Қазақстанға қандай кәсіпорындар шығын әкелгені белгілі болды

10649

Квазимемлекеттік сектор бюджетті толтыру орнына, бір жылда 1,2 триллион ел қаржысын шығындады.

Қазақстанға қандай кәсіпорындар шығын әкелгені белгілі болды Фото: canva.com

Жоғары аудиторлық палата (ЖАП) Қазақстандағы квазимемсектордың ең шығынды компанияларының тізімін жариялады. Аудиторлар бұл деректі 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет есебіне берген қорытындысында келтірді.

Сонымен, ЖАП бағалауынша, мемлекетке қарасты небары 18 кәсіпорынның жиынтықты шығыны 2022 жылғы бүкіл квазимемсектордың жалпы шығынының 95%-ына жеткен (93,2 миллиард теңгенің 88,7 миллиарды). Яғни, мемлекеттік компаниялар шығын жөнінен рекорд орнатуда деуге болады.

2022 жылы залалды (убыточный) болған компаниялардың арасында "Астана" олимпиадалық даярлау орталығы" ерекшеленеді. Ол бір жылда елге 15,6 миллиард теңге шығын келтірген. Бұл орталық 2020 жылғы қарашада "Велосипед спортынан олимпиадалық даярлау орталығы", "Күрес түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығы", Астана қаласындағы "Олимпиадалық даярлау орталығы", "Атыс спорты түрлерінен олимпиадалық даярлау орталығы" мемлекеттік кәсіпорындарын қосу жолымен құрылды.

Кәсіпорын қызметінің мақсаты спорттың 11 түрі – тасжолдағы велосипед спорты, тректегі велосипед спорты, маунтинбайк, академиялық есу, байдаркамен каноэде есу, байдаркамен каноэде есу слаломы, оқ ату, стенд ату, садақ ату, триатлон, жеңіл атлетика бойынша спорт шеберлігін арттыру үшін спортшылардың жыл бойы орталықтандырылған даярлығын ұйымдастыру. Әзірге елорданың өрендері Париж Олимпиадасында жүлде ала қойған жоқ.

Республиканың астық нарығының операторы әрі монополист "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ұлттық компаниясы 15,9 миллиард теңге шығын келтірді. Үкімет былтыр Қазақстан атынан шетелге астық экспортын тек осы ұлттық компания ғана жүзеге асыруы керек деген бастамасын енгізбек болған. Жаһандық нарықтарға астық экспорттаушы жеке бизнес үдере көтеріліп, қарсы шыққан соң бұл идеядан уақытша бас тартты. Қазіргі кезде ұқсас жоба Ресейде ілгерілетілуде.

Қазақстан Украинада соғыс басталғалы, кейінгі екі жылда шетелге қару-жарақ пен соғыс техникасының экспортына уақытша шектеу қойды. Сол ықпал етті ме, мемлекеттің қару мен әскери техника экспортымен және импортымен айналысатын кәсіпорны "Қазарнаулыэкспорттың" шығыны 10 миллиард теңгеден асып кетті.

2024 жылы жаңасын салуды айтпағанда (ол жобалар негізінен шетелден тартылатын қарыз ақшаға жүзеге асырылады), тек қана жолдарды жөндеуге Үкімет триллион теңге ақша төкпек. Осы және басқа да қаржы тасқыны "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы арқылы өтеді. Автожолдарды басқару жөніндегі ұлттық оператор халықаралық және республикалық маңыздағы жолдарды салумен, реконструкциялаумен, жөндеумен, күтіп ұстаумен, жол бойы сервис объектілерін дамытумен айналысады. Жыл сайын ұзарып, саны артқан ақылы жолдардан ақша жинайды. Соған қарамастан, ол 2022 жылды 17,9 миллиард теңге шығынмен аяқтады.

ЖАП 2022 жылғы залалды кәсіпорындар қатарында "Оператор РОП-ӨКМ операторының" орнын басқан "Жасыл даму" АҚ-ын да атады. Оның қызметі – утилизациялық алымды жинаумен, кәдеге жаратуға жатқызылған қаптаған өнімді тасымалдаумен, өңдеумен және утилизациялаумен байланысты. Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысында "Жасыл дамудың" 9,4 миллиард теңге шығынға батқаны айтылған. Дегенмен, компанияның 2022 жылға арналған өз есебінде 9,4 млрд теңге кіріс көрсетілген екен.

ЖАП сондай-ақ 2022 жылы шығын батпағынан шыға алмаған мемлекеттік кәсіпорындар қатарында:

·      2024 жылдың басында мемлекеттің меншігіне қайтарылған "Қазақстан санаторийі" АҚ-ын (прокуратура мәліметінше, 2013 жылы санаторийдің директоры ұйымның бүкіл мүлкін кепілге қойып, табыстылығын асыра көрсетіп, 2,6 млрд теңге кредит алған)

·      Астанадағы ЭКСПО-2017 мұрасы мен осы кешенге кіретін объектілерді, сондай-ақ еншілес ұйымы арқылы Мәскеу мен Дубайдағы қазақстандық ұлттық павильондарды басқарып, пайдаланатын "QazExpoCongress" ұлттық компаниясын,

·      Ғарыштағы қазақстандық жерсеріктерін алмастыратын жаңа спутниктерді жобалауға, құрастыруға және сынауға жауапты "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясын,

·      Astana Opera опера және балет театрын,

·      "Қазмедиа орталығы" басқарушы компаниясын,

·      "Қазақфильмді",

·      "Тараз" химиялық паркін және басқасын атады.

"2022 жылды квазимемлекеттік сектордың барлық 330 субъектісінің 270-і табыспен, 60 субъектісі – шығынмен аяқтады. Залалды кәсіпорындардың басым көпшілігінің жағдайы өзгеріссіз қалуда", – делінген Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысында.

Дегенмен, бұл тізімде қазіргі кезде өзгерістер бар: жарияланған есептерге жүгінсек, 2023 жылды "Жасыл даму" АҚ-ы 28 млрд теңге табыспен аяқтаған көрінеді. "Қазарнаулыэкспорттың" былтырғы кірісі 37,8 млрд теңгені құраған. Яғни, бұлар қара тізімнен шықса керек.

"Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ұлттық компаниясы 2023 жылды да 19 миллиард теңгедей шығынмен аяқтады. "Қазмедиа орталығының" шығыны – 1,5 млрд теңге, Astana Opera театрында – шамамен 1,2 млрд теңге болды. ЖАП тізіміндегі қалған залалды квазимемкомпаниялар 2023 жылға арналған қаржылық есептерін әзірге жариялаған жоқ.

Үкімет квазимемлекеттік секторға қатысты келесі жылы реформа жасауға уәде етті.

"Жаңа Бюджеттік кодекс аясында тиімді және ашық квазимемсекторды қалыптастыру үшін тиісті жағдайлар көзделіп отыр. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражатты игеруіне мониторинг және олардың есептілігін қамтамасыз ету жөніндегі нормалар қабылданатын болады. Бұл ретте оларды таза кірісінің кемінде 70 пайызын бюджетке дивидендтер түрінде төлеуге міндеттеу мәселесін Үкімет қосымша қарайды. Квазимемсектордың барлық субъектілері үшін қолма-қол ақшаны бақылау шоттарын ашу бойынша Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымы мен халықаралық тәжірибе ескеріле отырып, қаралатын болады", – деді Қаржы министрі Мәди Тәкиев.

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов квазимемсекторға құйылып жатқан триллиондаған қаражаттың қайтарымын ел байқамай отырғанын айтады.

"Экономиканың нақты секторында негізгі жүйе құраушы инфрақұрылымдық бастамалар ұлттық компаниялар арқылы іске асырылуда. Қомақты ресурс бизнесті қолдауға жұмсалады. Бірақ нақты нәтижелерін қоғам біле бермейді. Квазимемсектор субъектілері жалпыхалықтық міндеттерді іске асыруға да қатысуда. 2023 жылдың өзінде республикалық бюджеттен олар 1,2 триллион теңгеге жуық қаржы алды. Олардың содан пайдаланбай тастаған қаражаты 2023 жыл қорытындысында алдыңғы жылғыдан 2,5 еседен астам өсті. Бұл – көптеген маңызды міндеттерді шешуге бюджетте қаражат жетпей жатқанда, өрескел жағдай! Квазимемлекеттік сектордың бюджетті жоспарлау және оны орындау кезінде қаражатты игермегені және төмен нәтижесі үшін Парламент алаңында жауап беретін уақыты келді", – деді ЖАП басшысы Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, ұлттық компаниялар мен мемкәсіпорындар бұрын жарғылық капиталын ұлғайтуға бюджеттен алған, бірақ пайдаланбаған қаражатын қайтарулары керек. Алайда ол үшін соны қайтару тетігі іске қосылуға тиіс. Ақшаны бақылау шоттарында жинақтау тәжірибесін тоқтату қажет. Ол ресурстар экономикаға пайда, қазақстандықтарға – игілік әкелмей, босқа жатыр.

Жалпы, депутаттардың байламынша, триллиондаған ақша айналатын, қоғамнан барынша жабық ұлттық компаниялар мен мемкәсіпорындарда бармақ басты, көз қысты жайттар жетерлік.

"2023 жылы квазимемлекеттік сектордағы тендерлердің жиынтық көлемі мемлекеттік сатып алу көлемінен екі есе асып, 3,8 триллион теңгені құрады. "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорында бір көзден алу тәсілімен жүзеге асырылған сатып алу көлемі 350 миллиард теңгеден өткен жылы 2,1 триллион теңгеге дейін, яғни 3,3 есеге өсті! Бұл кәсіпкерлік субъектілерінің теңдігі, адал бәсекелестік, сондай-ақ бюджетті үнемдеу қағидаттарына сәйкес келмейді", – деді мәжілісмен Нұржан Әшімбетов

Соның ішінде "ҚазМұнайГаз" бен "Қазақстан темір жолының" үлесі 34%-ды құрады.

Депутат Болатбек Нажметдинұлы осы сектордағы былықтарға мысал келтірді.

"Былтыр квазимемсектордың 129 субъектісі бір көзден сатып алу арқылы ақша алған. Мысалы, "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясы аэроғарыш түсірілімі қызметтерін көрсетуге Ауыл шаруашылығы министрлігінен еш конкурссыз, 1 миллиард 400 миллион теңгеге мемлекеттік тапсырыс алды. Іс жүзінде қызмет көрсетпеген, өйткені оның тиісті техникалық мүмкіндіктері жоқ көрінеді. Сондықтан ол аэрофототүсірілімді 100 пайыз қытайлықтардан сатып ала салған. Сөйтіп, бір көзден мемлекеттік сатып алу арқылы Қытайдан қызмет алу бойынша делдалдық қызмет қаржыландырылды", – деді Б.Нажметдинұлы.

Экономиканы жарға жығып тынбау үшін Үкіметтен квазимемлекеттік секторды тәртіпке келтіру қажет етіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу