Кей қазақстандықтарға 5 млн теңгеден берілгелі жатыр

953

Бұған бюджеттен 600 миллион теңге бөлінеді.

Кей қазақстандықтарға 5 млн теңгеден берілгелі жатыр Фото: canva.com

Биыл Ресеймен бірге Қазақстан Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын кең ауқымда атап өтпек. Мысалы, соның қарсаңында Қазақстан әскери парад өткізеді.

Бұл 2019 жылдан бергі тұңғыш парад болмақ. Ел Үкіметінің жаңа қаулысына сәйкес, Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеру Қазақстанда 9 мамырда емес, 7 мамырда өтетін болды. Ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, бұл саяси ілтипат болып табылады және 9 мамырдағы Мәскеудегі парадпен салғыласпау үшін жасалған көрінеді.

"Ведомости" газеті 2025 жылғы 9 мамырда Қызыл алаңда өтетін ресейлік үлкен парадқа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысады деп күтіліп отырғанын жазды. Мемлекет басшысын 2024 жылғы қарашада Владимир Путин шақырған екен.

Сондай-ақ, Мәскеудегі әскери парадқа Беларусь Президенті Александр Лукашенконы, Сербия Президенті Александр Вучичті, Словакия Премьер-Министрі Роберт Фицоны, сондай-ақ ТМД-ның барлық республикаларының лидерлері мен әскерлерін 80 жылдықты бірге мерекелеп, мәскеулік шеруге қатысуға шықырды.

Ел Үкіметінің дерегінше, 2025 жылғы 9 мамырда Қазақстанның Қарулы күштері Мәскеудегі әскери парадқа қатысып, Қызыл алаңмен шеру тарта жүріп өтеді.  

Ал, сол 9 мамыр күні, Қазақстанда Үкімет мүшелері, Парламент депутаттары және басқа да елде қалған лауазымды тұлғалар ескерткіштерге гүл шоқтарын қою рәсімдерін өткізеді.

Сондай-ақ, халыққа арналған мерекелік отшашу болады.   

Премьер-министр Олжас Бектенов бекіткен Үкімет қаулысында республикада биыл Жеңістің 80 жылдығын мерекелеуге орай 94 іс-шараның өткізілетіні көрсетілген.

Жеңістің 80 жылдығы құрметіне Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне жеке құттықтау хаттары және естелік сыйлықтар табыс етіледі.

Өз кезегінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне Жеңіс күніне орай биыл 5 миллион теңгеден таратылатынын жариялады.

"Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу аясында ҰОС ардагерлеріне 5 миллион теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек төлеу жоспарлануда. Қазақстанда 2025 жылғы 20 қаңтардағы жағдай бойынша Ұлы Отан соғысының 120 ардагері қалды. Сондай-ақ, ҰОС жеңісіне үлес қосқан 42 545 азамат тұрады", – деп хабарлады ведомство.

Атап айтқанда, олардың ішінде:

  • қоршаудағы Ленинградтың кейін Қазақстанға көшкен тұрғындары – 67 адам;
  • кәмелетке толмаған кезде концлагерьлерде қамауда болғандар – 139 адам;
  • ҰОС кезінде алған жаралануы, контузиясы, зақымдануы немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар қайтыс болған адамның жұбайлары – 743 адам;
  • ҰОС-та қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің жесірлері – 2 адам;
  • Соғыс кезіндегі тыл еңбеккерлері – 41 594 адам.

Бұл ретте министрлік облыстардың, үш мегаполистің әкімдіктеріне сілтеме жасап, олардың ақпараты бойынша Жеңіс күнінің 80 жылдығын мерекелеу құрметіне 5 миллион теңгеден біржолғы материалдық көмек тек 120 ҰОС ардагеріне ғана берілетінін нақтылады. Басқа санаттағы адамдардың алатын көмегі әртүрлі болады.

Ресми мәлімет бойынша былтыр Ұлы Отан соғысының шамамен 148 ардагері ғана Жеңістің 79 жылдығына жете алған екен. Бұл 2024 жылғы 1 мамырдағы, яғни, мерекелеу басталған кездегі статистика.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Екінші Дүниежүзілік соғыстағы жеңіске үлес қосқандар мемлекеттің қолдауынан тыс қалмайтынын мәлімдеді.

"Ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне қамқорлық жасау, олардың өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі болып табылады. Қарттарды әлеуметтік қорғау шаралары орталық деңгейде де, жергілікті деңгейде де жүзеге асырылады", – деп хабарлады ведомство.

Біріншіден, оларға төленетін зейнетақы және өзге де әлеуметтік төлемдердің мөлшері жыл сайын артып келеді. Соғысқа қатысушыларға, тыл еңбеккерлеріне, ақталған азаматтарға және басқа да азаматтардың 19 санатына өзге де әлеуметтік төлемдер сыртында "арнаулы мемлекеттік жәрдемақыны" төлеу жүзеге асырылады.

2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша зейнетақыларды ескере отырып, ҰОС қатысушылары алатын ай сайын әлеуметтік төлемдердің жиынтық мөлшері 262 334 теңгені құрапты. Ал, ҰОС кезеңінде алған жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруы салдарынан мүгедектігі бар адамдарға арналған ай сайынғы әлеуметтік төлем – жиынтығында 279 330 теңгеге жеткен.

Екіншіден, министрліктің дерегінше, елімізде ардагерлерді әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары көрсетіледі. Олардың барлығы әскери қызметшілерге көрсетілетін құқықтарға, кепілдіктерге, жеңілдіктерге ие.

Салық салу бойынша да жеңілдіктерді пайдаланады. Бірқатар салықты төлеуден босатылған. Оларға Астана және Алматы қалаларындағы мамандандырылған госпитальдарда жеке білікті медициналық көмек көрсетіледі. Санаторий-курорттық емдеу ұсынылады.

Үшіншіден, ҰОС ардагерлеріне біржолғы материалдық көмек беру жыл сайынғы дәстүрге айналды.

Еңбекминінің дерегінше, мысалы, 2024 жылы еліміздің барлық өңірлерінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 79 жылдығын мерекелеу құрметіне ҰОС ардагерлеріне кемінде 1,5 миллион теңгеден біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Жалпы алғанда, ҰОС-қа қатысқан және Жеңіске үлес қосқан 50,1 мың адамға өткен жылы жергілікті атқарушы органдар 3 миллиард теңге қарастырды.

Екінші Дүниежүзілік соғысқа Қазақстаннан 1 миллион 200 мыңнан астам (кейбір деректерде 2 миллионға жуық) азамат алынды. Сол кезде, 1940 жылы Қазақстан халқының саны 6 миллион 148 мың адам ғана болды. Демек, 18-ге толмаған балалардан және қариялардан басқа, ер-азаматтардың бәрі дерлік және әйелдердің үлкен бөлігі майданға аттанды.

Шағын ғана Қазақстанда бірден 20-дан астам атқыштар дивизиясы мен басқа да құрылымдар жасақталды. Әскери қызметі үшін жүздеген мың қазақстандық медальдармен және ордендермен марапатталды, 500-ге жуық адам Кеңес Одағының Батыры атанды. Соның ішінде Талғат Бигелдинов секілді төрт қазақстандық екі рет Батыр атанды. 110 қазақстандық үш дәрежелі Даңқ орденімен марапатталды.

Министрліктің дерегінше, қолына қару алған әрбір екінші қазақстандық Жеңіс үшін өз өмірін қиды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу