"Қазпоштаға" қосымша қызмет жүктеледі - Бағдат Мусин

2240

Пошташылар Халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының жұмысын атқарады.

"Қазпоштаға" қосымша қызмет жүктеледі - Бағдат Мусин Фото: Максим Морозов

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және авэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бұл туралы Павлодар облысына сапары кезінде айтты. "Қазпошта" АҚ жергілікті филиалының қызметкерлерімен кездесу кезінде поштаның мүмкіндігі толыққанды пайдаланылмай отырғанын тілге тиек етті.

"Бүгінгі күні пошта қызметі тек газет-журнал таратып, зейнетақы берумен шектеледі. Оның өзінде ауылдықтардың басым бөлігі ақпаратты интернеттен, қарттар зейнетақыны банк карталары арқылы алуға дағдыланып келеді. "Олай болса елді мекендерде пошта не үшін керек?" деген сұрақ туындайды. Бұл сауалға бірнеше жауап бар", - деді Бағдат Мусин.

Министрдің сөзінше, "Қазпоштаның" ауылдық жерлердегі қызметкерлерін арнайы курс арқылы оқытып, электронды үкімет порталының қызметін үйрету керек. Сол кезде олар ауылдастарына мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алуға көмектеседі. Есесіне тұрғындар құжаттар мен анықтамаларды аудан, облыс орталықтарына бармай-ақ алады. Бұл жұмыс келесі жылы басталады.

"Қазпоштаның" тағы бір басымдығы - электронды сауда-саттықтың дамуына үлес қосуы. Қазіргі таңда тұрғындардың басым бөлігі интернет дүкендер арқылы киім-кешек, басқа да тауарлар алады. Курьерлік қызметтер сол тауарларды қалаға дейін ғана жеткізе алады. Ал "Қазпоштаның" еліміздегі 3700 бөлімшесі шалғай ауылдардағы тұрғындарға қалаған тауарын үйге дейін әкеліп береді. Павлодар қаласындағы бір бөлімшенің өзі күніне 600-700 сәлемдеме таратады екен. Демек, сұраныс бар. Енді сол сұранысты "Қазпоштаның" табыс көзіне айналдыру керек", - деді Бағдат Батырбекұлы.

Ел үкіметі соңғы үш жылда "Қазпошта" акционерлік қоғамына қомақты қаржылай қолдау көрсетіп отыр. 2017-2019 жылдар арылығында қазынадан 1,5-2 млрд теңге көлемінде субсидия берілсе, биыл бұл сома 4 млрд теңгеге дейін көбейді. Келесі жылы қаржы көлемін тағы да көбейту жоспарланып отыр. Министр Мусин мұндай көмектің көрсетілуі тегін емес екенін айтты. Себебі "Қазпошта" газет, зейнетақы таратуымен ғана емес, цифрлық қызметтер мен электронды коммерцияны дамыту үшін де маңызды болып отыр.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу