Қазіргі ұрпақ неге нашар көреді, семіз және депрессиядан шықпайды

923

Денсаулық сақтау министрлігінің тізгінін ұстаған педиатр саладағы жағдайды түзетіп жатыр ма?

Қазіргі ұрпақ неге нашар көреді, семіз және депрессиядан шықпайды Фото: canva.com

Кеңес кезіндегі және қазіргі заманғы балалардың жағдайын салыстыру ғылыми тұрғыдан да қызықты болса керек.

Педиатр ғалым Наталья Ковальдың айтуынша, Кеңес одағында, соның ішінде Қазақ КСР-інде бертінге дейін балалар негізінен арық болып келді.

"Екінші Дүниежүзілік соғыста әлем алапат адам шығынын шекті, соның ішінде балалар да көп қырылды. Сондықтан соғыстан кейінгі жылдары отандық денсаулық сақтау қызметкерлері алдында педиатриялық секторды дамытып, аман қалған балалардың өмірін сақтап, денсаулығын нығайту міндеті тұрды. ҰОС-тан кейінгі кезеңде педиатрия пневмония, дифтерия, ауыр қызылша (корь), гипотрофия, диарея және басқасынан жоғарғы өлім-жітімге тосқауыл қоюға жұмылды. Балалардың қауіпті, жіті инфекцияларының алдын алу үшін 1949 жылдан бастап балаларды жаппай вакцинациялау енгізілді. Соның арқасында еліміздің педиатриялық қызметі жоғарғы өлім-жітімге соқтыратын түберкулез, көкжөтел, полиомиелит сияқты инфекциялардың эпидемиялық ушығуын жоя алды", – деді ғалым.

Алайда 2000 жылдардың басында Үкіметтің жете ойластырылмаған, сауатсыз, өрескел қате реформалары салдарынан педиатрия күйреді. Медициналық білім беру саласында жүргізілген реформа аясында педиатриялық факультеттер жаппай жабылды. Емханаларда педиатрлардың орнын "отбасылық дәрігерлер" дегендер, яғни жалпы тәжірибе дәрігерлері басты.

ҰҒА академигі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, педиатр-хирург Камал Ормантаев бастаған мамандар қоймай-қоймай мәселе көтеріп, дабыл қағып, педиатрияны қалпына келтіруге күш салды.

"Педиатриялық факультеттерді қайта ашуға кейбір белгілі тұлғалар, "денсаулық сақтау ісінің ұйымдастырушылары" кедергі жасап бақты. Олар педиатрлардың қажеті жоғын, бүкіл отбасы мүшелеріне бір отбасылық дәрігер қызмет көрсетуге тиістігін дәлелдеп, баяндама жасады, мақала жазды. 14 мыңнан астам ауру бар, бір отбасылық дәрігер олардың бәрінің тіпті атауын да білмеуі мүмкін! Педиатр кәсібі 20-дан астам маманды біріктіреді: перзентханаларда нәрестелерді өмірінің алғашқы 28 күнінде қарайтын неонатологтардан бастап, балалар инфекционисті, балалар хирургі, балалардың анестезиолог-реаниматологы және басқасы", – деп түсіндірді Камал Ормантаев.

2017-2018 жылғы жаңа оқу жылында педиатрия мамандығы бойынша дәрігер даярлау қайта жанданды: С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-ға "педиатрия" мамандығы бойынша студент оқытуға 150 мемгрант бөлінді.

Бірақ саладағы кереғар реформалар ізсіз кетпеді, жас ұрпақтың ауыршаңдығына үлесін қосты. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, қазіргі кезде 18 жасқа толмаған балалардың денсаулығында келесідей бұзушылықтар жиі кездеседі:  

  • Семіздік;
  • антропометриялық бұзылулар (баланың физикалық тұрғыдан дұрыс қалыптаспауы); 
  • депрессия;
  • суицидтік ниет;
  • қан түзілуінің бұзылуы (анемия);
  • қан қысымын реттеудің бұзылуы (артериялық гипертензия);
  • ауыз қуысының аурулары;
  • есту патологиясы; 
  • көру патологиясы, көру қабілетінің төмендеуі;
  • эндокриндік аурулар: гипотериоз, қант диабеті.

"Қазақстанда балаларға медициналық көмек кепілді көлем шеңберінде де, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде де тегін көрсетіледі. Өйткені балалар мемлекет есебінен сақтандырылған. Жыл сайын амбулаториялық деңгейде балалардың 100 миллионнан астам консультациялық-диагностикалық қабылдауы тегін жүргізіледі. Тәулік бойы стационарларда 500 мыңнан астам бала көмек алады. Алғашқы туған күндерінен бастап күрделі жоғары технологиялық араласуды қоса алғанда, 100 мыңнан астам операция жүзеге асырылады", – деп хабарлады Денсаумині.

Алайда балалардың дәрігерлері тапшы болып қалуда. Министрлік дерегінше, балалардың денсаулығын сақтау саласында бүгінде шамамен 2 640 педиатр, 773 неонатолог жұмыс істейді.

2024 жылғы 7 ақпанда Мемлекет басшысының жарлығымен Денсаулық сақтау министрі болып, Ақмарал Әлназарова тағайындалғаны мәлім.

Ол Алматы мемлекеттік медицина институтын "Педиатрия" мамандығы бойынша бітірген және 1994 жылдан 2003 жылға дейін педиатрия саласында еңбек еткен. Ол бала дәрігері ретінде бәлкім, балалардың денсаулығын сақтауға баса мән берер? Бұдан Парламент депутаттары да үміттенеді.

"Еліміздегі барлық медициналық ЖОО-ларда 2007 жылдан бастап педиатриялық факультеттер жойылды. Орнына "жалпы медицина 5+2" жаңа жүйесі бойынша маман даярлауға көшті. Яғни, дәрігер 5 жылда бакалавриатты бітіріп, оқуын екі жыл интернатурада жалғастырады. Нәтижесінде, медициналық ЖОО-лар "отбалық дәрігер" аталған жалпы практика дәрігерлерін шығара бастады. Олар еңбектеген сәбиден еңкейген қарияға дейінгі бүкіл отбасы мүшелеріне ортақ медициналық көмек көрсетеді. Бірақ тәжірибе бұл шешімнің қате болғанын көрсетті. Өйткені бала ағзасының өзгешеліктеріне байланысты педиатрия – медицинадағы өз ерекшеліктері бар, күрделі бағыт саналады", – деді Сенат депутаты Советбек Медебаев.

Ол жеті жылдай бұрын "педиатрия" мамандығы бойынша кадр даярлау қайта жаңғыртылғанымен Қазақстанның уақыттан "ұтылғанына" назар аудартты. Алғашқы 2017-2018 оқу жылында небәрі 150 грант Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетіне ғана берілген. Осы мамандық бойынша оқытуға лицензияны ҚазҰМУ 2017 жылғы шілдеде алды және сол кезде педиатрларды даярлайтын жалғыз жоғарғы оқу орнына айналды.

Мысалы, Астана медициналық университеті 2012 жылға дейін "педиатрия" мамандығы бойынша жыл сайын 120-дан астам түлегін түлетіп ұшырып отырған. Алайда Қазақстанның Болон оқу жүйесіне көшуіне байланысты бұл университетте де педиатрия факультеті жабылды. Өйткені Болон конвенциясында педиатрларды даярлау туралы ештеңе айтылмаған.

Астана медуниверситеті 6В10118 "Педиатрия" мамандығы бойынша талапкерлерді қайта қабылдауға бірінші рет тек 2021 жылдың 1 қыркүйегінде кірісе алды. Бүгінде педиатрларды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Семей медицина университеті, Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медуниверситеті сияқты бірнеше ғылым ордасы даярлайды.

Медициналық ұйымдардың педиатрлармен жете қамтылмағанын, тапшылықтың әрі қарау ушыққанын ескеріп, сарапшылар осы мамандық бойынша мемлекеттік гранттар санын арттыруды ұсынды. 2023/2024 оқу жылына бөлінген 88 мың мемгранттың ішінен "Медицинаға" – 1 575, "Педиатрияға" небары 500 грант қана бөлінді.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев Қазақстанда сол бұрынғыдай балалар дәрігері жетіспейтінін растады.

"Шынында, бүгінде балалар қызметінің мамандары – педиатрлар тапшы. Балалар денсаулығын қорғау бейіні бойынша республикамызда 4 мыңнан астам маман бар. Олардың қатарына педиатрлар, балалар хирургтері, неонатологтер және басқа мамандар кіреді. Педиатриялық бейіндер бойынша 600-ден астам штаттық бірлік көлемінде дефицит қалыптасты", – деді министрдің бірінші орынбасары.

Ол 2017 жылы педиатрия саласында бакалавриат пен интернатурада оқыту қайта жандандырылғанын еске салды. Бірақ содан бергі жеті жылдай мерзімде кадрлар саны көп көбейген жоқ. Өйткені тек соңғы екі жылда ғана "Педиатрия" мамандығына берілетін мемлекеттік гранттар саны 200-ден 500 бірлікке өсірілді. Оған түскендер әлі күнге оқып жатыр: 7 жыл (5 жыл бакалавриатта және 2 жыл интернатурада) білім алады. Ендеше тапшылық біраз жыл сақталады.

"Бұған қоса, бүгінде резидентураға мемлекеттік гранттар саны 200-ден 350-ге дейін арттырды. Өткен жылы 230 резидент маман "Педиатрия" бейіні бойынша даярланып шықты. Биыл шамамен 300 резидент шығару жоспарланып отыр. Еліміздегі барлық 8 медициналық жоғарғы оқу орны мен 2 ғылыми-зерттеу институты осы мамандық бойынша резидентурада мамандар оқытып жатыр", – деді Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев.

Кішкентай пациенттерге хирургиялық көмек көрсету деңгейі де алаңдатады. Қазақстанда хирургиялық бейіндегі балалардың төсек-орны тапшы көрінеді.

Республикада 18 жасқа толмаған балалардың саны 7 миллионнан асты. Статистика бойынша, еліміздің барлық өңірлеріндегі мемлекеттік медициналық ұйымдарда  балалардың 775 хирургиялық төсегі ғана бар. Бұдан бөлек, 59 неонаталдық хирургия төсегі, 347 балалар нейрохирургиялық төсегі, 28 балалар кеуде хирургиясы төсегі, 164 балалар кардиохирургиясы төсегі, 470 балалар травматологиялық төсегі, 158 балалар комбустологиялық төсегі, 258 балалар урологиялық төсегі қарастырылған.

Хирургиялық бейін бойынша елімізде жалпы саны 3 407 төсек-орын жайластырылған екен. Былтырғы жылы осы қызметтің дәрігерлері 144 мың баланы емдеді.

Кадр тапшылығын жою үшін 2023 жылы резидентурада "балалар хирургиясы" мамандығы бойынша 50 дәрігер оқытылды. PhD докторантурада 7 докторант, біліктілікті арттыру циклдарында 84 балалар хирургы оқытылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу