Қазақстанның тағы бір көршісінде төңкеріс болғалы жатыр ма?

3086

Иран беспилотниктері Украина армиясына салмақты шығын келтіруде.

Қазақстанның тағы бір көршісінде төңкеріс болғалы жатыр ма?

Қазақстанның Каспий бойынша көршісі – Иран Ресей жағына шығып, соғысқа тартыла бастағанға ұқсайды. Биылғы шілдеде inbusiness.kz егер Иран 2011 жылы өздері атып түсірген америкалық аса құпия RQ-170 Sentinel пилотсыз ұшатын аппарат (ПҰА) негізінде әзірлеген соғыс дрондарын Ресейге берсе, Украинаға аса қиынға соғатынын жазған. Бүгінде Мәскеу Ираннан жеткізілген ПҰА-ларды қолданып жатыр.

Мысалы, 23 қыркүйекте соғыстан алшақтады деп саналып келген Одессаға Shahed-136 дрон-камикадзелері шабуылдаған деседі. Украина әуе қорғанысы (ПВО) оның тек біреуін ғана теңіз үстінде құлата алды. Қалған екі дрон порт аймағындағы әкімшілік ғимаратты күйретті. Ресей қорғаныс министрлігі әскери штаб жойылды деп отыр. Ал Украина жағы бір бейбіт тұрғын қаза тапқанын хабарлады. Бұдан бөлек, қала мэрі Геннадий Трухановтың хабарлауынша, сол ирандық дрондардың шабуылдары кесірінен 4 тұрғын үй бұзылған. Соңынан украиналық әскерилердің тағы бір дрон-камикадзені атып түсіргені белгілі болды. 

Украина Қарулы күштерінің дерегінше, агрессор Shahed-136 беспилотниктерімен майданның оңтүстік және шығыс бағыттарында шабуылдап жатыр. ЗСУ Ресейдің ирандық ПҰА-ларды қолдана бастағанын алғаш рет 16 қыркүйекте растады. Украиналық әскерилер оны атып түсіру өте күрделі екенін мойындады. Себебі жою үшін қосымша жүйелер, әуе шабуылынан қорғаныс бөлімшелерінің күндіз-түні мұқият қадағалауы талап етіледі. Өзге баламаларынан айырмашылығы, ирандық дрондар салыстырмалы түрде шуылсыз ұшады. Олар 2 мың шақырымға дейін еркін ұша алатын көрінеді. 37 келіге дейін жарылғыш зат тасиды. Әрі олардың саны барған сайын көбеюде. Мысалы, 22 қыркүйекте жаудан азат етілген Николаев облысын Shahed-136-ның бірден төртеуі шабуылдапты. ЗСУ оларды жоя алған. 

Ресей ирандық беспилотниктерді қолданатынын растамады және оған қатысты деректерді фейк деп атады. 

The New York Times ЗСУ офицерлеріне сілтеме жасап, бұл дрондарды "үрей туғызатын тиімді қару" деп бағалады. Украина Қарулы күштерінің полковнигі, Харковь бағытында артиллериялық операцияларды басқаратын Родион Кулагин америкалық басылымға әңгімесінде ирандық беспилотниктің АҚШ жеткізген M777 гаубицасын жойып жібергенін хабарлаған. Оның айтуынша, дрондар гаубицаларды, бронды техникаларды күйретуде. Қаза тапқан, жараланған жауынгерлер бар. Ресей жағы Shahed-136 дельта пішінді қанаттарын ресейлік тудың түстеріне бояп, оған Герань-2 деген атау берді.

Бұдан бұрын Ақ үйдің ресми өкілі Карин Жан-Пьер Иранның Ресейге пилотсыз ұшатын аппараттардың бірінші партиясын жөнелткеніне сенімді екендерін мәлімдеді. Осыдан кейін АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасы (OFAC) Ресейге ПҰА жеткізгені үшін Иранға қарсы санкцияларды кеңейтті. 

Дегенмен қазіргі кезде алапат санкциялар астындағы Иранның өзінің жағдайы мәз емес. Онда тоғыз күннен бері ресми билікке қарсы наразылық шаралары өтуде. Қарсылық акциялары қазіргі кезде 50 қалаға жайылған. Халық діндәр биліктің бассыз кеткен істеріне ашынып отыр. Үкіметке қарсы протесттер барысында кем дегенде 8 адам өлген. Шынайы деректерді білу қиын, елде интернет бұғатталды.

Тегерандағы университеттердің бірінде жүздеген студент жиналып, Ибрагим Раисидің үкіметінің отставкасын талап еткен: "Диктатор құрысын!" деп ұрандады.

Митингілер 22 жасар бойжеткен Махса Аминидің өлімінен басталды. Иран мемлекеттік телеарнасының түсіндіруінше, оны ар-ұят полициясы хиджабты талапқа сай кимеген, яғни шашын орамалмен дұрыс орамаған деген айыппен тұтқындады. Артынша өлтіріп тыныпты. Туысқандарының хабарлауынша, әйел азаптаулардан кейін ауруханада жантәсілім етті. Наразылығын білдіріп, көшеге шыққан әйелдер хиджабтарын, пәранжыларын шешіп, өртеп жатыр. Олар сондай-ақ жұрт көзінше шаштарын қысқа ғып, кесіп тастауда. Қырық жылдан астам уақыттан бері тоталитарлық режим астында өмір сүріп жатқан иран халқына қолдау білдірген митингілер Ыстамбұлда, Амстердамда, Берлинде, Торонтода, Нью-Йоркта және басқа елдердің қалаларында өтті. 

Қазір көпшілік біле бермес, бірақ Иранның батыс үлгісінде дамыған кезі болды. Әйелдер жаппай үсті-басын қап-қара матамен тұмшаламайтын. Қыз-келіншектер қысқа көйлек, белдемше-юбка, біз өкшелі туфли киетін. Университеттерде жігіттер мен бикештер қатар оқитын. Нәзік болмыс иелеріне кез келген дерлік мамандықты таңдауына жол ашық болған.

Иранның сол кездегі билігі көптеген діни дәстүрлерден арылуға талаптанды. Тіпті жыл санағын Хижрадан емес, Ахеменидтер династиясының билікке келген кезінен бастауды енгізді. Нәтижесінде, Хижрадан басталғандағы 1355 жыл (яғни Иса пайғамбардың туғанынан басталғанда 1976 жыл) орнына 2535 жыл болып жарияланды. Бірақ халық қарсы болғандықтан, артынша бас тартты.

Алайда ол биліктің дәуіріне митингілер нүкте қойды. 1978 жылғы 8 қаңтарда Кум қаласында сол кездегі экономикалық дағдарысты еңсере алмаған Үкіметке қарсы алғашқы ірі шерулер өтті. Билік қоғамдық диалогты жолға қою орнына, ирандық "қаңтаршыларға" негізгіз қатыгездік танытып, аяусыз басып-жаншыған. Бұдан ирандықтар естен тана жаздады. Содан 1978 жыл бойы ислам дінбасылары жамағатын көтеріп, Иранның түрлі қалаларында қарсылық шараларын өткізумен болды. Билік оларды да әскер күшімен қуып таратты. Жыл соңында революционерлер большевиктер үлгісінде саяси ереуілдер тактикасына көшті. Яғни белгілі бір саланың мамандары қарсылық білдіріп, жұмысқа шығудан бас тартады, сонымен бірге ереуілде экономикалық мәселелермен шектелмей, ортаға саяси ұрандар тасталады. Салдарынан, кәсіпорындар тоқтап, экономика толығымен тоқырады. 

Елге 1941 жылдан бері билік еткен Иранның 35-ші және соңғы шахиншахы Мохаммед Реза Пехлеви ақыры 1979 жылдың басында халыққа үндеумен қайырылып, билікті оппозицияның ұстамды өкілі саналатын премьер-министрге тапсырды да, өзі елден тайып тұрды. 

Ғажабы сол, шах тұсында Иран Израильдің одақтасына айналған жалғыз мұсылман елі болған. Өз кезегінде Израиль оған шахтың құпия полициясын "САВАК"-ты құруға көмектесті. Дәл осы полиция кейін шерушілерді аяусыз қуып таратуға қатысты. Түрмелерде жүздеген мың ирандық қамауда тарықты. Ал Иран басшылығының еврейлермен достығы араб ұлттық қозғалыстары мен ұйымдарының қатаң сынына ұшырады. Кум өлкесінен шыққан имам Хомейни шетелге барып, пана сұрауға мәжбүр болған. Ол шетелден уағызын жалғастырды. Оның сөйлеген сөздері мен кітаптары аудиокассеталарға жазылып, контрабандалық жолдармен Иранға жеткізілді, халық арасында тегін таратылды, мешіттерде оқылды. Көтерілісшілер халықтың кедей, дінге берік бөліктеріне сүйенді.

Шах билігінің құлағанын пайдаланған қуғындағы аятолла Хомейни 1979 жылғы 1 ақпанда елге оралып, зайырлы өкіметті ысырып тастап, билік тізгінін өз қолына алды. Ол жаңа өтпелі Үкіметті тағайындады. Жаңа биліктің қолдаушылары әсіресе, қарапайым бұқара арасында көп болды. Олар қоғам батысқа еліктеп, бұзылып барады деп сынады, сондықтан діни бастауларға негізделіп, қоғамды қайта құруды жөн санады.

1979 жылғы наурызда жаңа саяси құрылымға көшу туралы референдум өткізілді, халықтың басым көпшілігінің құптауымен 1979 жылғы 1 сәуірде Иранда монархия жойылды, ел діни мемлекетке айналып, Иран Ислам республикасы болып қайта құрылды. Жаңа әкімшіліктің басшылығына Ислам революциясының лидері, ұлы аятолла Сейид Рухолла Мостафави Мусави Хомейни келді. Ол 1989 жылы дүние салды. Сол кезден бері Иранның көшбасшысы қазіргі ұлы аятолла Сейед Али Хосейни Хаменеи болып табылады. 

Малайзиядағы Ноттингем университетінің Саясаттану, тарих және халықаралық қатынастар мектебінің доценті Юлия Рокнифардтың байламынша, Ислам республикасы бүгінде легитимділік дағдарысына ұшырады. Ел Батыстың ауыр санкцияларынан тауқымет тартып жатқанда, инстаграмдағы ирандық аккаунттар бай отбасылардан шыққан "алтын балалардың" қалай рахат өмір кешіп жатқанын күн сайын паш етіп жатыр. Бұған Иран билігінің басқару сапасының нашарлығы қосылып отыр. 

Осылайша, егер өткен ғасырдың 70-ші жылдарының соңында әйелдердің басындағы орамал Ислам революциясының символына айналса, қазіргі кезде шеруге шыққандар отқа жағылған орамалды билікке қарсылықтың нышанына айналдыруда. 

"Шах билігі туындатқан экономикалық дағдарысқа бола, 1979 жылы революцияны қолдаған орта тап бүгінде қазіргі биліктің саясатының салдары саналатын дағдарыстан депрессивті анабиоз күйіне түсті. Өзгерістерге, жаңғыруға деген сұраныс қалыптасты, бірақ көшеге шыққан халық радикалды қадамдардан шошынады. Адамдар бір-біріне, саясаткерлерге, билік институттарына сенімін жоғалтып алды. Мамандар мұны заманауи Иранның ең салмақты проблемасының бірі дейді. АҚШ-та тұрып жатқан Пехлеви династиясының саяси белсенді мұрагерлері Иранда сенімге ие бола алмады", – деді Юлия Рокнифард.

Дегенмен қазіргі Иран – жастардың елі. 82 миллион тұрғыны бар Иран халқының 60%-ын 30-дан аспаған жастар құрайды. 79-шы жылғы революцияны жасаған ұрпақ кетуде. Экономикалық ахуалдың нашарлауы, санкциялар салдарынан қажетті тауарларға халықтың қол жеткізе алмауы (мысалы, айналма жолдармен тасылатындықтан, шетелдік көліктер Иранда екі-үш есе қымбат тұрады) халықты радикалдандыра түсуі мүмкін. 

The Financial Times тілшісі Наджме Бозоргмехр Ирандағы психологиялық тұйықты сипаттады. Қазіргі халық өткен ғасырдағы революция құндылықтарын ардақтаудан аулақтай бастады, бірақ әлденені күрт өзгертуге батылы бармайды. 

Оның пікірінше, шах басқарған тұста халықаралық аренада Иранды сыйлайтын. Кейбір адамдар сол шақты сағына еске алады: "Пехлеви билік басында қалғанда, Иран қазір анағұрлым прогрессивті әрі ауқатты ел болатын еді". Алайда Пехлеви мұрасы сағынышпен шектеледі. Бүгінгі проблемаларды шешудің жолын көрсете алмайды, жаңғыруға ұстын болар идеология қызметін атқара алмайды. 

Әйткенмен, ирандықтар аяғына дейін баруға шешімділікті байқатады.   

"Бұл – революция. Оған жастардың өкілін, жас қызды өлтіру триггер болды. Сондықтан ол оңаймен басылмайды. Менің көптеген досым түрмеде отыр немесе өлтірілді. Біразы хиджабпен байланысты проблемалар үшін Отанын тастай қашуға мәжбүрленді. Иранда әйелдерге күн бермейді, үнемі қудалайды", – деді Түркиядағы митингіге қатысқан бойжеткен Насибе Шамси.

АҚШ-тағы Иран-Америка қоғамдастығының (Iranian American community) басшыларының бірі Маджид Садекпур қырық жылдан астам уақыт бойы дінді қудалауға қалқан еткен клерикалды режимнен Иран халқы қажығанын айтады. 

"Басты проблема исламистік фундаментализммен және осы режимнің идеологиясымен байланысты болып тұр. Биліктің әйелдер қауымын хиджаб тағуға мәжбүрлеуі проблемалардың тек ұшы ғана. Билік ұзақ жылдардан бері еркіндік сүйетін ирандықтармен күресіп келеді. Адамдар бұдан әбден зәрезап болды. Иран қоғамы ескі оқ-дәрі толтырылған, жарылуға шақ қалған қоймаға ұқсайды", – деді Маджид Садекпур.

Ал батыстық сарапшылардың пікірінше, Иранға әзірге классикалық сипаттағы революция төніп тұрған жоқ. Ел заманға сай реформалар жасалса, соны да қанағат тұтуы мүмкін. 

Иранда төңкеріс болғанын Батыс та қаламайтын сияқты. Мaхса Аминидың қазасы Америка жұртшылығының да қабырғасына батқанын мәлімдеген АҚШ Бас хатшысы Энтони Блинкен Иран билігін "әйелдерді қуғын-сүргінге салуды тоқтатуға және халыққа бейбіт наразылық акцияларын өткізуге рұқсат етуге" шақыратындарын айтумен шектелді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу