"ҚазТрансГаз Аймақ" акционерлік қоғамы мұндай мүмкіндікті санаулы компанияға ғана ұсынып отыр. Сауда нарығындағы бәсекелестік жағдайын талдаумен айналысатын монополияға қарсы жұмыс тобының кезекті отырысында осындай шағымдар айтылды.
Жиында, сондай-ақ елдімекендерді көгілдір отынмен қамтудың еуропалық моделін енгізу ұсынылды. Осы арқылы саладағы бәсекелестікті дамыту көзделген. Мұндай жүйе бойынша "ҚазТрансГаз" компаниясы қазіргі газ сатып алу монополиясынан айырылып, тек оны тасымалдау саласында ғана жеке дара басымдыққа ие болмақ. Табиғи газды жекелей және толайым сату ісінде монополия жойылып, ұсақ ойыншылар алаңға шығуы керек. "ҚазТрансГаз" компаниясының өкілдері мұндай жүйе көгілдір отынның бағасын реттеу тетіктерінен айырып, баға нарығында бассыздық болады деген уәж айтты. Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің төрағасы Рустам Ахметов мұндай болжамның негізі бар екенін растады.
"ҚазТрансГаз" толықтай мемлекеттің қарамағындағы компания болғандықтан, саладағы баға саясатын толықтай мемлекет реттеп отыр. Соның арқасында бізде табиғи газдың бағасы ТМД көлемінде өте арзан саналады. Ал Еуропа елдерімен салыстырсақ, мүлде арзан. Бірақ кез келген монополияның кері әсері болады. Басқарудың тиімсіздігі, шектен тыс шығын, өнімділіктің құлдырауы сияқты жағымсыз құбылыстар пайда болуы мүмкін. Мұның бәрі көгілдір отынның бағасына әсер етеді. Әзірге салада ондай кері әсерлер байқалмағанымен, ақпарат әркелі. Табиғи монополия өкілдерінің қолындағы мәлімет реттеуші органдардың қолында жоқ. Сондықтан еуропалық жүйе қаншалықты тиімді деген мәселе ортаға шығып отыр", – дейді комитет басшысы.
Осы салада қызмет көрсетіп жүрген кәсіпкерлер көгілдір отынның өз бағасын қойып, оны жалғау жұмыстарының құны қолдан жасалып отыр деген пайым айтты. "Бірлік газ" жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар қауымдастығының директоры Ерғали Жәнібеков "ҚазТрансГаз Аймақ" компаниясы мердігерлерді алалайды деген пікір білдірді.
"Заң бойынша "ҚазТрансГаз Аймақ" компаниясы газ есептегіштен ары ішкі жұмыстарға араласа алмайды. Әр үйдің иесі іргеге келген газға мердігер жалдау арқылы қосылуы керек. Бірақ монополист бұл жерде де өз дегенін істеп отыр. Компания басшылығының бұйрығымен бекітілген тізім бар. Сол тізімге енген мердігерлер ғана газ жалғауға құқылы. Ал олардың ұсынып отырған бағасы біздікінен 30-40 пайыз қымбат", – дейді Ерғали Жәнібеков.
Расымен де, "ҚазТрансГаз Аймақ" компаниясының тендерін ұтып жүрген компаниялар бір үйді газға жалғау үшін 120 мың теңгеден астам ақы сұраса, тәуелсіз мердігерлер бұл қызметті 75 мың теңгеге жасап беруге дайын. Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті бұл мәселеде тәуелсіз мердігерлердің ұстанымын қолдап отыр. Ал бұйрық арқылы тізім бекіту ісімен жеке айналысуға дайын.
"Қазір халықты табиғи газбен қамту қызметінің 70 пайызы онсыз да бәсекелі ортаға жіберілген. Есептеуіш құралдардағы деректерді тіркеу, тұтынған газдың ақысын жинау сияқты қызметтерді жеке кәсіпкерлер атқарып отыр. Үйлерді газға қосу жұмысын неге бәсекелі ортаға бермеске? Осы арқылы бұл қызметтің бағасын 30-40 пайызға арзандатудың мүмкіндігі туып тұр. Біртіндеп осыған келуіміз керек", – деді Рустам Ахметов.
"ҚазТрансГаз" компаниясы бас директорының трансформация және даму жөніндегі орынбасары Ерқанат Темірханов мұның ар жағында қауіпсіздік мәселесі тұрғанын айтып, басты назарда бағадан бұрын адамдардың амандығы тұру керек деген уәж айтты.
"Үйдің құбырға дұрыс жалғанбауынан 29 адам қаза болған. 4 жыл бұрын бұл көрсеткіш мүлде төмен болатын. Қазір Оңтүстік өңірлерде газға жалғау жұмыстарын жеке меншік ұйымдар атқарады. Біз бұл істі бәсекелі ортаға тапсырған күннен бастап өлім көбейіп кетті. Сондықтан бағадан бұрын бас амандығын ойлау қажет. "ҚазМұнайГазды" газ сатып алу монополиясынан айырудың да аяғы жақсы болмауы мүмкін. 2025 жылы бірыңғай экономикалық кеңістікке өтеміз. Осы кезде одақтас елдер бүкіл газды сатып алып, өзіміз көгілдір отынсыз қалып жүрмейік", – деді "ҚазТрансГаз" өкілі.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің төрағасы Рустам Ахметов бұлай алаңдауға негіз жоқ екенін айтады.
"Расымен де үйлердің газға дұрыс жалғанбауынан 29 адам қайтыс болған. Бірақ бұл бүкіл жұмысты монополиске өткізіп беруге негіз бола алмайды. Өндіріс пен шаруашылықтағы қауіпсіздікті қадағалайтын арнайы органдар бар. Солар мүлтіксіз жұмыс істесе, дер кезінде ақаудың алдын алып отырса, қайғылы жағдайлар болмайды. Қауіпсіздікті желеу етіп, монополияға жол ашуға болмайды. Қазіргі заңнама бойынша табиғи газды толайым сатып алу құқығына толықтай "ҚазТрансГаз" ие. Сондықтан бірыңғай экономикалық кеңістікке өтсек, одақтас елдер бізді газсыз қалдырады деген байбалам да орынсыз. Бұл істегі бақылау толықтай мемлекеттің бақылауында", – деді Рустам Ахметов.
Есімжан Нақтыбайұлы