Қазақстанның Аралды "қайта тірілтетін" мерзімі анықталды

1420

Теңіздің қазақстандық бөлігін қалпына келтіруге ықпал ететін жаңа бөген-дамбаның құрылысы басталады. 

Қазақстанның Аралды "қайта тірілтетін" мерзімі анықталды Фото: canva.com

Бұрынғы билік пиары көп болған "Көкарал" бөгетін салуға жүздеген миллиард теңге бюджет пен халықаралық кредит қаражаттарын шығын етті. Соған қарамастан, Аралдың суы 27 миллиардтан 18 миллиард текше метрге дейін түсіп кетті.

Парламент депутаттары дабыл қағуда. Проблеманы шешудің жолдары тез арада табылмаса, қалған Аралдан айырылып қаламыз.

Қазақстан мен Өзбекстан аумағында, Аралдың шамамен 5 миллион гектардай табанында тұтас шөл дала пайда болды. Халық оны Аралқұм немесе Аралсор атайды.

Алайда осындай түйткілді мәселелердің күрмеуін тарқату үшін жеке отау құрып шыққан Су ресурстары және ирригация министрлігінің басшысы Нұржан Нұржігітов Аралдың тағдырына оптимизммен қарайды. Ол тіпті Аралды толтыру келесі 2025 жылы басталады деп отыр.

Дегенмен, теңізді молықтыратын Сырдария Қырғызстанға тәуелді: ведомствоның түсіндіруінше, Сырдың суға толуы қырғыз еліндегі Тоқтағұл су қоймасында қанша судың жиналғанына тікелей байланысты.

"Ондағы судың көлемі жақсы деңгейде болған жылдары бізге Сырдариямен 12 текше километр су жіберілуі керек. Ал судың көлемі төмен болған жағдайда ол көлем 10 текше шақырымды құрайды. Осы судың 3 текше шақырымы негізінде Арал теңізіне құйылуға тиіс. Соңғы бес жылдың ішінде Сырдария өзеніне орта есеппен жылына 17–18 текше километрдей су келіп жатыр. Әсіресе, 2023 жылдың қаңтар айынан бастап су көп жіберілді, себебі Тоқтағұл суға мелдектей толды. Жалпы алғанда, былтыр Сырдария өзенімен Қазақстанға 13,4 текше километр су келді. Соның 2 текше километрі бүгінде Солтүстік Арал теңізіне бағытталды. Соның арқасында қазіргі кезде Аралдың Қазақстанға тиесілі Солтүстік бөлігінде 20 текше километр суымыз бар", – деді Нұржан Молдиярұлы.

Су министрі ескі "Көкарал" бөгетіне де реконструкция жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Мемлекет Солтүстік Аралды сақтап қалып, оны сумен толықтыруға бағытталған шараларға 2024 жылға 1 миллиард 900 миллион теңге қаржы берді.

"Көкарал бөгетін қалпына келтіру жұмыстары биыл аяқталады. Бұдан бөлек, құрғаған теңізге тағы 7 текше шақырым суды жинау үшін бүгінгі күні министрлік пен халықаралық Аралды құтқару қоры, Дүниежүзілік банкпен бірге жұмыс жүргізуде. Дүниежүзілік банк грант есебінде 1,5 миллион доллар қаражат бөлді. Ол қаражатқа жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді: жоба бойынша екінші бөген-дамбаны соғамыз. Аралға осы қосымша 7 текше километр суды жеткізу үшін жаңа ирригациялық жүйелер салу мәселесі қарастырылды", – деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің басшысы Н.Нұржігітов.

Оның мәліметінше, қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік құрылыс сараптамасынан өтіп жатыр.

"Осы ЖСҚ мемлекеттік құрылыс сараптамасынан, экологиялық және басқа да сараптамадан табысты өтсе, содан кейін Дүниежүзілік банк жоба құрылысын да қаржыландыруға дайын. Біз осы дайындық жұмыстарын биыл бітіруіміз керек. 2025 жылдан бастап екінші кезеңге кірісуге тиіспіз. Сонда екінші кезең аяқталғаннан кейін Қазақстан Солтүстік Аралға 27 текше километр суды жинақтайтын болады", – деді министр Нұржан Нұржігітов.

Бұл жағдайда Аралдың шалқыған толқындары Арал қаласының шетіне дейін жету мүмкін.

Биылғы 2024 жылдан бастап, Қазақстан халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етеді. Ел Президенті Қ.Тоқаев құрылтайшы мемлекеттер басшыларының кеңесінде "Арал теңізі бассейнінің су ресурстарын есепке алатын, мониторинг жасайтын, басқаратын және бөлетін бірыңғай автоматтандырылған жүйе енгізу бойынша жұмыс жоспарын әзірлеуді" ұсынған болатын.

Су министрі президенттік бастаманы жүзеге асыру үшін өз ведомствосының "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясымен бірге Hydro.gov.kz ақпараттық жүйесін әзірлеп жатқанын жеткізді.

"Үш облыста оны пилоттық түрде іске қосып көрдік. Биылғы жылдың III-IV тоқсандарында оны өндірістік пайдалануына береміз деп жоспарлап отырмыз. Бұл жүйе бізге қандай мүмкіншіліктер береді дегенге келсек, Қазақстанның өзінде қанша су жиналғаны, сонымен қатар трансшекаралық өзендерден қанша су алғанымыз, елдегі әрбір су пайдаланушының суды қанша көлемде алып, шығындап жатқаны бір жерден көрсетіледі", – деді министр Нұржан Нұржігітов.

Қазақстан аталған халықаралық қордың төрағасы ретінде осы үш жылда Арал теңізін қалпына келтіру ісіне БҰҰ-ны, ШЫҰ-ны, халықаралық экологиялық ұйымдарды, еуропалық және азиялық донорларды тартуға ниетті. Демек, алда үлкен жұмыстар күтіп тұр.

Халықаралық Аралды құтқару қоры атқарушы директорының міндетін атқарушы Зәуреш Әлімбетованың айтуынша, еліміздің аталған қорға басшылық ететін жылдарында іске асырылатын басты жоба – "Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру және дамыту" деп аталатын Дүниежүзілік банктің жобасы болмақ.

Жобаның ақырғы мақсаты – Сарышығанақ шығанағын сумен толтыру. Нәтижесінде, теңіз Арал қаласына дейін жететін болады. Бірақ бұған қалай қол жеткізу керектігін – тәсілдемесін мемлекеттік құрылыс сараптамасы нақты шешеді.

Осы мақсатта Аралды құтқарудың бірнеше нұсқасы пысықталуда:

  • Біріншісі – кезінде олпы-солпы жасалып, бүгінде қирап жатқан Көкарал плотинасын нығайтып, биіктігін 48 метрге дейін көтеруді қарастырады. Сонда Арал теңізі бірте-бірте толады деген болжам бар.
  • Екіншісі – екі деңгейлі теңізді жасау. Бұл нұсқада Көкарал бөгетіне тиіспейді, солай қалдырады. Оның орнына Сарышығанақта биіктігі 52 метрге жететін, яғни 17 қабаттық тұрғын үйден де заңғар болатын жаңа бөген-плотина салады. Онда бөгенге қарай Қамыстыбас немесе басқа өзен арқылы арнайы арна қазылуға тиіс.
  • Үшіншісі – ескі Көкарал бөгетін биіктетуді көздейді, бұл жағдайда Сарышығанақ шығанағына апаратын канал салынады.

Жобаның қалған бөлігі сулы-батпақты алқаптарды қалпына келтірумен байланысты. Осы арқылы Арал теңізінің түбіндегі тұз аралас шаң-тозаңның өзге өңірлер мен континенттерге бұрқырап ұшуы азайтылады.

Бұрынғы теңіздің енді су бармайтын алаңдарында сексеуіл егу жұмыстары жалғасын табады. Президенттің тапсырмасымен, 2021-2025 жылдары жалпы алғанда 1,1 млн гектар теңіз табанында сексеуіл отырғызылады.

Бұған қоса, Аралда қайтадан балық шаруашылығын, оның бойында өсімдік, мал, құс шаруашылықтарын өркендету жобалары пысықталуда.

Сарапшылардың мәліметінше, "Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін құтқару" деп аталған бұрынғы жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыру да салмақты пайда әкелді.

Теңіз суының тұздылығы әр литрінде 32 грамнан 17 грамға дейін азайды. Камбала сияқты теңіз балықтары өсіріліп, балық шаруашылығы қайта жанданды.

50 гектар жайылым қалпына келтірілді.

Сарапшылар халықаралық Аралды құтқару қорына Қазақстан төрағалық ететін 3 жылда біраз іс тындырылып, ірі бастамалар жүзеге асырылады, соның арқасында шынында да еліміз Арал қаласының жағасын Арал теңізі толқындарының ұрып жатуына қол жеткізеді деп үміттенеді.

Зәуреш Әлімбетованың мәліметінше, бұрындары Аралда балықтың 38 түрі, жануарлардың сирек түрлері тіршілік етіпті. Ең құрығанда, олардың бір бөлігін сақтап қалу үшін "Аралда жабайы жануарларды климаттың өзгеруі салдарларына бейімдеу орталығы" құрылған. Ол шағын Аралда, 47 гектар жерде орналасқан. Онда аралдық жануарлар мен өсімдіктерді бақылау үшін арнайы кордон орнатылды.

Заманында Арал теңізі ауданы жөнінен әлемдегі ең алып 4-ші көл болды. Өткен ғасырдың 60-шы жылдарында, яғни кеңес өкіметі құртып тынғанға дейін, теңіздің суының тереңдігі 58 метрге жететін. Су айдыны 65 мың шаршы шақырымға созылып жатты. Жыл сайын Әмудария мен Сырдариядан Аралға шамамен 60 текше шақырым су құйылатын. Енді 3-7 текше метр суды бағыттаудың өзі мұң болып тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу