Қазақстанға сапасыз өнімді негізінен ЕАЭО жеткізеді

9071

Шетелден жеткізілетін ГМО-сы бар өнімдердің көлемі күрт артты. 

Қазақстанға сапасыз өнімді негізінен ЕАЭО жеткізеді

Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті бүгінде қауіпті және жалған өнімдердің сөреге қойылып, саудаға шығарылмасына еш кепіл жоқ дейді.

Елімізде не көп, Қытайдың, қырғыздың не Ресейдің арзанқол, бірақ иісі қолқаны қабатын тауарларын сататын дүкендер көп. Олар "1000 мың ұзақ-түйек", "Арзан" және басқа да тартымды атауларға ие.

Ведомствоның ресми мониторинг деректері көрсеткендей, "Қазақстанның ішкі нарығы 70%-дан астамға қауіпсіз емес, сапасыз, сондай-ақ сертификатталмаған өнімге толы". Комитет техникалық реттеу саласындағы қолданыстағы мембақылау жүйесі бұл өнімдердің сатуға шығарылуын болдырмауға мүмкіндік бермейтінін мойындады.

Кеңес кезінен бері және тәуелсіздіктің алғашқы жиырма жылдығында бүлінген, шіріген, сасыған, денсаулықты құртатын тамақ пен заттың сөреге шықпауы үшін "СЭС" деген бірыңғай орган күресті. Кейін 2013 жылы жеке агенттік құрылып, азық-түлік және азық-түліктік емес деп бөлмей, техреттеу бойынша барлық бақылау функциялары соған берілді. Алайда бітпес-қоймас әкімшілік реформа кесірінен 2014 жылы агенттік жойылды. Бұл ретте аталған функциялар техреттеу саласындағы уәкілетті органға – министрліктің комитетіне қайтпай қалған. Бюрократия елімізде небір сорақылық пен сор тудыра алады. Бәлкім, осы арқылы әлдебір тұлғалар өз мүддесін ілгерілетуі де мүмкін. Алты жыл өтіп кеткенде кінәлілердің ізі де суып үлгерді.

Салдарынан, ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органы бар назарын тек тамақ өнімдеріне қатысты санитарлық нормалар мен ережелердің сақталуын бақылауға шоғырландырумен шектелді. Мысалы, әлдебір мейрамхана-дәмханада қонақтар жаппай уланып қалса, соны жабумен айналысты. Ал көршілерден сапасыз өнеркәсіптік тауарлар тоқтаусыз ағылып жатты.

"СЭС мекемелері құзыры бола тұра, барлық өнеркәсіптік өнімнің ұлттық техрегламенттерге сәйкестігіне мемлекеттік бақылау жасамаған. Тиісті бақылау болмағасын, Қазақстанға шетелден әкелінетін өнімнің қауіпсіздігі мен сапасы төмендеді. Ал елімізде өнімнің 85%-ы басқа елдерден әкелінеді. Нарықты қорғау шараларының бей-берекет күйде жүруі, жазалау шараларының босаңдығы нәтижесінде мемлекет қауіпсіз емес және контрафакт өнімдердің жолын кесуге кепілдік бермейді. Оның үстіне "импорт кезінде кедендік режимде шартты түрде шығаруға жататын тауарлар тізбесінің" кеңейтілуі өзге елдерден тауарды еш сынаусыз тасуға мүмкіндік береді", – дейді Сауда және интеграция министрлігі.

Үкімет кейінгі онжылдықта Doing Business жаһандық рейтингінде жоғарылауға тым еліктеп кетті. Бұл – биліктің мақтанышы әрі Қазақстанның дамыған елдер қатарына кіруге қаншалықты жуықтағанын білдіретін индикатор ретінде белгіленген. Ал мемлекеттік бақылау-қадағалау қызметін шектен тыс жою кесірінен сапаны арттыру мәселесі жайына қалды. Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісі екінші орынға сырғыған.

Осы олқылықты іргедегі көршілер, әсіресе, Еуразиялық одақ елдері өз пайдасына пайдаланып жатқан көрінеді. Олар қазақ елін арзандау, бірақ сапасыз әрі ұлт денсаулығына балта шабар өнімнің астында қалдырды.

Мысалы, Цемент өндірушілер қауымдастығының мәліметінше, 2018 жылы Қазақстанға 1 млн тоннаға жуық импорттық цемент әкелініпті. Осы өнімге берілген 224 сертификаттың 212-сінен бұзушылық әшкереленді. Оның ішінде 92 сертификат Иран цементіне берілсе, оның 80-і немесе 87%-ы "бармақ басты, көз қысты" жолмен алынған, жөнсіздіктері табылған. Осы нашар цементтерден елорда, Алматы және басқа да өңірлерде қанша зәулім ғимарат тұрғызылғаны беймәлім. Ертең олар жаппай күйреп жатса, шенділердің ешқайсысы жауапкершілік арқаламайды.

Денсаулық сақтау министрлігінің статистикасы көрсеткендей, 2019 жылы "өнім қауіпсіздігі мониторингі" аясында 48 мың 750 тамақ өнімінің үлгісі жасырын "бақылаулық сатып алу" тәсілімен тексеріліпті.

Сонда сөрелердегі 7 мың 597 тауар түрі техрегламенттер талаптарына сәйкес келмейтіні белгілі болды. Атап айтқанда, 16,1%-ынан қауіпті микробтар анықталыпты. 11,1%-ы – қауіпсіздік талаптарына сәйкеспейді. 6,4%-ының жапсырмасында мәлімделген қасиеттері өтірік болып шыққан. Басқа да жөнсіздіктері жетерлік.

ДСМ қазақстандық сауда орындары сатып жатқан өнімдердің қанша пайызы қауіпті және сапасыз екенін де ашып айтты. Мысалы, ет өнімдерінің – 14,6%, сүт өнімдерінің – 12,1%, кондитерлік өнімдердің – 11,2%, құс етінің – 11,5%, балық өнімдерінің – 9,6%, жеміс-көкөніс өнімдерінің – 4,6%, алкогольсіз сусындардың – 4,2%, май-тоң май өнімдерінің – 4,3%, алкоголь өнімдерінің – 2,6%, шырын өнімдерінің – 2,5%, құтыланған ауыз су және минералды судың – 1,2%, нан және ұн өнімдерінің – 1,2%, басқа да тамақ өнімдерінің – 6,7%-ы осындай.

"Негізгі бұзушылықтар ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден жеткізілетін өнімдерден табылды, үлесі – 48%. Басқа елдердің үлесі – 19%. Талаптарға сай келмейтін отандық өндірушілердің өнімдері – 33%-ды құрады. Бұзушылықтардың 59%-ы бактериологиялық көрсеткіштерге тиесілі. Яғни, сүт, ет өнімдерінде, аспаздық және кондитерлік өнімдерде ішек таяқшасы, басқа да микробтық тұқымдастар анықталды", – деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі.

Мысалы, Ресейден жеткізілген шұжық, консерві және басқа да ет өнімдерінің 18%-ынан шошқа ДНК-сы табылыпты.

Ведомство қазіргі кезде елге гендік модификацияланған организмдері бар өнімдердің әкеліну көлемі серпін алғанына назар аудартты.

"2019 жылы Қытай мен Кореяда жасалған 21 тамақ өнімі түрінде ГМО-ның үлесі 1,1-ден бастап 41%-ға дейін асып кеткені әшкереленді. Норма бойынша 0,9%-дан артпауы тиіс. Бұл өнімдердің таңбасында оның құрамында ГМО барлығы туралы мәліметтер болмаған. Осы анықталған барлық қауіпті өнім жойылды", – деді меморган.

Барлық фактілері бойынша 1042 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды, жалпы сомасы 150 млн теңгеден астам айыппұл салынды. 61 тоннадан астам қауіпті өнім сатудан алып тасталды.

Тағы қаншасы анықталмай сатылып кеткені беймәлім.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу