Қазақстанның Ресейді айналып өтетін дәлізіне Еуропа 10 миллиард доллар шығындайды

11777

Отандық кәсіпкерлер Еуропадан келетін 300 миллиард еуродай қаражатты игере алады.

Қазақстанның Ресейді айналып өтетін дәлізіне Еуропа 10 миллиард доллар шығындайды Фото: inbusiness.kz

Еуропалық Одақ "Транскаспий халықаралық көлік бағытын" өрістетуге белсенді түрде, білек сыбана кірісті. Нәтижесінде, Қазақстан орталықазиялық хабқа айналады.

Еліміз халықаралық жүк тасымалында тәуелділіктен құтылу жолында нақты қадамдар жасап, бұл істе қарқынды ілгерілей бастады. Бұл жұмысты бұрын өңір елдері өз бетінше, өз күшімен жүзеге асыруға тырысқан. Енді қуатты серіктес әрі қаржылық демеуші табылып отыр.

Еуропалық инвестициялық банк Қазақстанның Даму банкімен, сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан үкіметтерімен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойды. Елімізге қатысты құжаттың құны – 1,47 миллиард еуро. Бұл тек басы ғана.

Deutsche Welle хабарлауынша, елдер бұл арзан несиеге Еуропалық комиссия ұсынған кепілдің арқасында қол жеткізеді.

"Еуропалық қайта құру және даму банкі Қазақстанмен өзара түсіністік туралы меморандум бекітті. Оның аясында қалыптастырылатын инвестициялық портфельдің жалпы құны 1,5 миллиард еуроны құрайды. Әңгіме Орталық Азия өңірінде қолға алынып жатқан көлік қатынасын дамыту жобалары туралы болып отыр", – деп мәлім етті Deutsche Welle.

Өз кезегінде Еурокомиссияның вице-төрағасы, қаржылық тұрақтылық, қаржылық қызметтер және Капитал нарықтарының одағы бойынша еуропалық комиссар Валдис Домбровскис Брюссельде өткен инвестициялық форумда "Транскаспий халықаралық көлік бағытына" (ТХКБ) Еуроодақтың 10 миллиард еуро қаражат құюға міндеттеме алғанын жариялады. Өйткені бұл маршрут Еуропа мен Орталық Азияны тікелей қосады.

Тиісінше, бұл іскерлік құрылтайда Еуропа, Қазақстан, Түркия, Кавказ және Орталық Азия мемлекеттерінің үкіметтерінің биік мәртебелі өкілдері, қаржылық институттары, бизнес ортасы мен азаматтық қоғам өкілдері құрлықаралық мегажобаның жай-жапсарын жеке қарап, ақыл қосты.

Форумда ТХКБ жобаларының мән-жайы, қаржыландыру, құрылыс салу және басқа да егжей-тегжейлері талқыға салынды.    

Еурокомиссар Валдис Домбровскистің айтуынша, Транскаспий маршруті мультимодальды арна ретінде дамытылуда, сондықтан мол инвестиция қажет етіледі.

"Ондай қаржы табылады. Еуропалық және халықаралық қаржы институттары, халықаралық серіктестер Еуропаны Орталық Азиямен тура байланыстырып жатқан бұл көлік дәлізіне 10 миллиард еуро инвестиция бөледі. Соның қатарында Еуропалық комиссия мен Еуропалық инвестициялық банк Орталық Азиядағы орнықты көлік қатынасын өркендетуге 1,5 миллиард еуро көлемінде қаражат бағыттауға жаңа міндеттеме алды", – деді Еурокомиссияның вице-төрағасы Домбровскис.

Осының алдында Қазақстанның Көлік министрлігі де Еуропалық инвестициялық банкімен келісімге келді. Оның аясында Еуропа еліміздің көлік саласын дамытуға 500 миллион еуро (шамамен 250 миллиард теңге) құяды.

Брюссельде тиісті меморандумға қол қою рәсімінен соң көлік министрі Марат Қарабаев пен ЕИБ вице-президенті Тереза Червинская Ортатық Азия мен Еуропа арасындағы көлік қатынасын өрістетудің басты қырлары, түйткілді мәселелері туралы келіссөз жүргізді. Оның қорытындысында еуропалықтар Қазақстанның автомобиль жолдарының сапасын арттырып, өткізу қабілетін ұлғайтуға жәрдемдесетін болды.

Еурокомиссия таратқан мәлімдемеде Транскаспий халықаралық көлік бағыты "мультимодальды, заманауи, орнықты, болжамды, ақылды және жоғары жылдамдықты маршрутке" айналдырылатыны баса айтылған. Яғни, оның бойында көлік қозғалысы мен жүк тасымалы саласындағы қазіргі заманғы озық технологиялар ендірілуге тиіс.

Осының арқасында Орталық Азия мен Еуропа арасында жүк 15 күн және одан жедел жететін болады. Бұған қол жеткізу үшін Еуроодақ "Жаһандық қақпа" (Global Gateway) инвестициялық стратегиялық бағдарламасын жүзеге асыруда.

Транскаспий халықаралық көлік бағыты Қытайдан бастау алып, Қазақстанның территориясын басып өтіп, Каспий теңізіне жетеді. Одан әрі теңіз арқылы Әзербайжанға, Грузияға, Түркияға және Қара теңіз айдынымен Еуропаға жол тартады.

ТХКБ қазірден мультимодальды маршрут саналады, онда көліктің екі түрі – теміржол және теңіз көліктері жұмылдырылған.  

Бағыт сонау 2017 жылы іске қосылды. Сонда Қытай – Қазақстан (Каспийдегі Құрық, Ақтау порттары) – Әзербайжан (Баку, Алят порттары) – Грузия (Батуми, Поти) маршруті жолға қойылды. Бұдан бөлек, оған Баку (Әзербайжан) – Тбилиси (Грузия) – Карс (Түркия) жаңа теміржол желісі қосылды.

Алайда Қазақстан тарапы бертінге дейін оған жете мән бермеді. Себебі, еліміздің шетелге экспорты да, сондай-ақ Қытайдың Еуропаға транзиті де негізінен "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" халықаралық дәлізімен Ресей арқылы жүзеге асырылатын. Әбден күйіне келтірілген бұл бағыт мәңгілік қызмет ететіндей көрінген. Демек, оған балама жолдар маңызды болмады.

2022 жылғы ақпанда басталған Ресей мен Украина арасындағы соғыс пен қатайтылған батыстық санкциялар бәрін өзгертті. Содан бері ТХКБ – Қытайдың да, Қазақстанның да басты баламалы маршрутіне айналды. Себебі, ҚХР-дың Еуропаға аттандыратын тауарларының шамамен 85%-ы Қазақстан арқылы тасымалданады. Осы жүк тасқыны тосылмауы үшін ол ТХКБ-ға қарай қайта бағдарланды.

Нәтижесінде, 2022 жылы Ресейге соқпайтын ТХКБ арқылы жөнелтілген жүк ағынының көлемі бірден 2,5 есеге өсіп, 1,48 миллион тоннаны құрады. Соның ішінде қазақстандық жүктердің экспорты 2021 жылмен салыстырғанда 6,5 есе ұлғайып, 891 мың тоннаға жетті.

2023 жыл қорытындысында ТХКБ арқылы 2,8 миллион тонна жүк тасымалданды. Сөйтіп, 2022 жылғыдан бірден 1,9 есе артты. Бұл да рекорд саналады. Мұндай қарқын танытқан өзге халықаралық бағыттарды табу қиын.

Ал 2024 жыл қорытындысында аталған маршрутпен 4 миллион тонна жүк тасу жоспарланып отыр. Әйтсе де, баламалы бағыттың бүкіл болашағы алда, оның іске жаратылмай жатқан әлеуеті мол. Бұл бағыттың жалпы ұзындығы – 11 мың шақырым. Қазіргі кезде жылына 6 миллион тоннаға дейін жүк өткізе алады.

Оның үстіне Еуропаның көмегімен оның өткізу қабілеті әрі қарай арттырылуда. Таяу жылдары 10 миллион тонна межесіне шығу жоспарланған.

Бір ғажабы, Еуропаның Қазақстан мен Орталық Азияда мықтап орнығуға бекінгені байқалады. Ол аталған елдердің жүк өткізу қабілетін кемеліне келтіріп, көлік жүйелерін еуропалық жүйеге кіріктіру, соның деңгейіне көтеру үшін 2027 жылға дейін жалпы ауқымы 300 миллиард еуроға жуық инвестиция бағыттауды міндет етіп белгіледі.

Бұл – отандық бизнес алдынан үлкен өріс ашып, табыс табудың мол мүмкіндігін ұсынуға тиіс. Себебі, елімізде теңіз порттары, астық және басқа жүк қабылдайтын терминалдар, логистикалық кешендер, теміржолдар мен автокөлік жолдары және басқасы салынады деп күтілуде. Қазақстандық кәсіпорындар мен кәсіпкерлер сол жобаларды материалдармен, жұмыс күшімен қамтып, түрлі қызмет пен сервис көрсетіп, миллиардтаған еуро тасқынын игере алады.

"Қазақстан бүгінде қуатты логистикалық әлеуетін паш етіп отыр. Яғни, геосаяси ахуал күрт өзгерсе де, Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы басты буын қызметін атқаруын жалғастырды. ТХКБ перспективада Азия мен Еуропалық Одақ елдерін байланыстыратын басты компонентке айналуы мүмкін. Бірақ бұл транзиттік дәлізге деген сұраныс қарқынды өскен сайын маршруттің осал жерлері, талмау тұстары әшкереленуде. Оған инфрақұрылымдық шектеулер, ұзаққа созылатын кедендік рәсімдер, өткізу қабілетінің төмендігі, сондай-ақ түрлі кезеңдерде туындайтын өзге де кедергілер жатары", – деді KPMG Caucasus and Central Asia Стратегиялық және операциялық консультациялау тобы директорының орынбасары Евгений Косачев.

Сарапшының мәліметінше, ТХКБ әзірге құрлықпен, теміржолмен және Ресей жерімен өтетін "Еуразиялық бағытқа" жол береді екен. Ол бойынша транзит құны 30%-дай арзан.

Мысалы, ТХКБ маршруті бойынша: "Алтынкөл – Ақтау – Говсан – Беюк-Кясик – Гардабани – Батуми – Констанца" бағытында 1 контейнерді (қырық футты эквивалент) тасымалдау тарифі 3 797 доллар тұрады.

Ал еуразиялық маршрутта "Достық/Алтынкөл – Брест / Брузги / Свислочь / Калининград" бағытындағы тариф 2023 жылы 2 943 долларға түскен. Дегенмен, Ресей арқылы тасымалдың, сақтандырудың, фрахттың және басқасының шығыны одан әрі артуда. Қылмыстық ахуалы ушыққан және қарсыласы тарапынан теміржолдар мен терминалдарға әуе шабуылы қаупі өршіген Ресейде қауіпсіздік мәселесі де алаңдаушылық тудырады. Әрі Еуропа да Ресей арқылы теміржолмен тасымалға жаңа, қатаң санкциялар енгізбесіне еш кепіл жоқ.

Бұл тәуекелдердің бәрі оның барлық бәсекелестік артықшылықтарын жоққа шығарады.

Еуразиялық құрлық маршрутінің басты басымдығы – тез жеткізетіні ғана. Онымен Қытай – Еуропа бағытында жүк жеткізудің транзиттік мерзімі 5-7 күнді құрайды.

ТХКБ бағытында осы мерзім ішінде шың елінен шыққан жүк тек Әзербайжанға әзер жетіп үлгереді. Сол себепті, Қазақстан мен Еуропа бірлесе шешіп жатқан басты бір міндет – жеткізілім уақытын барынша азайта түсу болып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу