"Прикаспиан Петролеум Ойл" ЖШС директоры Әлібек Семғалиев мұнай саласында қалыптасқан жағдайға қарамастан, жұмысшыларын қысқартпағанын айтады. Алайда компания мемлекет алдындағы міндеттемелерін төлей алмай отырған көрінеді. Сондықтан компания мұнай-сервисі саласындағы компанияларға жеңілдіктер қарастырылғанын қалайды.
"Үкімет шағын кәсіпкерлерге көмек көрсеткенімен, бізге ешқандай жеңілдік жасалған жоқ. Сондықтан барлық мәселені тізбектеп жазып, үкіметке ұсынбақпыз. Бұл дағдарыс жақында аяқталмайды, ол енді басталды. Ал оған біз дайын емеспіз. Мұнайдың құнсыздануы салдарынан мемлекет алдындағы міндеттемелерімізді төлей алмайын деп отырмыз. Сондықтан мемлекеттен жеңілдіктер сұраймыз. Егер біздің өтінішіміз орындалмаса, компаниямызды жабуға тура келеді", – дейді Әлібек Семғалиев.
Қазақстанның мұнай-сервис компаниялар одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұлов кәсіпкерлердің талаптарын тізбектеп жазып, Мемлекет басшысына хат жазған. Онда салықтық жеңілдіктер мен несие мәселесі қозғалған.
"Біздің одаққа 180 компания мүше. Мұнда тек қазақстандық емес, отандық нарықта жұмыс істеп жүрген шетел компаниялары бар. Біз Мемлекет басшысына барлық мұнай-сервисі саласы атынан хат жазған болатынбыз. Бірінші кезекте салықтан босатуды сұрадық. Себебі вахталық жұмыста жүргендерге карантин уақытында да жалақы төленіп жатыр. Сонымен қатар "Теңіз" мұнай кен орнында қаншама адамнан коронавирустық инфекция анықталды. Онда жұмыс істеп жүрген 17 мың адам елдімекендеріне, тұрғылықты мекенжайларына қайтарылды. Бұл мұнай сервисі саласына айтарлықтай салмақ салуда", – деді одақ басшысы.
Қазақстанда мұнай-сервисі саласында 1 мыңнан астам компания жұмыс істейді. Онда 180 мыңнан астам адам еңбек етеді. Саладағы ең күрделі дағдарыстардың бірі 2015 жылы болды. Ол кезде мұнайдың баррелі 28 долларға төмендеді. Қазақстанның мұнай-сервис компаниялар одағының бас директоры арнайы шаралар қабылданбаса, жағдай 5 жыл бұрынғыдай болатынын айтады.
"Сол кезде бұрғылау операциялары екі есеге азайған. 10-15 мың адам жұмыстан босатылды, бірнеше компания банкротқа ұшырады. Қазіргі таңда мұнай бағасы екі есе төмендеуде. Ол сектордағы барлық компанияға кері әсер етуде. Кәсіпорындар вахталық жұмыста жүрген адамдарды алмастыра алмай отыр. Нәтижесінде қызметкерлерге тұрақты жалақысынан 1,5 есе жоғары айлық төлеуге мәжбүр. Егер мәселе шешілмесе 2015 жылғы жағдай қайталануы мүмкін. Компаниялар банкротқа ұшырап, жұмысшылар қысқарады. Ал пандемия аяқталған соң, сервистік компанияларды қайта құру өте қиын болады және ол қымбатқа түседі", – деген спикер "қара алтын" бағасына байланысты соңғы деректермен бөлісті.
"Американың энергетикалық агенттігі мұнайға сұраныс күніне 10 млн баррельге азайғанын хабарлады. Бұрынғы сұраныс күніне 100-110 млн баррель болған. Демек сектордың жағдайы мәсземес", – деді Нұрлан Жұмағұлов.
2 мың адамды жұмыспен қамтып отырған "Isker" ЖШС карантин уақытында 1700 қызметкерге жалақы төлеп отыр. Компанияның бас директоры Бекім Балғынбаев сервистік компанияларға жоспарланған жобаларын жүзеге асыру маңызды екенін айтады. Тек сонда ғана кәсіпорын халықты жұмыспен қамти алмақ. Ал ақылы дайындықтап өткен қызметкерлерін қысқарту ЖШС үшін тиімсіз.
"Біздің компаниямыз ТШО мердігері. Атырау өңіріндегі ірі компаниялардың бірі. Төтенше жағдай басталғалы 1700 адамды демобилизация жасап, оларға жалақы төлеп отырмыз. Бұл уақытша жағдай. ТШО "екі вахтаның да жалақы шығынын жабамыз" деді. Алда не болатынын ешкім білмейді. Күнделікті жағдайды бақылап отырамыз. Егер үкімет пен "ТеңізШевройл" келісімге келіп, жоспарланған жобаларды жалғастырса, қаншама адамның жұмыс орнын сақтап қалар едік. Бізге жұмыс жасауға Атырау облысынан басқа өңірлерден де мамандар келді. Сондықтан тағы 4-5 айға бұл жағдай жалғасса, олар өзге өңірлерге кетіп қалады. Кейін бізге жаңа келген адамдарды қайта оқытуға тура келеді. Ол қосымша шығын", – деді спикер.
Бұл мәселені "Атамекен" ҰКП Мұнай-газ операторларымен өзара іс-қимыл және мұнай сервисін дамыту жөніндегі ресми өкілі Асылбек Жәкиев жақсы біледі. Ол кәсіпкерлер мен одақтың ұсынысын министрліктерге хабарлап, арнайы келіссөздер жүргізген.
"Кәсіпкерлер палатасы күнделікті операторлармен жұмыс жасауда. Біріншіден, салықтан босату мәселесі көтерілді. 2020 жылға дейін Еңбекақы төлеу қорына төлем жасаудан босату ұсындық. Одан кейінгі мәселе несие беруді жеңілдету. Осы екі сұрақты шешуге көмек көрсетудеміз", – деді "Атамекен" ҰКП ресми өкілі.
Деректер бойынша ТШО шығындарын шамамен 20%-ға қысқартуда. Қазіргі таңда кен орнын кеңейту бойынша 400 мердігер жұмыс жасауда. Алайда алдағы уақытта олар да шығынға батуы мүмкін.
"Ұлттық экономика министрлігіне барлық ұсынысымызды жолдадық. Олар бізден нақты статистиканы сұрап отыр. Қазір жинақталып қалған мәселелер көп. Министрлік өкілдерімен кездесіп те барлығын талқыладық. Алдағы уақытта мұның барлығы шешіледі деп үміттенеміз", – деді кәсіпкерлер палатасының өкілі.
Қазақстан бойынша баламасы жоқ газ таратқыш станциялар салатын "Батыс Мұнай Газ Жабдықтары" ЖШС басшысы Берік Сүлейменов маусым айынан кейін жұмыстары тоқтайтынын мәлімдеді. Себебі компанияда тапсырыс жоқ. Келісімшарттар жасалмаған.
"Маусым айынан кейін не істерімізді білмей отырмыз. Компаниямыз жабылуы да мүмкін. Келісімшарттарымыз жоқ. Бұрынғыдай тапсырыстар түспеді", – дейді спикер.
БҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Бақдәулет Ибрайымов сервистік компаниялар жабдықтарын несиеге алғанын хабарлады. Ал оны 3 айға шегеру ірі кәсіпорындар үшін жеткіліксіз. Сондай-ақ, ЖСШ үшін кадр мәселесі де өзекті.
"Бізде "Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг" және "Жайық мұнай" сынды екі ірі кен орны бар. Ол кен орындарында сервистік компаниялар өте көп. Ең басты мәселе жұмысшыларды сақтап қалу. Вахталық жұмыс істейтіндердің көбі жалақыларын алып, үйде отыр. Ал олар қызметкерлерін өздері оқытып, жұмысқа әзірлегеннен кейін, оларды қысқарту тиімсіз. Сондай-ақ, компаниялар жабдықтарын несиеге алған. Ал оны 3 айға шегеру ЖШС-лерге жеткіліксіз", – дейді Бақдәулет Ибрайымов.
Энергетика министрлігінің департамент директоры Қайырхан Тұтқышбаев компанияларға түрлі жеңілдіктер қарастырылып жатқанын айтады.
"Мұнай-сервис компанияларымен тығыз жұмыс жасаудамыз. Мамыр айының басында компаниялар одағы Президентке хат жолдаған болатын. Ұсыныстардың 50%-ы салықтық жеңілдіктерге байланысты. Одан бөлек 24 наурыз күні министрлік тауарларды сатып алу талаптарына өзгеріс енгізді. Отандық тауарларды сатып алушы жер қойнауын пайдаланушы компаниялар конкурссыз, бір көзден сатыу алуға мүмкіндік берілді. Бұл жақсы нәтиже беруде", – деді Қайырхан Тұтқышбаев.
Құралай Құдайберген