Кез келген қазақстандық ала алатын қомақты жаңа төлемақы енгізіледі

28316

Бірақ ол қоғамның бір бөлігін қуанту орнына шошынтып отыр. 

Кез келген қазақстандық ала алатын қомақты жаңа төлемақы енгізіледі Фото: life09.kz

Үкімет әкімшілік құқық бұзушылықтарды видеоға түсіріп, құзырлы органдарға жолдағандарға ақшалай, басқалай сый-сияпат көрсетеді.

Бұл бастама Ішкі істер министрлігі әзірлеген "Құқық бұзушылықтар профилактикасы туралы" заңының жобасында қарастырылған. Онда жеңіл қылмыстарды видеокамераға түсіргені үшін мол сыйлықақы қарастырылатын болады.

Заң жобасының 41-бабында қазақстандықтар жалғыз өзі немесе ұжым болып, "құқық бұзушылықтың алдын алуға тартыла" алатыны көрсетілген.

Жаңа заң жобасының 43-ші бабында құқық бұзушылықтың алдын алуға тартылған тұлғаларды ынталандыру шаралары көзделген. Қошеметтің өрісі кең – алғысхат, медальдардан бастап, бизнесмендерден, сауда желілерінен бонустар, жеңілдіктер, оқуға грантпен тегін түсу, ІІМ-нен және өзінің жұмыс орнынан ақшалай премиялар, басқасы бар. Заңда бұлар былайша тізілген:

  • алғыс жариялау;
  • грамотамен марапаттау;
  • ақшалай сыйлықақылар төлеу;
  • қоғамдық көмекшілер мен еріктілерге арналған кәсіпкерлік субъектілерінен түсетін адалдық бағдарламалары (программа лояльности) немесе бонустық жүйелер;
  • білім беру және біліктілікті арттыру бағдарламалары;
  • ұйымда, кәсіпорында ынталандыру туралы ұсыныстар жіберу жатады.

Арнайы "дружиналарға" кіріп, немесе өз бетінше құқық бұзушылықтың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысқан студенттер – егер ол университетте, колледжде ақылы оқып жүрсе, онда өтемақы алуы мүмкін. Өтемақы оқу шығындарының бір бөлігінің орнын толтыру, болмаса, оны мемлекеттік не жеке грантқа ауыстыру түрінде болмақ.

Тіпті оқуын бітірген соң оған ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатарына жұмысқа орналастыруға жәрдем көрсетілетіні бекітілмек.

"Құқық бұзушылықты алдын алуда елеулі үлес қосқан адамдар мен ұйымдарды мемлекеттік наградамен және құрметті атақпен марапаттау туралы ұсыныстар енгізіледі. Жергілікті атқарушы органдар құқық бұзушылықты алдын алуға қатысатын азаматтарды ынталандырудың өзге де шараларын ұсынуға құқылы (коммуналдық қызметтерге, қоғамдық көлікте жол жүруге және басқаларына жеңілдіктер беру)", – деп жазылған заң жобасында.

Қоғамдық көмекшілерді ынталандыру мәселелері мемлекеттік органдардың ұсынысы бойынша Құқық бұзушылықты алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияда қаралады.

Комиссия сондай-ақ жергілікті әкімдіктерде тұрақты "қоғамдық көмекші" ретінде тіркелмеген азаматтарды, егер олар қылмыстың алдын алуға, жолын кесуге немесе оларды ашуға ықпал етсе, осы заңда белгіленген тәртіппен ынталандыруға құқылы болады.

Бұл жерде қоғамда қызу пікірталас туғыза бастаған, тіпті резонансқа ұласу әлеуетіне ие бап қарастырылған. Ол әкімшілік құқық бұзушылық фактісін видеокамераға түсіріп, бейнежазбасын құзырлы органдарға жіберген азаматтарды ақшалай ынталандыруға бағытталған.

Оған қанша ақша төленеді? Тәртіп бұзушыдан қанша ақша өндірілсе, соның 20%-ы көлемінде алады. Айталық, заң бұзушы тұлға не компаниядан 1 миллион теңге өндірілсе, 200 мыңын алады, 10 миллион айыппұл салынса, 2 миллион теңгені қалтасына басады.

"Әкімшілік құқық бұзушылық фактісінің бейнежазбасын уәкілетті органдарға жіберген азаматтар Қазақстан заңнамасына сәйкес тәртіп бұзушыдан өндіріп алынған айыппұл сомасының 20 пайызы мөлшерінде ақшалай сыйақы алу арқылы көтермеленеді. Немесе жергілікті атқарушы органдардың шешімдері бойынша жеңілдіктер, қоғамдық көлікте тегін жүру, тегін орынтұраққа қою құқығы немесе басқа да жеңілдіктер алады. Азамат сыйақы алушы ретінде өзін емес, қайырымдылық ұйымын көрсетуге құқылы, яғни, ақшасын қайырымдылыққа аудара алады", – деп түсіндірді Ішкі істер министрлігі. Заң жобасына да дәп солай жазылған.

Сыйақыны төлеу құпия ақпарат болып табылады және мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырылады. Олай болса, анонимді "арызқой" адамдар миллиондап табыс таба алу сыртында, автобуста, троллейбуста және метрода тегін жүреді. Көлігін де кез келген жерде тегін қойып кете алады.

Қазақстандықтардың бір бөлігін тіксінткені сол, осыдан кейін әрнені телефонындағы бейнекамераға түсіріп, құзырлы органдарға "домалақ арыз" жаудыратындар күрт көбеюі мүмкін.

"Заң жобасында егер құқық бұзушылықты бірнеше адам видеоға түсірсе, сол видеоны бірінші болып полицияға жіберген адам сыйақы алатыны жазылған. Сонда авторлық құқық қайда қалады? Немесе осыдан кейін адамдар бірінші болып жіберуге таласатын шығар. Мысалы, оқиға орнын бірнеше адам камерасына түсірсе, олар сыйақы алу мүмкіндігі үшін төбелесіп қалмай ма? Өткенде Президент блогерлерге бұдан былай әкімдерді соңынан қуалауға тыйым салды. Енді блогерлер қарапайым қазақстандықтардың ізіне түсіп, әлденеге арандатпай ма? Талқылайтын, түзететін мәселе жетерлік", – дейді әлеуметтанушы Ерсұлтан Бәкір.

"Бұл "тоқылдақтарды" көбейту, заңдастыру емес пе? Құпиялылық сақталады дейді, сонда азамат өзінің үстінен кімнің шағымданғанын біле алмайтын болып шықты. Онда қалай қорғанады? Мұны табыс табу көзіне айналдырып алатындар шығуы мүмкін. Онда мұны "азаматтық парыз" деп атауға болмайды. Қазақстандықтар жол жүрісі ережелерін бұзғандарды видеоға жазып, онсыз да полицияға тегін жолдайды. Ол үшін бюджет қаражатын шығындаудың қажеті қанша?", – деді Сергей Зорин.

Пікір білдірген кейбір адам блогерлердің, вайнерлердің монетизациялау үшін "актер" жалдап, қызықты "жалған" видеолар, вайндар түсіретінін, оны шын видеодан айыру қиын болатынын еске салды. Қазіргі жасанды интеллект, нейрожелілер генерациялаған видео да шынайыға тым ұқсас. Бірақ құқық бұзушылыққа айыпты адам табылып, айыппұл салынбаса, сыйлықақы да төленбейді.

Ішкі істер министрлігі журналистердің сұрауына жауабында осы заң жобасы арқылы азаматтардың "құқық бұзушылықтың алдын алу, жолын кесу және өзгелерден қоғамдық тәртіпті сақтауды талап ету құқығы алғаш рет бекітілетінін" хабарлады.

"Парламентаризм институты бейнефиксациялаудың техникалық құралдарын қолдануды, сондай-ақ жекелеген құрамдар бойынша әкімшілік айыппұлдан тұскен ақша есебінен азаматтарды ынталандыруды ұсынды. Бүгінде әлемде мұның оңды халықаралық тәжірибесі бар. Ол азаматтардың құқық бұзушылықтарды видеоға түсіру және сол үшін ақшалай сыйлықақы алу әдістемесін кеңінен қамтиды", – деп түсіндірді ІІМ.

Ведомствоның ішкі істер органдарының қызметі мәселелері бойынша Қоғамдық кеңесінің кезектен тыс отырысында бұл ұсыныс қаралып, қолдау тауыпты.

Видеосы үшін сыйлықақы берілетін құқық бұзушылықтардың тізімін әр өңірде әкімдіктердің өздері анықтайды. Негізінен, оған вандализм, абаттандыру ережелерін бұзу, бұқаралық ортақ пайдаланымдағы орындарды бүлдіру, ластау, қалалық инфрақұрылымды, мысалы, автобус аялдамаларын, көше орындықтарын, жарық бағаналарын, басқаларын жою, қирату және басқасы жатады.  

Қазіргі уақытта жаңа тетіктің барлық техникалық және операциялық жайттары пысықталуда екен. Ақырғы шешім қоғамдық пікір, сын-ескертпелер, жан-жақты зерделеу нәтижесінде қабылданатын болады.

Жалпы алғанда, "Құқық бұзушылықтардың профилактикасы туралы" заң жобасын қабылдап, жүзеге асыру нәтижесінде, ІІМ-нің хабарлауынша, 2028 жылға дейін келесі негізгі басымдықты индикатор-көрсеткіштерге қол жеткізілуге тиіс: біріншіден, азаматтардың жеке басының, мүлкінің қауіпсіздігін сезіну деңгейі кем дегенде 80,5%-ға дейін жетуі шарт. Екіншіден, халықтың полиция органдарына деген сенім деңгейі 83%-дан жоғары болуға тиіс. Ұлттық статбюро тұрақты түрде қазақстандықтар арасында сауалнама жүргізу арқылы осы деңгейлерді анықтайтыны мәлім.

Үшіншіден, "Жаһандық бейбітшілік индексі" рейтингінде Қазақстанның ең қауіпсіз елдер қатарындағы позициясы қазіргі 97-ші орыннан 65-орынға дейін жақсарады. Төртіншіден, "Тәртіп және қауіпсіздік" факторы бойынша рейтингін 35 орынға дейін жақсарта отырып, "WJP Rule of Law Index" Заң үстемдігі рейтингінде Қазақстан 2028 жылы әлемнің 40 елінің қатарына кіруі керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу