Қазатомөнеркәсіптің қытайлық интеграциясы: Жобаның берері не? Қаупі қандай?

4683

Жуырда ғана экономист әрі қаржыгер Нұртаза Қадырниязов Президенттен бастап Елбасына, Парламенттің қос палатасының спикеріне петиция жолдады. Оның қол жинауына "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясына тиесілі уран өндіретін "Орталық" ЖШС-ның 49%-ның қытайлық CGNPC компаниясына сатылуы себеп болып отыр. 

Қазатомөнеркәсіптің қытайлық интеграциясы: Жобаның берері не? Қаупі қандай?

Бұл келісімшарттың қаупі неде? Ұлттық компания одан не ұтады? АҚШ билігі "қара тізімге" енгізген қытайлық компания Қазатомөнеркәсіптің еншілес компаниясына неліктен қызығып отыр? Іnbusiness.kz тілшісі осы сұрақтардың жауабын іздеп, тараптардың позициясын біліп, сарапшылардың пікірін тыңдап көрген еді.

"Біз Қазақстан халқы биліктің иесі ретінде табысы жоғары активтерімізді шетелдіктерге, оның ішінде қытайлықтарға сатылуына қарсымыз! Уран өндірісі – Отанымыздың бүкіл өнеркәсібінің стратегиялық жүрегі! Қытайлықтар қазірдің өзінде Қазақстанның уран өнеркәсібінде "Үлбі ТВС" ЖШС арқылы қол сала бастаған. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулиннен осы келісімшартты ратификацияламауды талап етеміз!"

Дәл осылай басталатын петицияға Нұртаза Қадырниязов Facebook парақшасында пікір арқылы қол жинап, 31 мамырда өткізді. Петицияға 3 мыңнан астам адам қол қойыпты. 

Қытайға үлесі берілгелі отырған "Орталық" өндіруші кәсіпорны Түркістан облысындағы Мыңқұдық және Жалпақ кен орындарында уран қазады. Бүгін де Жалпақ жобасында тәжірибелік өндіріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс сәтті болса, толыққанды өндіріс 2022 жылы басталады. Жалпы Қазақстанда 2020 жылы 19 477 тонна уран өндірілсе, оның 1308 тоннасы дәл осы "Орталық" ӨК" ЖШС өндірген. Уранды өндіру көлемі жағынан "Орталық" - 14 компанияның ішінде жетінші орында.

Алдымен петицияны жазған Нұртаза Қадырниязовты сөзге тартып көргенбіз. Қоғам белсендісі Қытай Қазақстанға экономикалық экспансия жүргізіп жатқанын айтады. Өзі келтірген мәлімет бойынша 30 жылдан бері қаншама компания қытайлықтарға сатылып кеткен. Әсіресе, мұндай санаттағы компаниялар мұнай-газ бағытында көп: Ақтөбемұнайгаз, Құмкөл, Шымкент МӨЗ, Торғай петролеум, Қазгермұнай, Айдан Мұнай, Северные Бузачи, Көкжиде Мұнай, Мәртөк Мұнай, Құмсай Мұнай, КМК Мұнай, Қаражанбасмұнай, Маңғыстаумұнайгаз, ҚуатАмлонМұнай, Эмир ойл, Сазан құрақ...

"Сатылып кеткен компаниялардың тізімін айта беруге болады",– дейді ол.

Нұртаза Қадырниязов бұған дейін Қытаймен шекаралас елдердің экономикалық қақпанға қалай түсіп қалғаны жөнінде арнайы мақала жазыпты. Автор алыстағы Австралияны мысалға келтіреді. Қазақстан секілді халқы аз, жері кең Австралияда 1 млн 200 мың қытайлық азаматтық алып үлгерген.

"1 миллионнан астам қытай сол елде ресми түрде жұмыс істеп жатыр. Ол аз десеңіз, Шри-Ланка елінде қытай инвесторлары әуежайы бар басқасы бар, бірнеше нысан салыпты. Шри-Ланка билігі Қытайға қарыз болып қалды да, қайтара алмай, ақыры инвесторлар сол нысандарды өз атына өткізіп алды. Көрдіңіз бе? Қытай кірген жерінен ешқашан шықпайды. Олар болашақта Қазатомөнеркәсіп компаниясының ішіне де кіруі мүмкін. Қытайдың 3 трлн долларлық алтын қоры бар. Ондай ақша АҚШ-тың өзінде жоқ. Керек десеңіз, Қытайдың бүкіл дүние жүзін сатып алуға қауқары бар. Бір сөзбен айтқанда, Қытай экономикалық ықпалын күндердің күнінде саяси құралға айналдырады", – деп сақтандырады қоғам белсендісі.

Экономист келтірген дерекке сәйкес, қазірдің өзінде қытайлық компаниялар Ақтөбедегі мұнай өндірісінің 95%, Қызылорда облысында мұнай мен газ өндірісінің 65%, Маңғыстау мен Атырау облысында 35% бақылап отыр.

"Таяуда петицияма Парламент Мәжілісінен жауап келді. Оқысам, Еділ Жаңбыршин деген Парламент мүшесінің жауабының өзі қате. Қараңызшы: "Парламент Мәжілісіне Қадырниязовтан ұжымдық хат келді. Өз өтініштерінде "Қазатомөнеркәсіп" АҚ-тың 49 пайыздық мемлекеттік үлесін қытайлық компанияға сатқызбауды, ол бойынша келіссөздерді тоқтатуды сұрайды. Осыған орай осы хаттағы көрсетілген мәселелерді қарастыруды, нәтижесі туралы Мәжіліске және хат иесіне жолдауды сұрайды" деп жазыпты. Осылай депті де, хатты Энергетика министрі мен "Самұрық-Қазынаның" басшысына жолдай салған. Енді қараңыз: "Қазатомөнеркәсіп" АҚ-тың 49 пайыздық мемлекеттік үлесін" деп жауап береді де, "Орталық" туралы бірде-бір сөз айтпайды. Мәселені мүлде зерттемеген. Білмейді, хабарсыз. Яғни бұлардың ешқандай позициясы жоқ", дейді Нұртаза Қадырниязов.

"Ертең көмір далада қалады. Мұнай мен газың да бітеді. Ал уран болашақтың энергиясы. Қытайлар оны біліп отыр. Сондықтан 49 пайызды алып алғысы келеді. Ертең біздің билікке басқа адамдар келуі мүмкін. Олар осы "Орталықтың" 49 пайызын қайтарып алуға ниеттенетін болар. Ол кезде қытайлар бүгінгі келісімшартты негізге алып, қайтарып бермейді", – дейді ол.

Қазатомөнеркәсіп басшылығы не дейді?

Петицияға байланысты "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматовқа сауалхат жолдап көргенбіз. Нақтырақ айтқанда, компания басшысының петицияға байланысты позициясын білмек едік. Алайда біздің "Петициядағы "қазір қытайлар Қазақстанның уран өндірісін өз қолына алып жатыр" деген сөзімен келісесіз бе?" деген сұрағымызға нақты жауап келген жоқ. "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ GR және PR департаменті жолдаған ресми жауапта көбінесе осы келісімшарттың Қазақстанға әкеледі-ау деген пайдасы көбірек қамтылыпты.

Жалпы Қазатомөнеркәсіп пен CGNPC (China General Nuclear Power Corporation) компанияары арасында ынтымақтастықты кеңейту туралы келісім 2014 жылы жасалған. Келісімге сәйкес, Қытай атом электр станцияларының қажеттілігі үшін ЖБҚ (жылу беретін құрамалар) өндіретін зауыт салып, Қазақстанда уран кен орындарын игеруді көздейді. Бұдан кейін де Қазатомөнеркәсіп осы жобалар бойынша бірқатар келісім жасасқан.

"2016 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атом электр станцияларына арналған Ядролық отын өндіретін зауыт құрылысын бастап беріп, бұл жобаның ел үшін айрықша маңызын атап көрсеткен еді. Жоба нәтижесінде Қазатомөнеркәсіп 20 жыл бойы Қытайға ЖБҚ-ны кепілді өткізу мүмкіндігіне ие болды. Бұл жалпы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді. Жобаны іске асыру кезінде Франция (Framatome) мен ҚХР жетекші компанияларының заманауи технологиялары қолданылды. Жоғары технологиялық жабдықтарда жұмыс істеу үшін қызметкерлер арнайы оқытылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Өндіріс жылына ЖБҚ түрінде 200 тонна уран өндіру қуатына және жылына 400 тоннаға дейін ұлғайту мүмкіндігіне ие",делінген ресми жауапта.

Компаниядан атап көрсеткендей, келісім шеңберіндегі міндеттемеге сәйкес, Қазатомөнеркәсіп "Орталық" ӨК" ЖШС-дағы қатысу үлесін сату бойынша мәміле жасаған.

"Орталық" ӨК" ЖШС-ның қатысу үлесінің 49%-ның нарықтық құны 435 млн АҚШ долларын құрады. Оны ірі халықаралық консалтингтік компаниялардың арасынан тәуелсіз бағалаушы есептегенін атап өткен жөн. "Орталық" ӨК" ЖШС-ның өндірістік қуатын жылына 2 мың тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Бұл сондай-ақ компанияның табысы мен өңірге салық төлемдерін арттырады. Сондай-ақ, өз мүддесін қорғау үшін "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ 2021 жылы жаңа келісім жасады. Онда CGNPC жасалған және де жасалатын келісімдер (келісімшарттар) бойынша өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда "Орталық" ӨК" ЖШС-ның жарғылық капиталындағы CGNPC тарапының үлесін Қоғамның кері сатып алуы үшін негіздер қарастырылған. Сонымен қатар, Жарғы бойынша Қазатомөнеркәсіп "Орталық" ӨК" ЖШС қызметінің негізгі мәселелерін бақылауды өзінде сақтап қалады" – дейді Қазатомөнеркәсіптен.

Қазатомөнеркәсіп CGNPC (Қытай) компаниясымен қатар, уран өндіру жағынан Cameco (Канада), Kansai Electric Power және Marubeni (Жапония), Orano (Франция), Росатом (Ресей) компанияларымен іскерлік байланыс орнатқан. Осы  серіктестерімен бірлескен кәсіпорындар арқылы уран өндіріп, оны қайта өңдеп, өткізіп жатыр. Нақтырақ айтқанда Қазатомөнеркәсіп өзінің еншілес, тәуелді және бірлескен ұйымдарымен бірге 14 тау-кен активіне біріккен Қазақстан аумағындағы 26 кен орнында өндіріс жұмыстарын жүргізеді.

 Ресми жауапқа сүйенсек, ҚХР-дың өз реакторлық паркін дамыту жөніндегі жоспары тұрғысынан алғанда, өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдету Қазақстанның қызығушылығын тудырады. Өйткені Қазатомөнеркәсіп табиғи уранды кепілді және ұзақ мерзімді өткізу мүмкіндігін алады.

"Қазақстан қосылған құны жоғары уран өнімін өндіруге, өткізуге мүдделі. Бүгін де Қазақстанның атом өнеркәсібі әлемдік ядролық-отын циклінің бірнеше сатысына ғана ие. Олар – табиғи уранды өндіру, төмен байытылған уранды ядролық отын компоненттеріне қайта конверсиялау бойынша қуаттар. Қазақстан үшін ЖБҚ шығаратын зауыт құрылысы сияқты серпінді жоба CGNPC-пен бірлескен ынтымақтастықтың арқасында мүмкін болып отыр. Қазір әлемде ЖБҚ өндіретін 10-нан астам зауыт бар. Бұл өндірістік мүмкіндіктер мен құзыреттер Қазақстанға тек ҚХР-ға ғана емес, басқа елдерге де жоғары технологиялық өнім жеткізуге жол ашады", - делінген компанияның ресми жауабында.

Ұлттық компания аталған келісімнің арқасында Қазақстанның бірнеше артықшылыққа ие болатынын алға тартады.

CGNPC – бұл қандай компания?

China General Nuclear Power Group немесе China General Nuclear Power Corporation (CGN) – атом энергетика саласында жұмыс істейтін, Қытайдағы ең ірі екі компанияның бірі. Қытайдағы ең ірі жүз компанияның қатарына кіреді. 20 мыңға тарта адам еңбек ететін бұл компанияның 2019 жылғы түсімі 7,6 млрд АҚШ долларын құраған. Компания уран өндірісімен қатар, гидроэнергетика, жел және күн энергетикасы, электр желілері, ядролық отын өндірісі саласында жұмыс істейді, энергетикалық нысандардың құрылысын жүргізеді. Компанияның Қазақстаннан бөлек Таиланд, Индонезия, Австралия, Оңтүстік Африка, Ұлыбритания, Чехия мен Румынияда кеңсесі бар.

2009 жылдың сәуір айында CGNPC пен Қазатомөнеркәсіп компаниясы Қазақстанда уран өндіретін Semizbai-U бірлескен кәсіпорнын ашқан.

...CGNPC компаниясы жайлы шетелдік  бұқаралық ақпарат көздерінен мәліметтерді шолып көргенбіз. АҚШ-тың Әділет министрлігінің ресми сайтынан мынадай ақпарат шыға келді:

2016 жылдың сәуір айында АҚШ-тың Әділет министрлігі дәл осы CGNPC компаниясына айып тағыпты. АҚШ тарапы бұл компанияны америкалық ядролық технологияларды Қытайдың әскери мақсатына бергенін мәлімдеген. Компанияның аға кеңесшісі Аллен Хоға АҚШ-қа қарсы әрекет еткен агент деген айып тағылған.

Ал 2019 жылы АҚШ-тың Сауда министрлігі тіпті CGNPC мен оның еншілес үш компаниясын "қара тізімге" енгізіп, америкалық компаниялардың өнімін оларға сатуға тыйым салыпты.

Бәрі де келісімшартқа байланысты...

Бұл келісім жөнінде пікірін білу үшін сарапшыларды да сөзге тартып көрдік. Соның бірі Жаннұр Сейілханов 2006 жылдан бастап 2015 жылға дейін Қазатомөнеркәсіп компаниясына қарасты Ақбастау, Заречное компанияларында қаржы директоры болып еңбек еткен. Сарапшының айтуынша, Қазақстанда уранның қоры көп. Сондықтан мұнда келгісі келетін инвесторлар да жетіп артылады.

"Қазақстанның өндірісі артсын десек, инвестиция қажет екені рас. Әйтсе де ел ішінде "Қытай инвесторлары бір келген жерінен кетпейді" деген көзқарас қалыптасқан. Мұндай көзқарастың болуының жөні де бар. Мәселен, АҚШ, Франция, Жапониядан келген инвесторлар келіп, жұмысын атқарған соң өз еліне кетіп қалуы мүмкін. Ал енді қытайларға келер болсақ, "экономикалық экспанция" деген сөз орынды. Өйткені олар бір қадалған жерінен қайтпайтын әдеттері бар екені рас. Оны мен мақұлдаймын", - дейді ол.

Жаннұр Сейілханов әйтсе де алалауға тағы болмайтынын айтады.

"Біздің мемлекет тарапы үлесін сатқан кезде келісімшарт жасасады. Әлбетте, 49 пайыз – басым үлес емес. Екіншіден, қай уақытқа келгелі жатқанын да есептеп алған дұрыс. Келісімшартта "10 жылдың ішінде уран қазып, пайда көріп, 10 жылдан кейін үлесін сатуы тиіс" деген шарт қоюға болады. Оның барлығы Үкіметтің заңгерлері мен геологтарына, тәжірибелі адамдары арқылы ойластырылуы керек. Үлесін мәңгілік беріп қоймайтындай келіскен дұрыс!", деп ескертеді ол.

Сарапшының пайымдауынша, петиция жазғандарға жауап ретінде инвестицияның, жұмыс орындарының, өндірісті көтеріп, экономиканы жақсарту керектігін түсіндірген абзал. Сондықтан бәрі де келісімшартқа байланысты.

"Мүлде қарсы болу дұрыс емес шығар. Бюджеттің кірістін арттырып, экономиканы көтереміз дейміз. Инвесторларсыз оны қалай іске асыруға болады? Оның жанында Қытайдың мүмкіндігі көп болып тұр. Жалпы уран өндірісінің толық циклын жолға қою туралы жоспар болған. Мұхтар Жәкішев толық ядролық отын циклын жасамақ еді. Бірақ өзі сотталып, оның бастамасы іске аспай қалды. Ресейге қарап қалдық. Оларда толық өндіретін цикл бар. Бізден қарағанда уран қоры оларда әлдеқайда аз болса да, олар толық циклға ие болып отыр. Жоғары өңдеу сатыларына әлі жеткен жоқпыз. Соны қолға алып, іске асыру дұрыс болар еді. Өйткені шикідей сатса бағасы бір басқа, ал өңдеп, толық таблетка күйінде сатылса, уранның бағасы еселеп өседі. Бюджетке де кіріс көп түсер еді. Уранды өңдеудің аралық сатыларын да меңгерсек, Қазақстан бұл саласында тәуелсіз болып кетуі мүмкін",– дейді ол.

Мемлекет басымдық танытуы керек

Белгілі сарапшы әрі экономист Мақсат Халық болса Қазатомөнеркәсіп – ең белді ұлттық компанияның бірі екенін, дәл осы компанияның қор нарығында да үнемі құндылығы артып отыратынын айтады. Оның айтуынша, Қытай мемлекеті мен ондағы инвесторлар Қазатомөнеркәсіп, Қазақтелеком секілді ұлттық компанияларға қызығып жүр.

 "Бір кездері Қазатомөнеркәсіпті Мұхтар Жәкішев басқарып тұрған кезде Жапония елімен жақсы келісімдер жасалып жатқан еді. Сол кезде бір себептер болды да, жапон инвесторлары кеткен соң Ресейдің кіргені бар. Қазақстанда кезінде уран өндірудің толық циклын құрамыз деген мақсат болған. Әлі күнге дейін бірақ осы мақсатқа жете алмай келеміз. Бізде уран жағынан ең алғашқы отын болғанымен, аралық отын жоқ. Өскеменде соңғы таблеткаларды, керек отындарды шығарады. Сол аралық отынның болмай тұрған себебі белгілі бір дәрежеде Ресейге тәуелді болып келе жатқанымызды көрсетеді. Ресейдің көптеген компаниясы аралық отынды шығарады. Бізде толық цикл болған жағдайда Ресейге тәуелсіз компанияны құратын едік. Жапондар ақыры инвестиция құймай кетті..." ,– дейді өткенді еске алған экономист.

Егер "Орталық" ЖШС-ның 51 пайызы мемлекет меншігінде болса, онда белгілі бір дәрежеде әлі сенім бар деген сөз. Сарапшы осындай пікірде. Өйткені негізгі пакет, акцияның басым үлесі мемлекеттің меншігінде болса, негізгі шешімді мемлекет жасайды.

"Тура экономикалық тұрғыдан келсек, оның ешқандай зияны көрінбейді. Бірақ екінші мәселе бар: қазір аз көлемде кіріп, кейінірек 51 пайыз қытай инвесторларының қолына өтіп кетсе қиын болады. Осы жағынан бәлкім, алаңдауға тұрарлық мәселе жоқ емес. Белгілі бір дәрежеде стратегиялық маңызы бар үлкен ұлттық компаниялардың мемлекеттің меншігінде 51 пайызы қала бергені дұрыс деп ойлаймын. Ол тек Қазатомөнеркәсіп компаниясына қатысты емес, мемлекеттің негізгі ұлттық компанияларының стратегиялық маңызы бар. Қазақтелекомның да негізгі үлесі басқа мемлекеттің қолына өтсе, онда ақпараттық қауіпсіздік мәселесі алға шығады. Сондықтан мұндайда мемлекеттің басымдық танытқаны дұрыс",– дейді ол.

Қытай инвесторларының қандай инвестициялық жобалармен кіріп тұрғаны да маңызды. Сондықтан Қазатомөнеркәсіп тарапы "онда қорқатын ештеңе жоқ" деп шектелмей, толық ашып көрсеткені дұрыс.

"Азаматтар петиция жазып, осы мәселені көтерсе, онда Қазатомөнеркәсіп басшылығы инвесторлардың қандай жобамен кіріп жатқанын, оның елімізге қандай пайдасы барын көрсеткені дұрыс деп есептеймін",– деп сөзін түйіндеді спикер.

Аян Өрібай


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу