"Қазпоштаны" басыбайлы иелене жаздаған компания банкрот алдында тұр

1308

Ресейде пошта қызметі деградацияға ұшырады, ал Қазақстанда өркендей бастағанға ұқсайды.

"Қазпоштаны" басыбайлы иелене жаздаған компания банкрот алдында тұр Фото: top-fon.com

Үкімет "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына "Қазпоштаны" 2021 жыл соңына дейін жекешелендіруді тапсырды. Алайда ол кезде қалпымен шығынға батқан ұлттық компанияны бірде бір инвестор алғысы келмеген.

Билік Қазақстанның поштасын тіпті 2022 жылы ІРО-ға шығармақшы болды. Онысынан да түк шықпады.

2021 жылы Қазақстаның пошта қызметін өз иелігіне алуға "Почта России" тілек білдіргені туралы ақпарат тарады. Бұл қазақстандық қоғам мен сарапшылардың арасында резонанс тудырды, билік бағытына сын садағы борады. Өйткені "Қазпошта" еліміздегі ең көп тармақталған компания, оның филиалдары мен бөлімшелері ең шалғай аудандарға дейін қамтиды. Сол себепті мемлекет оны көптеген бағдарламалардың операторы етіп бекітті.

Пошташылар ауыл-аймаққа зейнетақы, жәрдемақы және басқа төлемдерді таратады. Банк мәртебесіне де ие. Оның базасында еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейінге қазақстандықтар туралы толымды ақпарат, дербес деректер бар. Сарапшылардың байламынша, енді соның бәрі ресейдің мемлекеттік корпорациясының, яғни Мәскеудің қолына түссе, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнбек. 

Бұл ескі билікті райынан қайтарды. Қанды қаңтар оқиғасынан кейін, 2022 жылдан бері "Қазпошта" жекешелендірілуге тиіс мемлекеттік автивтің кешенді жоспарында көрінбейді. Әзірге алып тасталды.

Осы аптада белгілі болғанындай, қазақстандық пошта қызметі алғаш рет шығын батпағынан шығып, өсім жолына аяқ басыпты.

"Қазпошта" АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасованың мәліметінше, "Қазпошта" шығындарды оңтайландыру, электронды коммерцияны және басқа қаржылық қызметтерді дамыту есебінен соңғы 5 жылда алғаш рет биыл шығыны аз, табысты мекемеге айналып отыр. "Қазпоштаның" 8 айдағы кірісі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 44 пайызға немесе 16,7 миллиард теңгеге артты.

Әсел Жанасованың сендіруінше, еліміздің шалғай елді мекендерінде "Қазпоштаның" бөлімшелер желісін кеңейту жоспарланып отыр. Бұл пошта, қаржы, агенттік, әлеуметтік және мемлекеттік қызметтерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұған дейін пошта бөлімдері тек оңтайландырылып, жабылумен болған.

Компанияның болашақ жоспарлары ауқымды: алыс ауылдарда "Қазпошта" электронды коммерция нарығының субъектілері үшін бірыңғай экожүйе құруға ниетті. Ол үшін компания фулфилмент орталықтарын дамытады. Отандық және шетелдік танымал маркетплейстер үшін тапсырыс беру пункттерін ашпақ. Қоймалар мен поштамат желілерін кеңейту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алда Ақтөбе қаласында, Түркістан және Алматы облыстарында логистикалық хаб салуды жоспарлауда. Мұндай ең ірі логистикалық орталығы осы бейсенбіде Астанада ашылды. Қазақстанның поштасымен Эстония және өзге елдер ынтымақтастығын жолға қоюда.

Ал "Почта России" болса, РФ үкіметіне жүгініп, Ресейдің өңірлеріндегі шығынды бөлімшелерін жаппай жабуға рұқсат сұрады. Бұл туралы РБК жазып отыр.

Бүгінде компанияда шығыстардың тәуелсіз аудитті басталып кетті. Онсыз-ақ Ресей поштасының дәрменсіз жағдайға жеткені белгілі болды. Ол туралы таяуда РФ сенатының басшысы Валентина Матвиенко жариялады.

"Почта Россиидің" өз дерегінше, 2023 жыл қорытындысында компанияның таза шығыны 27-38 миллиард рублге жеткелі тұр. Онда банкрот болуы мүмкін.

"Бұған жеткізбеу үшін пошта бірнеше шара қабылдауды ұсынды. Оның арасында өңірлердегі шығынды бөлімшелерді жаппай жабу, компанияны бюджеттен 117 млрд рубльге қосымша капиталдандыру, оның шығындарын Ұлттық әл-ауқат қоры есебінен қайта қаржыландыру бар", – деп мәлім етті ресейлік ақпарат құралдары.

Соған қол жеткізу үшін алдымен аудиттің қорытындылары қажет көрінеді. РБК-ның биліктегі дереккөзі аудит нәтижелері болмай, үкімет ешқандай шешім қабылдамайтынын хабарлады. Компанияның директорлар кеңесінің соңғы отырысында әл-ауқат қорынан қаражат бөлу қарастырылып отырмағаны белгілі болыпты.

"Почта Россииді" қаржыландыруды мемлекет 2014 жылдан бері доғарды. Компания өз табыстарына күнелткен. Алайда былтыр соғыс басталғалы, күрт оқшауланған Ресеймен бірге оның да өрісі тарылған.

Содан биылғы қыркүйек айының соңында РФ парламентінің жоғарғы палатасы – федерация кеңесінің спикері В.Матвиенко РФ поштасының проблемалары шұғыл шешуді талап ететінін мәлімдеді. Сенат басшысының айтуынша, әйтпесе, "ондағы қаржылық ойық алапат құрдымға айналып кетеді де, соған бүкіл ел құлайды". Яғни, Ресейдегі қараң қалған деревнялар, алыстағы аудандар, қиырдағы өлкелер жұртшылығы мемлекеттен алатын азын-аулақ көмегінен қағылмақ.

Палата отырысына қатысқан Экономикалық даму министрі Максим Решетников аталған компанияның қаржылық ахуалы "зор алаңдаушылық туғызатынын" мәлім етті.

"Почта России" әзірлеген есептемелерінен оның қарызы 2022 жылдың соңында 153,5 миллиард рублден асып кеткені анықталды. Соның ішінде тек былтырғы бір жылда 30,4 млрд рубльдей жиынтық шығын шеккен.

Компания үкіметтен өзіне қойылған шектеулерді жұмсартуды, мысалы, шығынды бөлімшелерін жабуды сұрады. Бұл жерде РФ билігі Сбербанкке шығынды бөлімшелерін жаппай жауып тастауға рұқсат етілгенін үлгіге келтірді. 

Оның жоспары мақұлданса, тіпті республикалардың, өлкелердің, облыстардың орталықтарында да пошта қызметі деградацияға ұшырауы ықтимал. Федералдық орталықтарға хат-хабар, сәлемдеме жеткізу жиілігі аптасына 6 реттен 5 ретке дейін кемітіледі. Муниципалдық орталықтарға жеткізу жиілігі қазіргі бестен үшке дейін, өзге қалаларға – үштен бір ретке дейін азайтылады.

РФ поштасы шығының көптігі, қарызының шектен тыс қордалануы салдарынан дамуға инвестиция салуға, сондай-ақ жеткізу көлемін арттыруға еш мүмкіндігінің жоқтығын жариялады. Салдарынан клиенттік сервисінің сапасы құлдыраған. 

"Почта России" бағалауынша, оның жоспарындағы барлық шаралар орындалғанның өзінде компания 2024 жылы небәрі 6 млрд рубльдей таза табыс таба алады. Мемлекеттен қолдау болмаса, РФ пошта қызметі шығынға бата береді.

Әзірге компания пандемия кезінде жабылған бөлімшелерін толыққанды аша алмай жатыр. 1,5 мыңының ғана жұмысы қалпына келтірілген. Қалған 1 мыңнан астамы (997-сі – селоларда) есігіне қара құлып салынған күйде жатқан көрінеді.

Егер РФ билігі "Почта Россииге" шығынды бөлімшелерінен арылуға рұқсат етсе, солтүстік көршіде тіпті өткен ғасырдағы соғыс кезінде де болмаған зұлматты бетбұрыс басталуы ғажап емес. Бүгінде оның иелігінде 38 мыңнан астам бөлімшесі бар. Оның басым көпшілігі, шамамен 27 мыңы – селолар мен шалғайдағы деревняларда орналасқан. Салдарынан, "Почта России" басшысы Михаил Волковтың айтуынша, "табыстылық-маржиналдылығы теріс мәнге ие, шығынды және тек қана әлеуметтік миссияны атқарады".

Ақпарат құралдарына түсініктеме берген ресейлік сарапшы, "INFOLine-Аналитика" компаниясының бас директоры Михаил Бурмистров поштаның бұл ұсынысын қисынды және экономикалық негізделген деп бағалады.

"РФ поштасы бөлімшелерінің бір бөлігін жауып тастау – бүгінгі жағдайда қисынды қадам. Ресейдің барлық елді мекенінде пошта бөлімшесінің болуы міндетті емес. Оларды ара-тұра барып тұратын автокөліктер және басқасы ауыстыра алады", – деді Бурмистров.

Кезінде Қазақстанның бүкіл мемлекеттік пошта жүйесінің тізгінін осынау іске қыры, дамуға қауқары, табыс табуға біліктілігі жоқ компанияға ұстатып жібермегені дұрыс болғаны енді анықталып отырғандай.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу