Кезінде ел мақтаған спортшылардың құрылыста жүргенін де көрдік – Илья Илин

4909

Енді ел чемпиондары өмір бойы ай сайын 300 мың теңгеден аса төлемақы алып тұрады.  

Кезінде ел мақтаған спортшылардың құрылыста жүргенін де көрдік – Илья Илин Фото: wfrk.kz

Әдетте спорттағы карьерасын аяқтаған соң, жұмыс таппай сандалып кететін спортшылар бұл жаңалықты қалай қабылдады? Осы орайда inbusiness.kz тілшісі спортшылардың өздерінен сұрап көрді.

Ауыр атлетикадан екі дүркін Олимпиада және төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин әріптестері үшін қуанышты екенін айта келе, спорт саласындағы негізгі мәселелерге тоқталды.

"Мен осы бір бастаманы ұсынғандардың бірімін. Біз Спортшылар одағымен бірге біршама уақыт осы мәселенің айналасында жұмыс істедік. Әлемдік ареналардың чемпиондары төлемақыға әбден лайық деп санаймын. Өйткені бұл жолда олар ең бірінші денсаулығын бәйгеге тігеді. Спорттағы карьерасын аяқтаған сопртшының 10 жылдан кейін отбасын асырауға шамасы болмай қалған жағдайларды да көзбен көрдік. Керек кезде оған шапалақ соқтық, құттықтадық, бірақ кейін ұмытып та кеттік. Сөйтіп құрылыста жүрген спортшыларды да көрдік. Ал айтуға намысы жібермейді. Бұл орайда осы бір шешімге әріптестерім үшін өте қуаныштымын", – дейді ауыр атлет Илья Илин.

Аталған бастаманы көтеріп жүрген Спортшылар одағының өкілі бұл шешімнің қабылдануына екі жыл кеткенін айтады.

"Екі жарым жыл жұмыс істедік. Президент әкімшілігі мен Парламенттің талай есігін қақтық. Министрлікке де кіріп, сараптама жұмыстарымызды, шетелдік тәжірбиелерді көрсеттік", – деп түсіндірді ҚР Спортшылар Одағы төрағасының орынбасары Елдос Чикенов.

Ал сарапшы Бек Төлеу чемпиондардың спорттан кейінгі өмірін мысалға ала отырып, спортшылардың әлеуетін толықтай пайдалануға қажет мүмкіндік екенін айтып отыр.

"Спортшылар карьерасын аяқтар тұста, белгілі бір орталықтар ашу керек деп санаймын. Олар спортшыларды бапкерлікке, болмаса спорт саласына қатысты мамандықтарға бейімдейді. Осылайша, жұмыссыздықтың алдын алуға болар еді. Қазір бізде чемпиондардан шенеунік жасайды. Бұл – дұрыс емес. Олардың әлеуетін спортқа пайдалану керек. Яғни жеңімпаздар мен жүлдегерлерді тәрбиелеген тәлімгерлер де өмір бойы алатын ай сайынғы материалдық көмекке құжат тапсыра алады. Ал төлемақы алу үшін азаматтың спорт саласында кем дегенде 20 жылдық жұмыс өтілі болуы шарт", – дейді Бек Төлеуов.

Айта кетелік, қазақстандық спортшылар мен жаттықтырушыларға Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада ойындары жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне және олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпиондарына өмір бойы берілетін ай сайынғы қамсыздандыру мөлшері өсті. Бұған дейін аталған төлем 24 АЕК-ті, яғни 76 380 теңге болатын. Биыл Мәдениет және спорт министрлігінің үкіметке жасаған ұсынысы қолдау тауып, ай сайынғы қамсыздандыру көлемін 100 АЕК-ке – 318 000 теңгеге өсірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу