"Келесі жылы тұрғын үй қымбаттайды"

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
16066

Мамандар алып-қашпа сөзге сенбеуге шақырды. 

"Келесі жылы тұрғын үй қымбаттайды"

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдаған биылғы жолдауында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинағы "жеткілікті шек" мөлшерінен асқан салымшылар 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап ақшаларының бір бөлігін үй сатып алуға немесе емделуге ала алатынын сонымен қатар жекеменшік компаниялардың басқаруына беру құқығына ие болатынын мәлімдеді. Бұған дейін Президенттің пәрменімен кредиттері кешіріліп, бір "жырғап" қалған халық: "Үкімет тағы да жарылқайын деп жатыр" деп қанаттанып қалды. Қанаттанғаны сол, көпшілік жаппай Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинағын тексеруге кірісті. Жинағы "жеткілікті шек" мөлшерінен асқан салымшылар: "Үй аламыз" деп білектерін "түре" бастаса, жинағы "жеткілікті шек" мөлшеріне жетпеген азаматтар ашуланып, билікті "бүре" бастады.

Айтып-айтпай не керек, ел арасында алыпқашпа әңгіме көбейді. Сәуегейлікке салатындар "ақсақты тыңдай, өтірікті шындай" соғып, халықты әбден адастырды. Олар: "Зейнетақы жинағын қазір алғандарға қартайғанда зейнетақы төленбейді, зейнетақы жинағы байларға қордан ақшаларын алып алу үшін ұйымдастырылады, зейнетақы жинағын халыққа үлестіру салымшылардан салық ұстап қалу үшін ойлап табылды, зейнетақы жинағы берілген кезде тұрғын үй бағасы қымбаттайды" деген сөз таратты.

Біз "зейнетақы жинағы берілген кезде тұрғын үй бағасы қымбаттайды" деген сөздің ғана жаны бар екенін назарға алып, мәселенің мән-жайын мамандардан білуге тырыстық.

"Жылжымайтын мүлікті бағалау" компаниясы сараптама департаментінің директоры Анна Шацкаяның пікірінше, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов зейнетақы жинағының бір бөлігін 721 мың салымшы ғана ала алатынын алдын ала айтты. Салымшылардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 1,4 трлн теңге алу мүмкіндігі бар екені де белгілі болып отыр.

"1,4 трлн теңге аз ақша емес. Дегенмен былтыр тұрғын үй нарығында 5,5 трлн теңге айналғанын есепке алсақ, салымшыларға берілуі мүмкін 1,4 трлн теңге бір жылдық сұраныстың 25% екенін түсінеміз. Алайда біз салымшылардың барлығы жинақтарын тұрғын үй нарығына салмайтынын, емделуге де жұмсауы мүмкін екенін ұмытпауымыз керек", – деді департамент директоры.

Маманның мәлімдеуінше, 1,4 трлн теңгені 721 мың адамға бөлсек, бір салымшыға  орташа есеппен 1 млн 942 мың теңгеден келеді. Бұл ақша тұрғын үйдің алғашқы жарнасын төлеуге жетпейді. Сәйкесінше салымшылар ә дегенде қордан ақшаларын алып, құрылыс компанияларына жүгірмейді. Олар қажетті қаражатты жинау үшін 2-3 жыл күтуі мүмкін

"Келесі жылы тұрғын үй қымбаттайды" деген алып-қашпа сөзге сенбеңіздер.

Соңғы 3 жылда тұрғын үйге деген сұраныс 21,6% құрағанын ескерсек, 1,4 трлн теңге тұрғын үй нарығына бұрын-соңды болмаған серпіліс береді дегенге сену қисынсыз. Жасыратыны жоқ, экономикалық дағдарыс кезінде  Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алынған ақша құрылыс саласына қарқын береді. Дегенмен бәзбіреулер айтып жүрген деңгейде емес", – деді Анна Шацкая.

ҚР Біріккен жылжымайтын мүлік қауымдастығының президенті Лариса Степаненко да Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қарастырылатын қаржы құрылыс саласына ерекше серпін бермейтінін және тұрғын үй бағасы қымбаттамайтынын айтты.

"Тұрғын үй бағасы 20-30% қымбаттайды дегенге қалай сенуге болады? Тұрғын үй дәл осылай қымбаттаса, оны кім алады? Ұсыныс сұранысқа сай жасалмай ма? Үкімет қандай да бір бағдарламаны іске қосардың алдында сатушылар ел арасына сөз таратып, бағаны көтеріп, халықты дүрліктіреді. Кейін сұраныстың төмендеуіне немесе болмауына байланысты нарықтағы бағаға қайта оралады", – деді қауымдастық президенті.

Оның айтуынша, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинағын ала алатын салымшылардың басым бөлігін 50 және одан жоғары жастағы азаматтар құрайды. Ал тұрғын үй нарығында жастар белсенді. Алайда олардың зейнетақы қорындағы жинағы жеткіліксіз.

"Бізге үкімет ұсынатын нақты механизмді күту керек. Содан кейін ғана болжам жасап, ой қорытып, әрекет етуге болады. Бұған дейінгінің барлығы бос сөз. Халықты "Келесі жылы тұрғын үй қымбаттайды" деген

алып-қашпа сөзге сенбеуге шақырамыз!" – деді Лариса Степаненко.

Абылай Бейбарыс


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу