ие – "Баспана хит" пен "7-20-25"  бағдарламаларын қаржыландыру тоқтайтыны белгілі болды.  Өзге бағдарламаларға келетін болсақ, мұнда орташа мөлшерлеме 2% -дан 18% -ға дейінгі аралықта.  Несие мерзімі - 25 жылға дейін, ең төменгі жарна - 10% -дан, ең көбі - 30%.  Сонымен бірге, баспананы бағдарлама талабына байланысты бастапқы және қайталама нарықтан сатып алуға болады.

Ресейде шарттар тиімдірек

Ресей Орталық банкі мәліметтеріне сүйенсек, сәуірде тұрғын үй қарыздары бойынша орташа мөлшерлеме (рубльмен) 7,3-7,39% шамасында, шетелдік валютада - 5%-ды құрады.  Көрші елде несие - 15 жылдан 20 жылға дейінгі аралықтағы мерзімге беріледі.

Алайда Сбербанк мемлекеттік қолдауға негізделген жеңілдетілген бағдарлама ұсынады. Мұнда алғашқы төлем 15%, несие мерзімі 30 жылға дейін, қарыз сомасы 12 млн рубльге дейін (70,8 млн теңге), ал бірінші жылы мөлшерлеме – 0,1%-дан басталады.

Жалпы, барлық ұсынылған жобалар үшін ең төменгі мөлшерлеме 0,1%-дан, ең жоғарысы - 9,2%-ға дейін.

Бұған қоса Ресейде жаңа ғимараттар үшін 6,5%-дық мөлшерлемемен жеңілдетілген ипотека бар.  Әйтсе де оны қаржыландыру жуырда аяқталады. Бағдарлама талаптарына сәйкес несие сомасы баспана алатын аймаққа байланысты 6-12 млн рубль шамасында.  Алғашқы төлем - 15%-дан жоғары.

Бір ерекшелігі Ресейде ауылдық жерлерден баспана сатып алғысы келетіндерге қолайлы шарттар қарастырылған. Яғни 3%-дық мөлшерлемемен және алғашқы жарна тұрғын үй құнының 10%-ына тең.

Армения әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға басымдық береді

ЕАЭО бойынша Арменияда жеңілдетілген ипотека ел азаматының әлеуметтік жағдайына байланысты беріледі.  Мысалы, үміткер мамандарға немесе жалғызбасты аналарға арналған бағдарлама бар.  Халық арасында ең танымал бағдарлама – "Жас отбасы үшін қолжетімді баспана".  Мұнда мөлшерлеме 3,5-7,5% құрайды, несие мерзімі 10 жылдан 30 жылға дейін, несие сомасы 27,7 млн армян драмасына дейін (шамамен 32 млн теңге), ал бастапқы төлем 20-30% аралығында.  Тұрғын үйді бастапқы және қайталама нарықтан сатып алуға болады.

Ең тиімсіз шарттар Беларусь мемлекетінде

ЕАЭО елдері ішінде ипотека бойынша ең жоғары мөлшерлеме Беларусьте бекітілген. Тұрғын үй бағдарламалары шарттарының қолайсыздығына байланысты халық арасында аса сұраныска ие емес. Несие алушылардың мөлшерлемеден басқа, оны қайтару мерзіміне де көңілі толмайды - тек 20 жылға дейін. 

Атап айтқанда, ипотекалық бағдарламалардың бірі 20%-дық мөлшерлеме.  Борышты төлеу мерзімі - 20 жылға дейін.  Несие сатып алынған тұрғын үйдің қауіпсіздігін ескере отырып қана беріледі.

Кейбір банктер 5 жылдан 10 жылға дейін 17,98% мөлшерлемемен несие береді.

Қырғызстанда жеке кәсіпкерлерге арналған бағдарлама бар

Қырғызстанда мемлекеттік ипотекалық компанияға хабарласып несиеге тұрғын үй сатып ала аласыз. Коммерциялық банктерде жылдық орташа мөлшерлеме 17% құрайды, ал мемлекеттік ипотекалық компанияларда 6-10% -дан аспайды.  Бірақ бағдарламалар халықтың белгілі бір тобына ғана арналған.

Мәселен, "Жеңілдетілген ипотека" бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері: мұғалімдерге, дәрігерлерге, мемлекеттік қызметшілерге қолжетімді. "Қолжетімді" бағдарламасы – жеке тұрғын үйі жоқ аймақтар тұрғындары: жеке кәсіпкерлер, жеке компаниялар мен бюджеттік ұйым қызметкерлеріне негізделген.

Мұндай жобалар үшін бастапқы төлем кем дегенде 10-20%, несие мерзімі - 15 жылға дейін, ең жоғары қарыз сомасы - 3 млн сом (шамамен 15 млн теңге).

Құралай Құдайберген


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу