Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 3%-ға төмендейді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4853

Ел экономикасы 2021 жылы ғана қалпына келеді. 

Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 3%-ға төмендейді

Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚҚДБ) осындай болжам жасады.

"Шикізат бағасының төмендеуі, әлемдік мұнай өндірісінің қысқаруы және дүниені дүрліктірген коронавирус пандемиясының салдары бөлшек сауда мен көлік логистикасы саласын және қонақ үй бизнесін қыспаққа алады. Қиындық жыл соңына дейін жалғасады. Қазақстанның ұлттық экономикасы келесі жылы ғана оң нәтиже көрсетеді. Бір жылдан кейінгі өсім 5,5%-ды құрауы мүмкін. Бұған әлемдік мұнай бағасының тұрақтануы себеп болуға тиіс", – деп жазды ЕҚҚДБ соңғы макроэкономикалық есебінде.

Халықаралық үкіметаралық қаржы-несие ұйымының зерттеуінше, теңгенің құнсыздануы экономикаға кері әсерін тигізеді. Ішкі сұранысты қанағаттандырып, бизнесті қолдау үшін Қазақстан біраз шығындалады.

"Қазақстан билігі пандемия кезінде шұғыл әрекет етіп, тиісті шешім қабылдады. Осы арқылы экономикасын күйреуден сақтап қалды. Қазір экономиканы диверсификациялауға қатысты жоспар жүзеге асырылып жатыр. Ел билігі мұнай-газ секторына тәуелді болмауға тиіс екенін түсінді", – деген байлам жасады қаржы институты.

Макроэкономикалық есепте дағдарыстан шығу оңай болмайтыны баяндалған. Бұл туралы ЕҚҚДБ -ның бас экономисі Беата Яворчик:

"Қазір  экономикалық протекционизммен емес, еркін саудамен, еркін келісіммен айналысып, еркін экономикалық байланыс орнататын кезең", – деді.

ЕҚҚДБ-ның мәлімдеуінше, экономиканы дағдарыстан шығару үшін Қазақстан мен Өзбекстан осыған дейін жинаған қорын пайдаланады. Ал Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан мемлекеттері дағдарыстың салдарымен ұзақ күреседі.

Орталық Еуропа мен Балтық жағалауы елдері коронавирустан қорғану кезінде автоөнеркәсіп өндірісін тұралатып алған. Қазір осының зардабын тарта бастаған. Биыл мұнда жалпы ішкі өнім көрсеткіші 4,3% төмендеуі мүмкін.

"2008-2009 жылдардағы жаһандық қаржы дағдарысында сыр бермеген Польша экономикасы коронавирус пандемиясы кезінде даму қарқынын жоғалтты. Биыл Польша экономикасының көрсеткіші 3,5% қысқаруы ықтимал. Шығыс Еуропа мен Кавказ елдері жаһандық қаржы нарығындағы тұрақсыздықтың салқынын сезеді. Жергілікті валюта нарығы қысым көреді, экспорт көлемі азаяды", – деген болжам келтірілді макроэкономикалық есепте.

Әзербайжан, Украина, Армения экспортқа шығаратын тауары мен шикізат бағасынан ұтылып жатыр екен. Грузия туризмнен түсетін табыстан қағылып, ақша айналымын азайтып алған көрінеді. Кипр, Греция, Болгария елдері де дәл осындай жағдайға тап болған. Ресей коронавируспен және мұнай өндірісін шектеуге қатысты мәселемен бетпе-бет келіп, экономикалық белсенділігін бәсеңдеткен.

"Коронавирус пандемиясы Түркияның экономикалық өсіміне айтарлықтай шығын келтірді. Болжам бойынша, биыл бұл елдің жалпы ішкі өнімінің көрсеткіші 3,5% құлдырайды. Есесіне келесі жылы 6% көтеріледі.

Иордания, Марокко, Ливан және Тунис мемлекеттері дағдарыстан ес жия алмай жатыр. Ал Ливанның жағдайы мүлде қиын. Бұл елде рецессия 2018 жылдан бері жалғасып келеді. Биыл Ливанның жалпы ішкі өнім көрсеткіші 11% дейін төмендеуі мүмкін", – деп қорытты макроэкономикалық есебін ЕҚҚДБ.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу