Коронавирустық пандемияға байланысты мұнай өнімдеріне сұраныстың төмендеуі "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ-ның да қаржылық жағдайына кері әсер етті. Бұған дейін компания 2020 жылдың І тоқсанында табысы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 есеге қысқарғанын хабарлаған. Сондықтан АҚ қаржылық жағдайды тұрақтандыру бойынша арнайы стратегия әзірлеуде. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "ҚазМұнайГаздың" Адами ресурстарды басқару жөніндегі басқарушы директоры Дәулетжан Хасанов мәлімдеді.
"Бұл стратегия компанияға шығындарды азайтуға және дағдарыстан кейінгі кезеңде мекеменің тез әрі тиімді дамуына мүмкіндік береді. Осы шаралардың аясында директорлар кеңесінің шешімі негізінде компанияның жаңа құрылымы бекітілді. Осыған сәйкес, орталық аппараттың штаттық саны 34%-ға, яғни 729-дан 480-ге дейін қысқарды. Сонымен қатар, орталық аппараттағы департаменттер саны 3 есеге қысқарды, басқарушы директорлар лауазымы жойылды", – деген Дәулетжан Хасанов басшылық құрамының жалақысы да қысқарғанын айтты.
"12 мамырда басқарма шешімімен орталық аппараттың жаңа жалақы төлеу жүйесі бекітілді. Ол жүйе бойынша "ҚазМұнайГаз" басшылық құрамының жалақысы 30%-ға азаяды, ал басшылық қызметтер санының қысқаруына байланысты төменгі лауазымға тағайындалатын орта буындағы менеджерлердің жалақылары 20%-ға дейін төмендейтін болады", – деді компанияның басқарушы директоры.
Сонымен қатар компания қызметкерлеріне енді жылдың соңына дейін ешқандай сыйақы немесе бонустар төлемейді. Әрі компания басшыларына қызметтік көліктер берілмейді.
"Компания меншігінде қызметтік көліктер жоқ. Басшыларға көліктер қызмет көрсету келісімшарты бойынша берілген. Енді одан бас тартамыз. Әр адам жеке көлігімен жүреді. Қосымша шығындар бойынша өтемақы төленбейді", – деді Дәулетжан Хасанов.
Әйтсе де, қатардағы қызметкерлердің жалақысы бұрынғы деңгейде сақталмақ. Ал жұмыстан қысқарғандарға арнайы әлеуметтік-жауапкершілік бағдарламасы әзірленген.
Оның аясында жұмыстан шыққан 249 маманның 10%-ы компанияның еншілес кәсіпорындарына жұмысқа орналастырылады. Ал қалған 90%-ы 3 айлық жалақысын бір реттік өтемақы ретінде алады. Кейін тағы 6 ай бойы "ҚазМұнайГаз" оларға еңбекақыларының 50%-ын төлеп отырады.
"Ал әлеуметтік қорғалған топтағы қызметкерлерге 12 айлық жалақысы бір реттік өтемақы ретінде төленеді. Сонымен қатар әр жұмыстан шыққан адам мен оның отбасы мүшелері 2021 жылдың ақпанына дейін компания есебінен медициналық сақтандыру қызметін пайдалана алады. Бұдан бөлек, ҚМГ компаниялар тобынан жеңілдікпен қарыз алғандардың несие мөлшерлемесі келісім-шарт мерзімі аяқталғанша сақталады", – Дәулетжан Хасанов.
Қысқарған қызметкерлерді қолдау бағытында жүзеге асырылатын жобаның бірі – аутплейсмент бағдарламасы. Яғни, жұмыссыз қалдандарға арнайы коуч-сессиялар ұйымдастырылып, мамандардың мықты тұстары сарапталып, әр адамның жеке даму жоспары жасалады. Осылайша компания мамандарының басқа жұмысқа орналасуына жағдай жасамақ.
"Дағдарысқа қарсы шаралардың нәтижесінде биыл айтарлықтай қаржы үнемдемейміз. Себебі өтемақы төлейміз. Ал 2021 жылы шамамен 5 млрд теңге үнемделеді деп жоспарлап отырмыз", – деп қорытындылады спикер.
Құралай Құдайберген