Келесі жылы бірден 700 мыңдай адам баспана сатып алмақ

12977

Үкіметтің бұл жоспары пәтер атаулыны күрт қымбаттатуы мүмкін.

Келесі жылы бірден 700 мыңдай адам баспана сатып алмақ

Билік үй кезегінде тұрғандар қатарын күрт селдіреткелі отыр. Осы мақсатта мемлекет жеке қолдан тұрғын үй жалдап, оны өзі арендаға бермек. Бұл ретте жалдау ақысының 90%-ын бюджеттен өтейді.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ел көптен күткен "Отбасы банкін" құру және дамыту тұжырымдамасын ұсынды. 78 беттен тұратын бұл қалың құжат елді елең еткізер көптеген жаңалықтан тұрады.

Мысалы, "Отбасы банкіне" айналатын қазіргі Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі үлкен-үлкен құзырларды иеленеді. Бүгінде ТҚЖБ-ның 1,5 миллионнан астам клиенті бар және ол 2 функцияны ғана атқарады. Біріншіден, тұрғын үй құрылысы жинағына депозиттерді қабылдап, салымшыларға шоттар ашып, оны жүргізеді. Екіншіден, тұрғын үй жағдайларын жақсарту бағдарламаларына "аралық" және "алдын ала" тұрғын үй қарыздарын береді.

"Отбасы банкі" де бұл функцияларды жүзеге асыруды жалғастырады. Сондай-ақ қосымша бірнеше функцияға қол жеткізеді. Біріншіден, онда үй кезегінде тұрғандардың Бірыңғай республикалық электрондық базасы құрылады ("Кезекте тұрғандардың бірыңғай дерекқоры"). Яғни, ол барлық облыс пен қалада "жетімбұрыш" жағалаған, үйге мұқтаж жандарды бір жерден есепке алады, орталық тізімін жүргізеді. Бұл тізімге кіру электронды форматқа көшіріледі деп күтілуде. Сонда азаматтарға оның филиалын іздеп сабылу, ұзын-сонар кезекке тұру қажет болмайды.

Қазіргі уақытта үй кезегін әр өңір әкімдігі өзі жеке жүргізеді. Салдарынан, бір облыста кезекте тұрған адам басқа облыста да кезекке қойылған деректері аз емес. Мұндайлардан арылу үшін барлық әкімдік тапсыратын тізімдерге "Отбасы банк" кең ауқымды ревизия жүргізеді. Үй кезегіндегілердің аты-жөнін, басқа деректерін өзара салыстырып, қайталанатындардан, басқа елге көшіп кеткендерден тазалайды.

Екіншіден, банк "Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы" базасын (ТҚО базасы, Центр обеспечения жильем) құрады және жүргізеді.

Үшіншіден, әкімдер сән-салтанатпен табыстайтын тұрғын үй сертификаттарын беру процесін әкімшілендіру "Отбасы банкінің" құзырына көшеді.

Төртіншіден, ол жеке пәтерін жалға беретін баспана иелерімен келісім жасасады және онда тұратын мұқтаж, үй кезегіндегі адамдардың жалдау төлемдерін субсидиялайды. Министрлік мұның қалай болатынын түсіндірді. Осы банк пәтерін жалға беретін жеке азаматтармен және тұрғын үй агенттіктерімен келісімге келуі керек. Олардың пәтері кезекте тұрғандарға 5 жылға беріледі. Егер 5 жыл өткен соң, баспанаға әлі де зәру екенін растаса, мерзімі ұзартылады.

"Бұл ретте кезекте тұрған адам өзінің отбасы үшін қолайлы ауданда бастапқы нарықта тұру үшін жалға берілетін тұрғын үйді өзі таңдауға құқылы. Ол баспананың жалдау ақысының 80%-ы бюджет қаражаты есебінен ай сайын субсидияланады деп жоспарлануда. Мысалы, пәтердің жалдау ақысының құны айына 90 мың теңге болса, банк соның 72 мың теңгесіне дейін төлейді, ал кезекте тұрған адам қалған 18 мың теңгесін төлеуге тиіс", – деп түсіндірді министрлік.

Бесіншіден, аты банк болғанымен, ол Мәдина Әбілқасымова басқаратын Қаржылық реттеу агенттігінің бақылауынан тәуелсіз болады. Қаржылық реттеушінің өзі 2020 жылғы 3 шілдедегі вице-премьерге №01-3-01/1275 хатында "аталған банктің мемлекеттік тұрғын үй саясатын дамытудағы ерекше рөлін назарға ала отырып, банктің жоғарыда келтірілген операцияларды уәкілетті органның лицензиясынсыз жүзеге асыруын көздейтін ерекше құқықтық режим заңнамалық түрде бекітілетіні" жөнінде құлағдар етті. Яғни, агенттік дәл осы банктің лицензиясын ешқашан тартып ала алмайды: ол онсыз да лицензиясыз істейді.

"Отбасы банкіне" "ұлттық даму институты" деген мәртебе беріледі. Тұжырымдамада банкке бюджеттен мол көлемде қаржы бөлінетіні айтылған, бірақ көлемі әзірге нақтыланбады. Бұдан бөлек, "Нұрлы жер" бағдарламасының миллиардтары да соған бағытталады.  

"Азаматтарды әлеуметтік тұрғын үймен қамту тәртібін жетілдіру және оны мөлдір, тиімді ету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою қажет. Мүгедектігі бар, жетім, көпбалалы, аз қамтылған санаттары бойынша баспанаға мұқтаждардың кезегін жүргізудің қолданыстағы тетігі жеткілікті түрде мөлдір емес. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдарда халықтың тұрғын үй мұқтаждығын қалай өтеу керектігі жөнінде түсінік жоқ. Сондықтан жаңа заң жобасы әкімдіктердегі үй кезегін жояды, оны банкте орталықтандырады, сондай-ақ "тұрғын үйге мұқтаж" ұғымының жаңа нақты критерийлерін бекітеді", – деді ведомство.

Осы орайда ИИДМ "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы жобасының тұжырымдамасын әзірлегенін еске сала кеткен жөн.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, Қазақстанда әлеуметтік тұрғын үй бұрынғыдай азаматтардың санаттарына қарай емес, нақты кірісіне байланысты берілетін болады. Мысалы, табысы әрбір мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс (ЕТК) деңгейіне, яғни 31,2 мың теңгеге жетпейтін отбасыларға арендалық баспана беріледі. Табысы әрбір мүшесіне шаққанда 2 ЕТК деңгейіне дейінгі (62,4 мың теңгеден) отбасылар "Бақытты отбасы" ("2-10-20") бағдарламасы аясында 2%-дық арзан ипотекаға үй ала алады. Табысы 3,1 ЕТК-ге дейінгілердің (96,7 мың теңгеден) "Шаңырақ" ("5-10-20") жаңа бағдарламасының игілігін пайдалануға мүмкіндігі бар. Ал табысы 3,1 ЕТК-ден асатын отбасылар өз бетінше комбанктердегі ипотекаға жүгінулері керек.

Қазақстанда үй кезегі азаяр емес, керісінше 2012 жылғы 146,9 мыңнан 2020 жылы 540,7 мың адамға дейін ұлғайған. Яғни, 7 жыл ішінде 3,7 есеге көбейді. Баспанамен қамтудың қазіргі қарқыны сақталса, осы адамдардың өзіне тұрғын үй беруге 18 жылдан көп уақыт кетпек. Олардың арасында он жылдан бері кезек күткендер жетерлік. Оның үстіне кезек жыл сайын жаңа үміткерлермен толыға бермек.

Бұл мәселені ел Үкіметі зейнетақы жинақтарына баспана сатып алуға рұқсат ету арқылы шешуге ниетті. Индустрия министрлігі 2021 жылы ең кемі 700 мың адамға БЖЗҚ-дағы өз жинақтарының бір бөлігіне тұрғын үй алу мүмкіндігі берілетінін жеткізді. Сонда үй кезегіндегілердің қатары да біраз сиреуге тиіс. Өйткені ол кезекте табысы тәп-тәуір мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік сала қызметкерлері, соның ішінде бастықтар, арнайы органдар қызметкерлері, депутаттар да тұр.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу