Кеденде кедергі көп

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2184

Тиімсіз баға индикаторы кәсіпкерлердің қалтасын қағып жатыр. 

Кеденде кедергі көп Фото: inform.kz

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов кәсіпкерлер тарапынан тауарлардың кедендік құнын түзетуге қатысты шағым түсіп жатқанын мәлімдеді. Бизнес-омбудсменнің айтуынша, сырттан тасымалданатын тауарлардың кедендік құнын бақылау кезінде кеден органдары тиімсіз баға индикаторын қолданады. Бұл кәсіпкерлердің сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыруына кедергі келтіреді.

"Әңгіме кедендік заңнаманы бұзушылар турасында емес, кедендік тазарту кезінде мәлімделген құнды растау үшін барлық қажетті құжаттарды ұсынатын адал бизнестің зардап шегуі жайында болып отыр", – деді Рустам Жүрсінов.

Ол қыркүйек айындағы жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шағын бизнесті дамыту мен сақтауға ерекше назар аударғанын тілге тиек ете келіп, кәсіпкерлерге "қысым" көрсету қолдау шараларымен қатар жүріп жатқанын жеткізді.

"Мұндай қорытынды жасауға 2020 жылғы 1 сәуірден бастап барлық тауарларға кедендік құн индексінің 3-тен 18 есеге дейін артуы негіз болды. Бизнесте қазір 2 жол бар: депозитке келісу, содан кейін ұзақ уақыт мәлімделген кедендік құнды дәлелдеу немесе шығынға батып, кеден органдары ұсынған құнды бірден қабылдау. Менің ойымша, бұл өте үлкен әкімшілік кедергі. Өз позициясын қорғау мақсатында бизнес депозитті қамтамасыз ету үшін айналым қаражатын өзге арнаға бұруға, уақытша сақтау қоймаларының сақтау қызметі үшін ақы төлеуге cонымен қатар келісімшарттағы міндеттемелерді бұзғаны үшін айыппұл төлеуге мәжбүр болады", – деді Рустам Жүрсінов.

Оның айтуынша, кәсіпкерлер жаңа сайт құруды және сол арқылы төмен бағада баламасыз құн бекітуді талап етуде. Себебі қазір Қазақстанда кедендік рәсімдеуден өте алмаған азаматтар мәселені Қырғызстанда шешіп жүр.

"Орташа кедендік құнда тауардың сипаттамасы ескерілмейді. Бір кодпен түрлі брендтердің, модельдердің тауары әкелінеді. Брендтелген тауар бірнеше есе қымбат тұрады, ал баға туралы ақпарат бірдей. Баға туралы ақпарат қалай қалыптасады? Баға қайдан алынады? Неліктен кеден органдары баға туралы ақпаратты адал кәсіпкерлерге қатысты қолданады? Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің хабарлауынша, баға сараптамалық бағалау әдісі негізінде бекітіледі. Бұл жердегі сараптамалық бағалау деген  не? Оған қалай ықпал етуге болады? Өкінішке қарай, біз осы сұрақтарға толық жауап ала алмай отырмыз. Біздің ойымызша, бүгінгі таңда барлық тауар бойынша баға жоғары. Жалпы, кеден органдары жұмыс істейтін жүйе ашық, айқын, түсінікті болуға тиіс. Адал бизнес зардап шекпеуі керек", – деді бизнес-омбудсмен.

Рустам Жүрсінов мәселені шешу үшін бизнес-омбудсмен аппараты мемлекеттік сатып алулар комитетімен бірлесіп, кеден органдарының кедендік құнды бақылау ерекшеліктері бойынша ұсыным әзірлегенін айтты. Онда тәуекелдердің құндық бейіндерінің санын қысқарту; мемлекеттік кірістер комитеті сайтында орналастырылған баға ақпаратын қалыптастыру тәртібін құндық бейінге барынша жақындату; баға ақпаратын қалыптастыру процесін цифрландыруды қамтамасыз ету; аумақтық мемлекеттік кірістер органдарында ЭЫДҰ елдеріне қатысты кедендік құнның даулы мәселелері бойынша шешім қабылдауды қамтамасыз ету сынды маңызды мәселелер қамтылған көрінеді.  

Абылай Бейбарыс


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу