"Кедейлер" – аз, "байлар" – көп салық төлеуге тиіс

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
17732

Үдемелі өлшем жалақыны конвертпен алатындардың санын қысқартады.

"Кедейлер" – аз,  "байлар" – көп салық төлеуге тиіс

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында әлеуметтік әділдік үшін қолданысқа жалақы мен басқа да кіріс түрлеріне қатысты жеке табыс салығының үдемелі өлшемін енгізу мәселесін пысықтайтын уақыт жеткенін жариялады.

"Үдемелі өлшемге сәйкес жалақысы төмен азаматтар салықты қазіргіден аз төлейді. Ал еңбекақысы жоғары қызметкерлердің төлейтін салығы артады. Мақсатымыз – еңбекақы төлеудің  мейлінше кең тараған әрі жасырын тәсілін "көлеңкеден" шығару. Егер тиісті салық мөлшері қысқаратын болса, жалақыны жасырын төлеудің қажеттілігі болмайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Біле жүріңіз, бұл қадам жалақыны конвертпен алатын азаматтардың санын азайтып, салық төлеушілердің қатарын көбейту үшін жасалып отыр.

Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, айына 250-300 мың теңге жалақы алатын азаматтар 10% емес, 7% табыс салығын төлеуге тиіс. 300 мың теңге мен 1,5-2 млн теңгеге дейін табыс табатындар үшін қазіргі 10% мөлшерлеме сақталуы керек. 

"Жылына 25 млн теңгеден көп табыс табатын азаматтар үшін табыс салығының пайыздық мөлшерлемесін арттыру қажет. Бұл мәселені үкіметтік комиссия нақтылайды", – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жеке табыс салығының пайыздық мөлшерлемесінің шекті деңгейін 15%-дан асырмау керек.

Айта кетейік, Президенттің тапсырмасын орындау үшін Ұлттық экономика министрлігі жанынан жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына парламент депутаттары, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен қоғам қайраткерлері енді.

Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Тәкиев үдемелі өлшем бойынша жеке табыс салығының шегі мен мөлшерлемесіне қатысты мәселе ашық талқыланатынын айтты.

"Бұл шара қолға енді алынғандықтан үдемелі өлшемнің мөлшерлемесі қандай болатынын әзірге айту қиын. Нақты әрі дәйекті ақпарат жұмыс тобының басқосуынан кейін белгілі болады", – деді вице-министр.

Саясаттанушы Ерлан Саиров үдемелі өлшем Еуропа елдерінде кең тарағанын тілге тиек етіп: "Мұны "Еуропа-Скандинав моделі" деп атайды. Еуропалық стандартқа сай өмір сүру үшін бізге осы тәсілге жүгінуге тура келеді. Үдемелі өлшемнің шекті деңгейі Президент айтқан 15%-дан аспауға тиіс. Шекті деңгей бұдан жоғары болса, адамдар табысын жасыра бастайды", –десе, GSB UIB бизнесті талдау орталығы директорының орынбасары, экономист Мақсат Халық: "Жалақысы жоғары адамдар мемлекетке тапқан табысына сай салық төлеуге тиіс. Мемлекет олардан бюджетке түскен түсімді трансферттік шығындар мен әлеуметтік төлемдерді жабуға жұмсайды. Осылайша қоғамда әділдік орнатуға тырысады", – деді.

Оның сөзінше, қоғамда жалақысын конвертпен алып жүрген адамдар бар.  Олар бұл қадамға салық төлеуден жалтаруды мақсат тұтып емес, тапқан табысын отбасын асырауға жеткізу үшін барады.

"Адамдарды да түсіну керек. Олар жақсы өмір сүргендіктен салық төлемей жүрген жоқ. Кез келген елдің жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі 10 мың доллардан төмен болса, ол кедей ел саналады. Бүгінгі таңда бізде жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 8 500 доллар шамасында. Халық тапқан табысының 50%-ын азық-түлікке жұмсайды. Дамыған елдерде азық-түлік алуға айлық табыстың 8-10%-ы ғана жетеді", – деді GSB UIB бизнесті талдау орталығы директорының орынбасары.

Президенттің штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов әу баста халық табыс салығына үдемелі өлшем енгізу дегенді қазіргі 10% мөлшерлемені ұлғайту деп қате түсінген. Салдарынан әлеуметтік желіде түрлі әңгіме өрбіген.

"Қазір 100 мың теңге жалақы алатын адам мен 400 мың теңге табыс табатын адам бірдей, яғни 10% жеке табыс салығын төлейді. Әділдік тұрғысынан қарағанда бұл дұрыс емес. Қолданысқа үдемелі өлшем енгізілсе, табысы аз адамдар аз, табысы көп адамдар көп салық төлейді. Яғни үдемелі өлшем халықтың басым бөлігі үшін тиімді болады", – деді Олжас Құдайбергенов.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу