Қарағандылық Людмила Тимофеева кеңес кезінде ұзақ жыл мәдениет саласында, партиялық құрылымдарда қызмет атқарған екен.
"Үлкен балаларым шетелде, Финляндияда, Польшада тұрады. Қолымда кенжем қалды. Кетіп қалмауы үшін қазақ қызына үйлендіріп алдым. Екеуі де кәсіпкерлікпен айналысады. Мемлекеттің қамқорлығы арқасында жағдайым жақсы. 170 мың теңгедей көлемде зейнетақы төлейді. Азық-түлікке, коммуналдық қызметтерге, керек-жараққа толық жетеді. Қартайған жасымда көп киім-кешек те алмаймын. Артылған қаржыны жинап-теріп, таяуда Варшаваға қыдырып барып келдім", – дейді Людмила әжей.
Омар (аты өзгертілді) Нұрасылов төрт жыл бұрын Қазақстаннан Ресейге қоныс аударды. Елімізде ресейлік кәсіпорындарда істеген, білдей инженер болған. Содан кәсіпорынның РФ-тағы бас кеңсесіне ауысып, сонда "құрметті демалысына" кетіпті.
"Екі жылдай жұмыс істеп, зейнеткерлікке шықтым. 17 мың рубльдей ғана зейнетақы төленеді. Бұған Қазақстаннан келгенімнің қатысы жоқ. Ресейде зейнетақы жүйесі бірнеше сатыдан тұратын көрінеді. Соның сақтандыру зейнетақысы дегеніне ілігіппін. Жақында туысқаным келіп қайтты: "Қазақстанда зейнеткерлікке шыққанда 150 мың теңгеден көп зейнетақы алатын едің" дейді. Бірақ балаларымның бәрі осында, Қазақстанда жалғыз не істеймін", – дейді Нұрасылов.
ҚР Ұлттық банкінің 19 шілдеге белгілеген ресми бағамына сәйкес, 1 рубль 5,43 теңгеге тең. Демек, экс-отандастың алатын зейнетақысы – 92,3 мың теңгедей ғана. Қазақстанды таңдаған Людмила әжейден ай сайын екі еседей аз төлемді місе тұтуға мәжбүр.
Новосібірлік Нұрасылов ресейлік зейнетақысының шалқып өмір сүру түгіл, "нормально" тіршілік етуге де жетпейтініне шағымданды. Солтүстік көршіде қазіргі заманда дәрілер де, азық-түлік те қатты қымбаттап кеткен. Коммуналдық тарифтер (ЖКХ) қалада биыл екі рет өсіпті, келесі жылдың басында тағы көтерілетіні хабарланған. О.Нұрасылов шетелге саяхаттауды армандай алмайды, Ресей ішінде, Новосібірден Анапаға баруға немесе бар жинағын салып, сатып алған баспанасын жөндеуге де қаражат қалмайтынына қапаланды.
Ресей әлеуметтік қорының (Социальный фонд России) түсіндіруінше, кәрілік бойынша сақтандыру зейнетақысы (страховая пенсия по старости) – РФ-та зейнетақының ең көп таралған түрі.
Әр ресейліктің болашақ зейнетақысының көлемі – жинаған зейнеткерлік коэффициенттердің жалпы сомасына байланысты болады. Онысы ресми жұмыс істеу уақытында жинақталады. Әрбір коэффициенттың құны жыл сайын өзгереді және бүгінде 123,77 рубль тұрады. Қанша коэффициент жинаса, онысы осы сомаға көбейтіледі.
Егер адамның жұмыс өтілі жеткілікті болса, онда осыған "сақтандыру зейнетақысының бекітілген мөлшері" қосылады, ол биыл 8 134 рубльге тең.
РФ-та сақтандыру зейнетақысын рәсімдеу үшін Ресей азаматы кем дегенде 25,8 коэффициент жинауы және ең кемі 14 жылдан көп ресми жұмыс істеуі шарт.
Олай болмаса, ресейліктер тек "әлеуметтік зейнетақыдан" ғана үміттене алады. Алайда оны сақтандыру зейнетақысынан 5 жыл кейін ғана рәсімдеуге рұқсат етіледі. РФ-та 2024 жылы әлеуметтік зейнетақыға шығу жасы: әйелдер үшін – 63 жас, ерлер үшін – 68 жас.
Ресейде "әлеуметтік зейнетақының" орташа көлемі биыл шамамен 13,8 мың рубльді (шамамен 75 мың теңгені) құрады.
"Сақтандыру зейнетақысының" орташа көлемі 2024 жылы – 23 405 рубль (шамамен 127 мың теңге).
Егер ресейлік зейнеткерлікке заңмен белгіленген межеден кеш шықса, онда оған қосымша коэффициенттер есептеледі. РФ Үкіметі осы арқылы зейнеткерлерден қаржы үнемдейді. Өйткені 68 жастан кейін көп жасайтындар Ресейде сонша көп емес. Росстат дерегінше, Ресейде әйелдердің өмір сүру ұзақтығы – 78,74 жыл, ерлерде одан 10 жыл аз (небәрі 68,04 жыл).
Жалпы алғанда, ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2023 жылы РФ-қа 11,7 мың қазақстандық қоныс аударды. Олардың тағдыры не болатыны, қарттыққа дейін жетсе, зейнет жасында бейнетінің қызығын көре алар-алмасы белгісіз.
Қазақстандық зейнеткерлердің жағдайы қандай?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында қазақстандықтарға 1,8 триллион теңгеден астам сома зейнетақы төленді. Егер бүкіл 2023 жылы қазақстандықтарға 3,3 триллион теңгеден астам зейнетақы аударылғанын ескерсек, биылғы сома жыл қорытындысында одан кем дегенде 300 миллиард теңгеге жоғары болуы мүмкін.
"Жыл басынан бері республикалық бюджеттен 1 триллион 861,7 миллиард теңге көлемінде зейнетақы төленді. Соның ішінде базалық зейнетақы төлеуге – 585,9 миллиард теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге – 1 триллион 275,8 миллиард теңге жұмсалды. 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда зейнеткерлер саны – 2 миллион 391 мың адам болды", – деп хабарлады Еңбекмині.
Ведомствоның хабарлауынша, 2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша республикада жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 132 110 теңгені құрады.
Оның ішінде тарата айтқанда, ынтымақты зейнетақының мөлшері – 89 479 теңге, базалық зейнетақының көлемі – 42 631 теңге.
Министрлік 2018 жылғы 1 шілдеден бастап, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі зейнетақы жүйесіндегі өтілін ескере отырып, әр алушыға жеке тағайындалатынын еске салды. Бұл ретте 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша ынтымақты жүйеде жұмыс істеген уақыты, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) аударылған кезеңдер зейнетақы жүйесіндегі еңбек өтіліне қосылады.
"Егер азаматтың зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жылды ғана құраса немесе одан аз болса, немесе өтіл-стажы мүлдем жоқ болса, онда оған төленетін базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 65%-ына тең болады. Егер қатысу өтілі 10 жылдан артық болса, одан асқан әр жыл үшін базалық зейнетақы мөлшері 2%-ға артып отырады. Мысалы, егер сіздің өтіліңіз 20 жыл болса, базалық зейнетақыңыз төменгі күнкөріс деңгейінің 85%-ын құрайды. Еңбек өтілі 30 жыл немесе одан көп болса, базалық зейнетақының максималды мөлшері, яғни күнкөріс деңгейінің 105%-ы көлемінде белгіленеді", – деп түсіндірді министрлік өкілдері.
Осылайша, міндетті зейнетақы жарналары неғұрлым тұрақты және толық көлемде аударылып тұрса, ол азамат зейнет жасына жеткенде, оған берілетін базалық зейнетақы төлемдерінің мөлшері де соғұрлым көбірек болады.
Ал, азаматтың жасына байланысты зейнетақы (пенсионные выплаты по возрасту) төлемдерінің мөлшері 1998 жылғы 1 қаңтардағы жұмыс өтіліне (кем дегенде 6 ай қажет) және зейнеткерлікке дейінгі кезеңдегі орташа айлық табысына байланысты болады.
Сонымен, көрші Ресейде ең көп таралған зейнетақы түрі – "сақтандыру зейнетақысының" орташа көлемі 2024 жылы – 23 405 рубль (шамамен 127 мың теңге) болды.
Қазақстанда зейнетақының орташа мөлшері – 132 110 теңгені құрады. Сонша алысқа ұзап кетті деу қиын, бірақ Қазақстанның бұл істе де РФ-ті артқа тастап, алға озғаны байқалады. Бұрын Ресейдегі зейнетақы көлемі жоғарылау болатын.
Бұл оң трендтің қаншалықты тұрақты факторға айналатыны Қазақстанның өрге басуына не кері кетуіне байланысты болмақ.