Қазақ қоғамы да, билігі де ауылдарды өркендету, жойылуына жол бермеу жөніндегі бастамаларды бұрыннан айтып келеді. Дегенмен, өмір сүру сапасын жақсартқысы келген халық қалаға ағылуын доғарар емес. Соның әсерінен кейінгі 10 жылда 582 ауыл жойылды. Елімізде қазір 6208 ауыл бар десек, бұл қарқынмен алдағы бір ғасыр шамасында Қазақстан толық қалаланып өзгеруі мүмкін.
Урбанизация көрсеткішін нақтылау қиынға соғуда
2024 жыл аяқталар тұста "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" ерекше бір демографиялық болжамымен бөліскені мәлім. Мәтіннің түпкі мәні 2050 жылы Қазақстан халқының 70 пайыздан астамы қалада тұрады дегенге келеді. Көрсетілген мерзімде халық саны 27,5 млн адамға жетіп, оның 19,3 миллионы шаһарлар тұрғыны атанады екен.
Дегенмен, бізді алдағы 25 жылда урбанизацияның бар болғаны 70 пайыздық межеге баруы күмәндандырады. Неліктен? Ұлттық статистика бюросының дерегіне көз жүгіртсек, 2024 жылдың желтоқсанындағы жағдай бойынша қазақстандықтардың саны 20,2 миллионға жетіпті. Ал қалалықтар үлесі 62 пайыздан асып үлгерген – 12,7 миллионнан көп. Осыдан 2-3 жыл бұрын 60 пайыздық межеге жете алмаған деңгей тез көтерілуде.
Сөйтсек, мәселенің өзегі мүлде басқада болып шықты. Шындығында ел шошитындай жұртшылық жүгін жинап, қалаға тым белсенді аттанып жатқан жоқ. Көрсеткіш билік қабылдаған әкімшілік-территориялық өзгерістерге байланысты екен. Яғни, есімізде болса, облыстар көбейді, Оңтүстік Қазақстан облысы бөлініп, Шымкент мегаполис атанып қана қоймай, жанындағы ауылдарды өзіне қосып алды. Астана маңындағы Қараөткел сынды ауылдар да қалаға қосылғаны мәлім. Ауыл атанып келген Қосшы тәрізді өңірлер қала статусын иемденді.
Міне, осының бәрі құжаттарда қалалықтардың саны артуына, шаһарға қосылған кішігірім ауыл тұрғындарының да аяқ асты қалалық болып шыға келуіне әсер еткен. Сондықтан әлеуметтік саладағы сарапшы-ғалымдардың өзі Қазақстанда урбанизация нақты қандай көрсеткіште екенін білмейді.
Дамыған урбанизация – дамыған экономикаға жету жолы
Әрине, қалалану, ауылдардың жойылуы тақырыбы қозғалған сайын қоғам бір шуласып алады. "Ауылдан айырылуы – барыңнан айырылуы" деген секілді әңгімелерді жиі естиміз. Алайда, Тәуелсіздік алған 30 жылдан астам уақыт бойы ауылдарды дамыту, ауыл шаруашылығын көркейту іспетті бастамалар жөнді іске аспай келеді.
Бір қызығы, дамыған елдердің қайсысын алып қарасаңыз да, урбанизация деңгейі өте жоғары болып шығады. Яғни, қалалану артқан сайын елдердің дами түскені, экономикасы жақсарғанын көресіз. Барлығын да қала халқының үлесі 75 пайыздан асып түседі. Бұл көзқарасымызды R-Finance компаниясының қаржылық кеңесшісі, экономист Арман Байғанов та қостап отыр. Сарапшының айтуынша, ауыл шаруашылығының дамуы мен ауыл халқының саны – бір-біріне қабысқан мәселе емес.
– Ауыл шаруашылығының, ауыл халқының, ауылдық жерлердің үлес салмағы тым жоғары елдер дамуда кенжелейді. Мысалы, Өзбекстанда да урбанизация жақсы жүріп жатыр, бірақ оларда бәрібір ауыл халқы бізге қарағанда тым көп. Өндірісі жақсы, Қазақстанға, Ресейге экспорттай алады және өз қалаларын да қамтамасыз етіп отыр. Осы жерде екінші мәселе шығады, ол – еңбек өнімділігі. Ал бізде еңбек өнімділігі жақсы деңгейде емес. Сондықтан біз қанша ауыл шаруашылығы дегенімізбен, өніммен өзімізді де толық қамтамасыз ете алмай келеміз, – дейді маман.
Ауыл шаруашылығында Қазақстан орта есеппен Беларусьтен 5-6 есе аз өнім шығарады, бірақ халық санын салыстырсақ 2 еседен астам көп екенімізді байқаймыз. Қазақстан жері кең, мүмкіндік мол дегенмен, негізінен ұсақ шаруа қожалықтары ғана бар. Ал Беларусьте заманауи агротехнологияларды қолданатын, банктік ресурстары мол ірі агрохолдингтер шоғырланған. Жер аумағы мен халқының саны жағынан Беларусь өзінен бірнеше есе үлкен Ресейге сүт өнімдері мен шұжықтарды экспорттап отыр. Яғни, бәрі жөнді ұйымдастыра алуда.
Бұған қоса, Беларусьте ауыл шаруашылық өнімдерінің маркетингі, сату қызметі жетілген, сондықтан қиындықсыз экспорттай алады. Арзанға өндіріп, жоғары құнға сатады. Дүкендердің өзін тікелей нарыққа бағыттауға мүмкіндік тапқан. Ауылдық жерде халық аз болғанымен, жоғары әрі тиімді тауар өндірісін қалыптастыруға болатынының дәлелі – осы.
Қазақстан әлі күнге дейін ұсақ шаруашылықтармен шектеліп келеді. Бұл қожалықтарда жалақы аз, жұмысшылар төмен деңгейде өмір сүруге мәжбүр. Ауылдарда бюджет есебінен жұмыс істейтін мектеп және шағын амбулаторияларда ғана тұрақты жалақы бар. Бұдан кейін екінің бірі қалаға көшуді ойлайтынында күмән жоқ.
– Ауылдарда халық аз қалса да, тиімді ауыл шаруашылығы өндірісін қалыптастыруға болады. Шалғай жерлерде ірі агрохолдингтер құрылса, тәуір жалақыға қажетті жұмысшысын қаладан да тарта алады. Бұған таңғалудың қажеті жоқ, ең бастысы, осыған апарар жағдай жасалуы керек. Кез келген жас отбасы балаларына жайлы өмір сыйлауға тырысады. Ауылдарда қарапайым бассейндер де жоқ. Әйтсе де инфрақұрылымы бар аудан орталықтарында да бұл процесс қайталануда, өз саласында үздік болып жүргендер ірі қалаға кетеді. Сондықтан халық санының аз немесе көп болуы маңызды емес, маңыздысы – азаматтардың сапалы өмір сүруге, жоғары жалақы алуға ұмтылысы, – дейді Арман Байғанов.
Түсінгеніміздей, урбанизация келеңсіз немесе жайсыз құбылыстың нышаны емес. Ауылдардың азаюын да жайсыз мәселеге жатқызуға болмайтын секілді.