Ел экономикасындағы ірі проблемаларының бірі ел аумағындағы заңсыз тауар айналымы екені жасырын емес. Қазақстанда 2017 жылғы 27 қарашада бағалы аң терісінен жасалған бұйымдарды таңбалау бойынша пилоттық жоба енгізілген болатын. Дегенмен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, тері бұйымдарының заңсыз импорты, айналымы, сатылымы жалғасуда.
Нарықта адал емес кәсіпкерлердің қатары көбеймесе, азаймаған. Салықтың және кедендік баждардың төленбеуі кесірінен мемлекеттік бюджетке зиян келіп жатыр.
Ведомство өз талдауында қызықты, әрі жаға ұстатар бір дерек келтірді.
"Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының және Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің деректеріне сәйкес, тері бұйымдарын қоса алғанда, киім заттары саудасындағы көлеңкелі нарықтың үлесі 54%-ды құрады. Бұған қоса, серіктес-елдерден тасылатын импортқа қатысты статистикада сәйкессіздік тым үлкен, бұл көлеңкелі импорттың елеулі көлемінен хабар береді. Мысалы, импорт бойынша Қытаймен салыстырғанда ресми статистика деректері арасындағы айырмашылық 500 есеге дейін жетеді: бір жыл ішінде Қытайдан Қазақстанға 265 мың 998 дана тері бұйымдары жөнелтілген, Қазақстанда тек 528 данасы ресми тіркелді. Түркия деректерімен арадағы айырмашылық – 5 еседей: олардан 6 639 данасы кеткен, елде 1 414 данасы тіркеуге алынды", – деді меморган.
Тонның түгін тартсаң, түйткіл шығады
Жалпы, салада қордаланған мәселелер шешімін таппаған көрінеді. ИИДМ мәліметінше, біріншіден, Қазақстанда әлі күнге дейін тауар айналымының орталықтандырылған ақпараттық жүйесі жоқ.
Екіншіден, кәсіпкерлік субъектілерінің қажетті деректерді орталықтандырылған жүйеге беруі бойынша міндеттері белгіленбеген. Тиісінше, олар әр тон-ішікке қатысты ақпаратты ұсына бермейді. Салдарынан, тұтынушылар тауардың заңды әлде заңсыз импортталғанын білмейді, қажетті мәліметті ала алмайды, сондықтан контрабандалық өнімді тұтынуға мәжбүр.
Үшіншіден, "тауарлардың импорттан не өндірістен бастап түпкілікті тұтынушыға дейінгі қозғалысын қадағалайтын функциясы бар сәйкестендіру құралдарымен тауарларды таңбалау механизмі" сол бойы жолға қойылмапты.
Қазіргі кезде елімізде небары 29 шағын цех бағалы тері бұйымдарынан сыртқы киім тігеді. Сеңсең ішік пен бұлғын тонның қалғаны тегіс Қытай, Түркия, Ресей, Грекия секілді шет мемлекеттерден тасылады.
Осы орайда индустрия министрлігі Үкіметке тұйықтан шығудың жолы ретінде бүкіл Қазақстан бойынша "тері бұйымдарын міндетті цифрлық таңбалауды енгізуді" ұсынып отыр. Бұл жаңалық әлгі аз шоғыр отандық өндірушілерді және мыңдаған саудагерлерді – импорттаушыларды, дистрибьюторларды және бөлшек сауда орындарын қамтиды. Яғни, пилоттық жоба аяқталды, енді бұл міндетке айналмақ.
"Тері бұйымдарын таңбалау бойынша пилоттық жобаның қорытындысы көрсеткендей, тауарларды цифрлық таңбалаудың көлеңкелі тауар айналымымен күрестегі тиімділігі жоғары болып шықты. 2018 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда, 2019 жылы тері бұйымдарын өткізуден келген салықтар мен кедендік төлемдердің түсімі 648 миллион теңгеге өсті: 2018 жылы 575,1 миллион теңге ғана болса, 2019 жылы 1 миллиард 223,1 млн теңге түсті. Жалпы, 2021 жылғы жағдай бойынша 323 мың 241 бірлік тері бұйымы таңбаланды. "Тауарларды таңбалау" сервистік бағдарламалық өнімде тіркелген тері бұйымдары нарығы субъектілерінің саны 2 мың 995-ті құрайды", – деді министрлік.
Таңбалаудан қандай пайда келмек?
ИИДМ түсіндіруінше, тері бұйымдарын жаппай әрі міндетті цифрлық таңбалаудың пайдасы жетерлік. Біріншіден, ол Қазақстан аумағында тауарлардың заңды айналымын қамтамасыз етуге тиіс: "көлеңкелі нарық үлесі 54%-дан 27%-ға дейін төмендейді". Нәтижесінде, 2025 жылға дейін кедендік баж алымы мен қосылған құн салығы есебінен бюджет 2 миллиард теңгеге қосымша толығады. Яғни, салық және кедендік төлемдердің жиналуы артады.
Екіншіден, тұтынушылардың құқықтары қорғалады және оларды жаңылыстыратын іс-әрекеттерге тосқауыл қойылады. Әйтпесе, әлеуметтік зерттеу көрсеткендей, қазақстандықтардың 61%-ы тұтынушы құқығын қорғаудың қазіргі жүйесіне қанағаттанбайды. Оның үстіне сапасыз тауарлардың 86%-ы импорттық тауарларға тиесілі екен.
Үшіншіден, заңсыз тауар айналымына қарсы іс-қимыл саласында мемлекеттік басқару жетілдіріледі. Төртіншіден, қоғамда сатушылар мен сатып алушылар мәдениеті жоғарылайды деп күтілуде. Халық цифрлық таңбасының жоқтығына қарап, қымбат тонның заңсыз саудаланып жатқанын білсе, құзырлы органдарға хабарлауы мүмкін. Бұл өз кезегінде саудагерлерді заңды тауар сатуға түпкілікті көшуге итермелейді.
Бесіншіден, бүгінде Қытайдан, басқа елдерден контрабандамен және пара беру жолымен заңсыз тасымалданатын тері бұйымдарының тым көптігі адал кәсіпкерлерге нұқсан келтіруде. Демек, таңбалаудың жаппай енгізілуі осы нарықта адал бәсекелестіктің дамуына жол ашады.
Алтыншыдан, тауарларды "маркировкалау" Ресей бастамасы саналады, олар біздегідей тек тон және темекімен шектелмей, 2021 жылы тонды, темекі мен сигарет түрлерін, киімдерді, аяқ киімді, дәрі-дәрмектерді, сыраны, парфюмерия өнімдерін, фотоаппараттар мен фототехниканы, дөңгелек-шинаны міндетті таңбалауға кірісті.
Ресейде мысалы, кез келген тұтынушы ұялы қосымша арқылы "Честный Знак" жүйесіне кіріп, осы аталған өнімдердің әрбір данасының саудаға заңды әлде заңсыз шығарылғанын біле алады. Егер контрабанда болып шықса, азаматқа сол қосымша арқылы дереу құзырлы органға шағым жолдауына мүмкіндік жасалған.
Яғни, Қазақстан таңбалауды пилоттық жобадан міндетті рәсім мәртебесіне көшірсе, онда Еуразиялық одаққа мүше мемлекеттердің, бірінші кезекте Ресейдің ақпараттық жүйелерімен үздіксіз ақпараттық өзара әрекеттесуге ауыса алады. Себебі, бізге импортталатын тауардың көбі осы елден келетіні мәлім. Яғни, "Честный Знак" қосымшасы қазақстандықтар үшін де қажетті, өзекті болмақ.
РФ Өнеркәсіп және сауда министрлігінің ақпаратынша, таңбалауды енгізу арқасында бір жыл ішінде тері бұйымдарын сату көлемі 8,5 млрд рубльден 68,5 млрд рубльге дейін еселеп артқан. Ресейде кедендік баждардың түсімі 70%-ға ұлғайып, қосымша 7,1 миллион долларға өскен. Беларусьте кедендік баждардың түсімі 86%-ға көбейіпті және салық түсімі 108 мың долларға ұлғайды.
Жалпы, сарапшылардың байламынша, елімізде тері бұйымдарын міндетті таңбалауды енгізу – отандық бизнеске соққы болмайды, себебі бұл тауарлардың басым көпшілігі импорттық. Сонымен бірге Қазақстанда дәрі-дәрмекті таңбалау оның бағасының қымбаттауына әкелетіндіктен, ол халықты қиналтуы мүмкін.
Жанат Ардақ