Қазіргі шәкірттер 172 мың теңгеге дейін стипендия алады

2882

Студенттер шәкіртақысының жаппай кешіктіріліп, уақытылы төленбеуінің себептері белгілі болды. 

Қазіргі шәкірттер 172 мың теңгеге дейін стипендия алады

Университеттерде оқитын жастар таңнан түн ауғанша шүмектеп тер төгетін көптеген жұмысшыдан көбірек ақша табады. Әрине, сабақтан бос уақытында тынбай еңбек етіп, ауқатын еселейтін студенттер жетерлік. Бірақ бос уақытында бос сенделсе де қалтасына қомақты ақша түседі.

2021 жылғы 3 қыркүйекте ел Үкіметі жоғарғы білім қуған жас ұрпаққа төленетін стипендия көлемін арттырды. "Білім беру ұйымдарында білім алушыларға мемлекеттік стипендияларды тағайындау, төлеу қағидаларын және олардың мөлшерлерін бекіту туралы" Үкіметтің №116 қаулысына енгізілген түзетулерге сәйкес, қазір мемлекеттік грант бойынша оқитын жастарға келесідей стипендия төленеді:

- Педагогикалық және "Денсаулық сақтау" бағыттары бойынша оқитын студенттерді қоспағанда, ЖОО-ларда оқитын студенттерге – 31 423 теңге;

- Педагогикалық бағыттарда оқитын студенттерге – 50 400 теңге;

- "Денсаулық сақтау" бағытында оқитын студенттерге – 50 400 теңге;

- Интерндерге – 59 289 теңге;

- Магистранттарға – 76 950 теңге;

- "Денсаулық сақтау" бағыты бойынша дәрігер-резиденттерге және магистранттарға – 88 494 теңге;

- "Назарбаев Университеті" магистранттарына – 143 750 теңге;

- Барлық докторанттарға – 172 500 теңге.

Салыстыру үшін айтсақ, осыдан 5 жыл бұрын қатардағы студенттер – 20 949 теңге, интерндер – 37 945 теңге, магистранттар – 53 530 теңге, денсаулық сақтау бағытындағы резидентура тыңдаушылары мен магистранттар – 61 561 теңге, докторанттар – 81 998 теңге, "Назарбаев Университетінің" магистранттары – 100 000 теңге стипендия алатын.

Шәкіртақы неге кешікті: ДСМ түсініктемесі

Елімізде келесі жылы ең төменгі жалақы (ЕТЖ) 60 мың теңгені құрамақ. Әртүрлі грант қаражаттарын, жалақыларын қоспағанның өзінде, докторанттар тек стипендия бойынша ЕТЖ деңгейінде айлық алатын жұмысшыдан 3 еседей көп ақша табады. Осылайша, Қазақстанда ғылыммен айналысу табысты кәсіпке айналуда. Әрине, мұның отандық ғылым мен технологияның дамуына ауыз толтырып айтарлықтай ықпал етіп отырмағаны байқалады. Бірақ бұл басқа әңгіме.

Өз кезегінде, студенттер шәкіртақыларын уақытында алмайтындарына жаппай шағымдануда. Мысалы, "Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық университетінің" интерндері "заңмен тиесілі стипендияларының ай сайын, уақытылы төленбейтініне" Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың назарын аудартып, хат жазды.

Осының алдында Цойға "Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі" (ҚДСЖМ) Қазақстандық медицина университетінің студенттері мен магистранттары қыркүйек, қазан, қараша айлары үшін стипендиялары түспегеніне шағымданған болатын. Дегенмен жыл соңы таяғанда олар шәкіртақыларына қол жеткізе алғаны мәлім болды.

Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаментінің түсіндіруінше, ДСМ 2021 жылғы 3 қыркүйекте Үкіметтің жоғарыда аталған №116 қаулысына төл түзетуін енгізіпті. Себебі медициналық бағыттағы университеттер БҒМ-ге емес, ДСМ-ге қарайды.

Осыдан кейін "республикалық бюджеттен жұмсалатын іс жүзіндегі шығыстарды анықтау мақсатында ДСМ білім және ғылым ұйымдарымен тиісті жұмыстар жүргізген". Есептемелер түпкілікті аяқталған соң студенттерге стипендиялары жоғарылатылған көлемде толық төлене бастапты.

Бұл мәселе "министрліктің тұрақты бақылауында" екенін мәлімделді.

Стипендияның кешігу себебі: БҒМ нұсқасы

Қазақстан-Британ техникалық университетінің докторанты Әдемау А. 1 курста ай сайын 150 мың теңге шәкіртақы алып тұрыпты.

"Біздің стипендия былтырғы қыркүйекте көтерілді. Министрліктің хабарлауынша, бұл болашақ ғалымдар сапалы білім алуға қамсыз кірісуі үшін жасалыпты. Сол себепті мен де, тобымдағы өзге жастар да жұмыстарынан шығып, өздерін оқуға толық арнады. Алайда 2021 жылғы маусымда университет бухгалтериясы қалған айларға арналған стипендия тек күзде ғана төленетінін айтты. Әрине, жаз бойы оқу жоқ, каникул. Бірақ бәрібір бүкіл уақытымызды зертханада өткіздік. Бұл сапалы мақалалар жазу, диссертацияға дайындалу үшін қажет. Оның үстіне бір-екі айға ешкім де жоғары жалақылы жұмысқа алмайды. Бәріміз пәтер жалдап тұрамыз. Банктер алдында міндеттемеміз бар. Біз гүл емеспіз, шөп емеспіз, күн сәулесімен, жаңбыр суымен қоректенбейміз. Пандемия кезінде қолдау орнына қиыншылық туғызды", – дейді Әдемау.

Әділін айту керек, бүгінде ресми дерек бойынша ҚБТУ да ай сайын төлеуге көшіпті.

Логистика және көлік академиясының магистранттары Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке ұжымдық шағыммен жүгінді. Мәселесі ұқсас, бірнеше айға стипендия төленбеген.

"Академияның қаржылық бөлімі өкілдерінің айтуынша, қыркүйек айынан бастап, төлемдерді тікелей БҒМ төлейтін болады. Онда неге мемлекеттік шәкіртақыны төлеу сонша кешіктірілуде?", – деп сұрады олар.

Білім және ғылым министрлігінің түсіндіруінше, "Nur Otan" партиясының сайлауалды бағдарламасының жол картасын орындау мақсатында Үкімет қаулысымен биылғы 3 қыркүйекте қолданыстағы №116 қаулыға өзгерістер енгізіліп, шәкіртақылар көтерілді.

"Мәселен, бакалаврдағылардың стипендиясы 5 237 теңгеге өсіп, енді 31 423 теңгені, ал магистрлар мен докторанттар стипендиясы – 15%-ға артып, тиісінше 76 950 және 172 500 теңгені құрайды. Стипендия қаражаты бюджеттен ай сайын ЖОО-ларға аударылады. Әрі қарай ЖОО-лар ол қаржыны әр студенттің жеке шотына жібереді. Шәкіртақы төлеу бойынша жекелеген кешігу деректері жоғарғы оқу орындарындағы стипендия алушы контингент санын нақтылаумен, немесе студенттердің оқу үлгерімімен байланысты", – деп хабарлады БҒМ.

Министрліктің мәліметінше, өткен айлар үшін стипендия қаражатын министрлік толық мөлшерде аударды.

Кейбір грант иегерлеріне шәкіртақы төленбейді

Жалпы кешіксе де шәкіртақыларын алып жатқан студенттер өмірге риза болса керек. Өйткені ақылы бөлімде оқитын жастар мемлекеттен еш қолдау көрмейді. Бұл ретте тіпті грантпен оқитын студенттердің де стипендия алмайтыны анықталуда. Олар – әкімдердің гранты бойынша түскен жастар.

М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенті, болашақ дәрігер Томирис Қайратқызы 2018 жылы ҰБТ-да жоғары ұпай жинаған 10 үздік талапкерге СҚО әкімінің гранты берілгенін айтады.

"2018 жылдан, яғни 1 курстан бері шәкіртақы тағайындалмады. Медициналық мамандықтарға оқудың күрделігіне байланысты 2020 жылғы пандемия кезінде студенттер қосымша жұмыс істей алмады. Грант иегерлерінің арасында үлгерімі озат студенттер, волонтерлер, ІІ-ІІІ топтағы мүгедек ата-аналардың балалары бар. Салыстыру үшін айтсақ, бізбен бірге 2018 жылы Астана әкімдігінің гранты бойынша оқуға түскен медицина мамандықтарының студенттеріне мемлекеттік шәкіртақыға сәйкес мөлшерде стипендия тағайындалып келеді. Жоғары курс студенттері болғандықтан, практикалық сабақтарымыз ауруханада өтіп жүр: жол, тамақ шығынын әр студент өзі төлеуге мәжбүр", – дейді ол.  

Бұған қоса, пандемия кезеңінде жоғары курс студенттеріне жатақхана берілмепті. Сол себепті оларға 30 мың теңгеден пәтер жалдауға тура келуде. Ол әкімдіктен әкім грантымен оқитын жастарға мемлекеттік стипендияға сәйкес мөлшерде шәкіртақы төлеуді өтінеді.

Жалпы стипендия көлемін жыл сайын көтеруге қатысты әртүрлі пікір айтылады. Мәселен, кейбір пікірлерге сәйкес, университетте оқып жүріп, қомақты шәкіртақы алуға үйренген жастар оқу бітірген соң төмен жалақылы жұмыстарды қомсынып, келіспейтін көрінеді. Ауыл-аймаққа жас мамандардың бармауына да осы түрткі болуы ғажап емес.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу