Қазақстанның наурыздағы үлкен саяси бетбұрыстары анықталды

1707

Еліміздегі саяси жаңғырулар тарихта "Наурыз жолдау" деген атпен қалуы мүмкін.

Қазақстанның наурыздағы үлкен саяси бетбұрыстары анықталды Фото: inbusiness.kz

2022 жылдың басы қаймана қазақ қайғырған, жәудір көздерден жас сауғалаған, жаралы жандар қансырап қиналған ауыр шақ еді. Жұртшылықтың көңілін жайлаған қаяуды жойып, жанына батқан қасіретті жеңілдетер, еңсесі езілген елді серпілтер қадам қажет еді. 11 өңірді өртке ораған қаңтар оқиғаларынан соң екіге жарылған, жолын жоғалтып, абдыраған қоғамды қайтсе біріктіріп, алға бастауға болады? Жол жиегінде аударылып жатқан көліктей тұйыққа тірелген мемлекеттік аппаратты түзеп, даму даңғылына қайтару үшін не керек?

Жауап жалғыз: қапас авторитаризмнің түнегін тіліп, алтын шуақ үйіретін әділет пен еркіндік салтанат құруы шарт. Қасіретті қаңтар күндері елде қалып, қандай жағдайда да елмен бірге болуға серт берген Президент халық талабын орындауға кірісті. 2022 жылғы 16 наурызда "Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы" аталған жолдауын жариялады. Содан бері тура бір жыл өтті. Қазақстанның жаңа көшбасшысы сонда берген сөзінде тұрды ма? Уәдесін қаншалықты толымды орындады? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрсек.

№1 міндет: Саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жою

Бүкіл құзырет бір қолда жинақталып, биліктің барлық тармағы бір адамға қарап отыратын басқару жүйесі өзінің зияндылығын паш етті. Солтүстік көршіде ол тіпті шапқыншылық пен қантөгіске жол ашты. Яғни, бұл жүйе халыққа жау, демократияға жат. Сондықтан Қазақстанның саяси моделін өзгерту қажет еді.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар президенттік республикаға біржола көшетінін жария етті. Мұндай жүйе шынында билік институттарының тепе-теңдігі оңтайлы болуын қамтамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септігін тигізеді. Бұл уәде орындалды ма? Әзірге белгісіз. Себебі, ол ең алдымен пәрменді Парламентті құруды қарастырады. Оған қаншалықты қол жеткені тек 19 наурызда өтетін Парламент Мәжілісі сайлауынан кейін айқындалады.

Сарапшылар әзірге партиялар арасындағы тартыс қызықсыз, сылбыр өтіп жатқанына назар аудартады. Бірақ қызу тайталас бір мандатты округтерден сайланатын кандидаттар арасында байқалады. Бәлкім, жаңа Мәжілістегі пікірталастың көрігін солар қыздыратын болар?

Халық сайламайтын, үлкен бөлігін (әр өңірден 2 сенатордан) облыстар мен мегаполистердің мәслихаттары таңдайтын, он депутатын Президент тағайындайтын Сенат баяғы жартас, сол жартас күйінде қалғаны жасырын емес. Оған енді халық сайламайтын 5 Ассамблея депутаты қосылды. Демек, бар үміт жаңа қалыптасатын, Наурыз мерекесі өте салысымен, бірден алғашқы отырысына жиналатын жаңа Мәжілісте.

Әрине, Мәжілісті қалыптастырумен саясат сахнасында ондаған жылдар бойы үстемдік еткен монополия жойыла салмайды. Бұл біраз уақытқа созылатын үрдіс. Алда осы бағытта жаңа қадамдар күтіліп отыр.

№2 міндет: Президент билігін азайту

Мемлекеттің ұзақмерзімді мүддесін биліктің қосымша мүмкіндіктерінен жоғары бағалайтынын жариялаған Қ.Тоқаев билеуші партия төрағалығынан бас тартты. Партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне жол бермеу, саяси монополияны жою үшін Қазақстанның қазіргі және болашақтағы барлық президенттеріне өкілеттігін атқару кезеңінде кез келген партияға мүше болуына тыйым салуды ұсынды.

Бұл тапсырмалар орындалды. Осы тұрғыда Ата заңға да өзгерістер енгізілді. Бұл норма саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасауға тиіс.

Дәл сол сияқты, Орталық сайлау комиссиясының, жаңадан құрылған Жоғары аудиторлық палата мен Конституциялық соттың төрағалары және мүшелері де партиялардан шығарылды.

Барлық өкілеттікті бір қолға шоғырландырған жағдай аймақтарда да көрініс тапты. Сол себепті әкімдер мен олардың орынбасарларына да партия филиалдарында қосымша лауазым иеленуіне, мысалы, филиал төрағасы болуына тыйым салынды.

Барлық азаматтарға бірдей мүмкіндік берілетініне Мемлекет басшысы мызғымас кепіл болуға тиіс. Сондықтан Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда, ұлттық компанияларда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде енді рұқсат етілмейді. Бұл талап та заң жүзінде бекіді.

Жолдау тапсырмалары аясында Президент әкімдердің шешімінің күшін жою құзырынан айырылды. Егер өңір әкімдері әділетсіз шешім шығарып жатса, оны Бас прокуратура наразылық білдіріп, сот арқылы күшін тоқтатқызуы шарт.

Президенттің өкілеттік мерзімі 7 жылмен шектелді. Бір адам Мемлекет басшысы болып, тек 1 рет сайланады. Қайта сайлануына құқығы жоқ.

№3 міндет: мықты Парламент құру үшін оны қайта құру

Бұл уәдесі де орындалу үстінде. Мемлекет басшысы халық өзінің сенім мандатына ие болған депутаттарға көбірек сенетінін жеткізді. Тиісінше, оларға жүктелетін жауапкершілік де жоғары.

Таяуда Алматы облысындағы Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі Жасұлан Оңалбаев: "Мені халық емес, мәслихат депутаттары сайлаған" деп халыққа шекеден қарап, басы дауға шатылғаны мәлім. Сол сияқты отандық беделді сарапшылар заң шығарушы билікте соңғы сөз халық сайламайтын Сенатта болғанын қатты сынап келді. Президенттің наурыз жолдауы бұл жағдайды өзгертті. Енді заңды Сенат емес, жаңадан сайланған Мәжіліс қабылдайды. Сенаторларда Мәжіліс депутаттары қабылдаған заңдарды мақұлдау немесе мақұлдамау құқығы ғана қалады. Яғни, заң жобасын пысықтайтын орган болады. Егер Сенаттың қосқан түзетулері Мәжіліске ұнамаса, зиянды деп тапса, онда палата қайта дауыс беріп, сенаторлардың толықтыруларын қоқысқа лақтырып, заңды онсыз қабылдай алады. Бұл шынымен, іргелі өзгеріс саналады.

Президенттің жолдауы аясында Сенаттың функциясы ғана емес, оны жасақтау тәртібі де өзгерді. Президент тағайындайтын сенаторлар саны 15-тен 10 депутатқа дейін азайтылды. Оның бесеуі Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілі. Тиісінше, Ассамблеясының Мәжілістегі квотасы да, 9 депутаттар тұратын фракциясы да жойылды.

№4 міндет: Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құру

Елімізде көптеген ауқымды жобалар, бағдарламалар, ұлттық жобалар бар, оларға триллиондап қаржы құйылуда. Ылан-ойран ел қаржысының үлкен бөлігі ысырап болып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететіні құпия емес. Есеп комитеті талан-тараж бен ханталапайға белсенді қатысушылардың табанына тас қоя алмады. Президент те өз жолдауында комитеттің ісін "көңіл көншітпейді" деп бағалады.

Сондықтан Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палата құрылды. Палатаның құзыры қомақтырақ: дырау қамшысымен квазимемлекеттік секторды, ұлттық компанияларды да жатқызып, өргізе алады. ЖАП төрағасы Мәжіліс депутаттары алдында жылына екі рет есеп беруге тиіс. Осылайша, Парламент республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейте алады. Бұрын Есеп комитеті Мәжіліске тек жылына бір рет, өткен жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есеп тыңдалғанда ғана келетін.

Алайда жаңа палата тізгінін де Есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова ханым ұстады. Сондықтан әзірге ЖАП ісінде жаңашылдық, елді елең еткізген ірі істер байқала қоймады.

Әйелдер мерекесі қарсаңында, биылғы 6 наурызда Жоғары аудиторлық палата төрағасы Наталья Годунова Мемлекет басшысының қабылдауына кірді. Одан белгілі болғандай, 2022 жылы барлығы 5 триллион теңге бюджет қаржысы бойынша 124 нысанда 20 аудиторлық тексеріс жүргізіпті. Қанша бұзушылық анықталғаны жария етілмеді.

Палатаның тәй-тәй қадамдарына Президенттің қандай баға бергені де айтылмады. Тек Қ.Тоқаев Жоғары аудиторлық палатаны трансформациялауды, мемаудит жүйесін дамытуды тапсырыпты.

Жолдаудың бұл міндеті орындалды, бірақ бұл өзгерістен елге не пайда келгені әзірге беймәлім қалып тұр. Бәлкім, Годунова жаңа Мәжіліс алдында алғаш рет есеп бергенде, жай-жапсар анықталар?

№5 міндет: Конституциялық сотты құру

Қазақстанда Конституциялық сот (КС) 1992 жылы құрылған. Одан елге не қайыр болғанын айту қиын, себебі, біріншіден, өте аз жұмыс істеді, екіншіден, тоқсаныншы жылдардағы тоқырау кезінде тамақ тауып, күнелту қамына бас қатырған халықтың өз құқығын белсенді қорғауға шамасы болмады. Сонымен бірге КС тарихта жақсы емес атағымен қалды: ел Президентінің шешімдеріне қарсы шығып, ашық айқасқан демократиялық Парламентті таратуға үлес қосты. Конституциялық сот сайлау округтерінің біркелкі бөлінбегені туралы бір кандидаттың шағымын негізге алып, 1994 жылғы 7 наурызда өткен парламенттік сайлауды заңсыз, легитимді емес деп таныды. Салдарынан төрағасы Әбіш Кекілбаев болған он үшінші шақырылымдағы Жоғарғы кеңес бір жыл да жұмыс істей алмай, таратылды.

Осыдан кейін Президент Н.Назарбаев жаңа Конституцияны әзірлеп, референдумға шығарды. Оған сәйкес, жылына бірнеше рет сессияға жиналатын бір палаталы Жоғарғы кеңес орнына тұрақты түрде жұмыс істейтін екі палаталы кәсіби Парламент құрылды. Бірақ онда соңғы шешімді негізінен шенеуніктерден құралған Сенат шығарды. Мәжілістегі халық қалаулылары қанша бұлқынса да, жұлқынса да, одан аса алмады.

Бұл олқылықты Президент Қ.Тоқаевтың наурыз жолдауы түзетіп отыр. Дегенмен, былтыр құрылған Конституциялық сот белгілі бір дәрежеде Сенатқа тәуелді екені байқалады. Неге екені белгісіз, Конституциялық сот пен Жоғары сот кеңесінің төрағасы кім болатынын да енді Сенат анықтайды: кандидаттарға келісім береді.

1995 жылы Конституциялық сот таратылып, орнына Конституциялық кеңес құрылды. Бұл кеңес билік басындағы аз шоғыр тұлғаға ғана қызмет етті: оған Президент, Үкімет басшысы, Парламент палаталарының спикерлері жүгіне алатын. Ал наурыз жолдауы аясында түңлігін жаңадан түрген Конституциялық сотқа қарапайым адамдар да, Бас прокуратура мен омбудсмен де жүгіне алады.

2023 жылғы 24 ақпандағы жағдай бойынша осы КС-ке азаматтардан 1,5 мыңдай өтініш келіп түсіпті. Бірақ оның көбісінен іс бастамай, түсініктеме берумен құтылған: мыңнан аса өтінішке түсіндірме жолданды, тағы 400-дейі қарастырылып жатыр. Өтініш берушілердің көбісі – 49%-ы соттар шешімдерімен келіспейді. 23%-ы – нормативтік құқықтық актілерді конституциялық емес деп тануды сұраған. 3%-ы – ақпаратқа қол жеткізе алмағанына шағымданған. 2,5%-ы – еңбек, зейнетақы, 1,7%-ы – қылмыстық-атқару жүйесі және өзге де мәселелерге қатысты.

Конституциялық іс жүргізуге тек 9 өтініш қабылданды. Алғашқы шешімдер қабылдануда.

№6 міндет: Партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту

Жолдау арқасында партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдеді. Тіркеу шегі 4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға азайтылды. Өңірлердегі, яғни партияфеилиалдарындағы өкілдер саны 600-ден 200 адамға кемітілді. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азаяды. Сондай-ақ, құрылтай съезін өткізуге және еилиалдарды құруға берілетін уақыт көбейеді.

Нәтижесінде, биылғы Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына 2 жаңа партия қосылып отыр.

Жолдауда өзге де көптеген ізгілікті өзгерістер қамтылды. Мысалы, мемлекет алғаш рет құқық қорғау және арнайы органдардағы адамдарды азаптау проблемасына баса назар аударды. Бұрынғы билік не оған көз жұма қарайтын, немесе сол туралы айтқан сарапшыларды қудалайтын.

Жолдаудағы әкімшілік-территориялық құрылымды жетілдіру тапсырмасы орындалды. Абай, Ұлытау, Жетісу атты 3 жаңа облыс пайда болды.

"Мемлекетті жан-жақты жаңғыртуға қатысты жұмыс болашақта жалғасын табады. Осы орайда мен бірқатар тың бастамаларды ойластырып жатырмын. Оны сайлаудан кейін жария етемін", – деп мәлімдеді осы аптада Қасым-Жомарт Тоқаев.

Яғни, ең бастысы, Қазақстан жеткенге тоқмейілсімей, қоғамды дәйекті түрде демократияландыруға септігін тигізетін саяси реформаларды жалғастырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу