ҚБТУ жекешелендіру кезіндегі ең қымбат нысандар үштігіне кірді

603

Қазақстанда мемлекеттік сауда-саттықта сатылған ең қымбат және арзан лоттар белгілі болды.

ҚБТУ жекешелендіру кезіндегі ең қымбат нысандар үштігіне кірді Фото: freepik

Осыған дейін мемлекеттік сауда-саттықта сатылған ең қымбат және арзан лоттардың тізімін ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті "Курсив" басылымына ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Мәмілелер сомасы 1 теңгеден басталып 11,85 млрд теңге дейін жетті.

Сатылған ең қымбат дүниелер қатарына ұлттық холдингтерге тиесілі ірі компаниялардың акциялары, ал арзандары — мемлекет кірісіне айналдырылған тәркіленген мүлік жатады.   

Auction.gosreestr.kz сайтында сатылған ең қымбат лот — "ҚазМұнайГаз" ҰК тиесілі "Еуро-Азия Эйр Авиакомпаниясы" АҚ акцияларының 100%-ы болды. Лоттың бастапқы бағасы 11,84 млрд теңгені, ал қорытынды бағасы 11,85 млрд теңгені құрады. 

Аталмыш авиакомпания 1997 жылы құрылып, жолаушылар мен жүктерді чартерлік тасымалдауға мамандандырылды. Негізінен мұнай және газ құбырларын, электр беру желілерін патрульдеумен, адамдарды Қашаған мұнай платформаларына жеткізумен айналысты. 

Қымбатшылығы бойынша екінші орында 2011 жылдан бастап "Самұрық-Энерго" АҚ сенімгерлік басқаруында болған "Шығыс Қазақстан өңірлік энергетикалық компаниясы" АҚ акцияларының 100%-ы тұр. Бұған дейін компанияны 12 жыл бойы америкалық инвестор AES басқарып келді. Бұл лоттың бастапқы бағасы 9,5 млрд теңгені, ал қорытынды бағасы 11,82 млрд теңгені құрады. 

Компания 1997 жылы құрылған және ШҚО-да электр энергиясын өндірумен, оны таратумен айналысқан. 2017 жылы өнеркәсіп нысаны жекешелендіру бағдарламасы аясында сатылымға шығарылды. 

Үшінші орында "ҚазМұнайГаз" ҰК тиесілі "Қазақстан-Британ техникалық университеті" АҚ акцияларының 100%-ы болды. Бұл лоттың бастапқы бағасы 11,36 млрд теңге, ал қорытынды бағасы – 11,37 млрд теңге болды.

Білім беру нысаны 2001 жылы Қазақстан Үкіметі мен Британ Кеңесінің қолдауымен құрылды. Негізгі мақсаты — мұнай-газ саласына кадрлар дайындау. 2018 жылы ол жекешелендіру объектілерінің тізіміне енгізілді. 

Төртінші орында - "Қазақстан темір жолы" ҰК тиесілі "М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы" АҚ акцияларының 100%-ы. Бұл лоттың бастапқы бағасы 10 млрд теңге, ал қорытынды бағасы 10,25 млрд теңге болды. 

Академия 1931 жылы құрылды және көлік және коммуникация саласындағы жетекші оқу орны атанып үлгерді. 2018 жылы ол ҚТЖ-да жекешелендірудің екінші толқыны аясында сатылымға шығарылды. 

Бесінші орында — "Қазақстан темір жолы" ҰК тиесілі "Транстелеком" АҚ акцияларының 26%. Бұл лоттың бастапқы бағасы 9,4 млрд теңге, ал қорытынды бағасы 9,45 млрд теңге болды. Компания 1999 жылы құрылып, Қазақстан аумағында байланыс және интернет қызметтерін ұсынумен айналысып келді. 2018 жылы жекешелендіру объектілерінің тізіміне енгізілді.

Аукционда сатылған ең арзан лоттарға келер болсақ, олардың қатарына құқық бұзушылардан тәркіленген және мемлекет меншігіне айналған заттар мен мүліктер кіреді. Олардың арасында "TENDA" модемі, "тал" ағашының діңі, күртеше, балға және қара металл сынықтары сияқты ерекше лоттар кездескен. Бұл лоттардың бастапқы бағасы 500-ден 42 000 теңгеге дейін 1-ден 1,32 теңгеге дейін сатылды.

Ең ұзақ сатылған лот. Комитеттің мәліметінше, Қызылорда облысының "Қармақшы аудандық ішкі саясат бөлімі" ММ балансында тұрған 1996 жылғы Toyota Camry автокөлігі сауда-саттыққа қайта-қайта шығарылып, ең ұзақ сатылымда тұрған лот атанды. Көлік 2014 жылдан бастап 12 рет сауда-саттыққа шығарылды. Бастапқы бағасы 320 000 теңгеден 164 270 теңгеге дейін төмендеді, бірақ автомобиль ақыры сатылмады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу