Қажыған халық бала тууды қойды, билік болса, олардан 6 күндік жұмыс аптасына көшуді талап етті.
Грекияға "демографиялық коллапс" қаупі төніп келе жатқанын алғашқылардың қатарында Euronews телеарнасы жариялады. Оның сарапшысы Брайан Картердің (Bryan Carter) суреттеуінше, Грекияда деревнялар босап қалуда. Түңілген жастар Еуропаның өзге елдеріне, Америкаға кетіп жатыр. Кейінгі онжылдықтарда талай тәсілді қолданып көріп, түк шығара алмаған Үкіметтегі шенеуніктер елді дағдарыс тығырығынан шығарар жаңа жолдарды, шешімдерді абыржи, апыл-ғұпыл іздеу үстінде.
"Грекиядағы қатал шындық осындай. Бала туудың азаюы, халықтың, әсіресе, жастардың жаппай шетелге қоныс аударуы салдарынан бұл елге демографиялық коллапс қаупі төніп келеді. Еуроаймақтың 2010 жылы басталған қаржылық құтқару бағдарламасынан Грекияның шыққанына 6 жылдай уақыт өтті. Сонда ауыр экономикалық дағдарыс ресми аяқталды деп танылған болатын. Алайда бұл ел халық санының қысқаруымен байланысты жаңа төтенше жағдайға тап болды: ол оның әлеуметтік және экономикалық дамуына теріс ықпал етуі мүмкін", – дейді Брайан Картер.
Грекия жаһанды жайлаған коронавирус пандемиясынан қатты зардап шеккен дүниежүзіндегі 23 мемлекеттің бірі: небәрі 10,3 миллион тұрғынының 6,1 миллионнан астамы ковидпен ауырып, 37 869 грек қаза тапты.
Кезінде адамзат өркениетінің бір бастауында тұрған алып империяның қазіргі жұрнағында санаулы адам, негізінен қариялар қалуы ғажап емес. Жария етілген болжамдарға сәйкес, 2070 жылға қарай Грекияның онсыз да аз халқы тағы төрттен бірге кемуі мүмкін. Бұл тіпті демографиясы нашар Еуропалық Одақтағы орташа көрсеткіштен (4%) бірнеше есе көп.
Постпандемиялық кезеңде Грекияда бір жылда дүниеге келген сәбилердің саны 77 мыңнан да төмендеп кетті. Бұл соңғы жүзжылдықтағы ең төмен көрсеткіш көрінеді. Сонымен қатар, Грекия тұрғындарының өлім-жітімі екі есеге жуық көбейген.
"Үрдістің таяу уақытта өзгеретіні байқалмайды. Демографиялық коллапс біздің болашағымыз үшін нағыз экзистенциалды қауіп-қатерге айналды", – деп ескертумен қайрылды халқына Грекияның Премьер-министрі Кириакос Мицотакис.
Үрейлі трендтің жалғасып жатқанына көп жыл болды. 2021 жылы жүргізілген соңғы халық санағы да он жыл ішінде халықтың жалпы саны өсу орнына, 3,1%-ға азайып кеткенін паш етті. Ол – экономикалық күйзелістің онжылдығы болатын. Елден шамамен жарты миллиондай жас, дарынды, жоғары білімді азаматтардың, майталман мамандардың шетінен шетел асуына да сол серпін берді.
Euronews мәліметінше, елде қалғандар сол бұрынғыдай жұмыссыздық, төмен жалақы проблемаларының еңсені езген ауыртпалығынан бас көтере алмауда.
Туркомпаниялар жарнамасында көрсететін көркем көріністер шынайы өмірмен көп қабыса бермейді. "Жығылғанға жұдырық" дегендей, былтырғы сияқты, биылғы жаз да Грекияда жан төзбес ыстық болды, ми қайнатар аптап жанға маза таптырмапты. Елді орман-дала өрттері жайлады.
"Бізге билік ол туралы туристерге айтпауды қадап тапсырады, өйткені нашар жаңалықтар саяхатшылардың көңіл күйін түсіреді, олар Грекиядан теріс айналуы мүмкін деп қорқады. Туризм – мемлекетке табыс әкеліп отырған аз саланың бірі. Біз тура мағынасында үйлерімізде өлеміз. Кондиционер сатып алып, орнатуға тұрғындардың көбісінің қаржысы жетпейді. Мен ұзақ жыл жалдап тұратын пәтерімде ол жоқ. Үйінде ауа баптағыштары барлары электрді үнемдеп, оны көп қоспауға тырысады. Содан үйінде көз жұмғандар болды. Электр қуаты, газ, жанар-жағармай қымбат. Елдің табысы, тұрмысы төмендеуде. Қаланың ортасында 800 долларға баспана жалдайтын шетелдіктерді біз бай дейміз", – деді бізге афиналық сертификатты гид, бұрынғы ресейлік Елена Тодоренко (фамилиясы өзгертілді).
Гректер өз елінде карьера жасап, жоғары немесе тұрақты табыс таба алатынына сенуден қала бастады. Салдарынан, жастары, бойдақтары отбасы құрмайды, құрса, бала сүюді кейінге қалдырады.
Жас жұп Мария мен Никос – Эгей теңізінің солтүстік жағасындағы табиғаты тамылжыған Хиос аралының тұрғындары. Олар Грекиядан Америкаға көшіп кетіпті, тек аратұра осы туған жеріне келіп тұрады.
"Шетелге кетуімізге ұшықиыры жоқ экономикалық қиындықтар себепкер болды. Егер күніне 10-12 сағаттан жұмыс істесеңіз және тапқаныңыз күнделікті шығыстарыңыздан аспаса, қашан үй сатып аласыз? Басыңызда баспана болмаса, балаларды қалай өсіресіз? Ол қолдан келмес еді", – дейді Мария.
Ол жұбайы екеуі Грекияны шын сүйетінін айтады. Бірақ өздерінің және балаларының болашағы үшін әлемдегі барынша қолайлы елде өмір сүруді жөн көріпті.
Туристік соқпақ-бағыттардан тыс жерлерге мойын бұра қарап, жергілікті ауыл-деревняларды аралаған саяхатшылар елді мекендердің көбінде негізінен егде жастағы тұрғындар мен жас балалар қалғанын байқар еді. Бұл – елдің демографиялық тұйыққа қарай кетіп бара жатқанының сенімді көрінісі болса керек.
Грекияда бала туу көрсеткіші 1 әйелге шаққанда 1,32 сәбиден ғана келеді. Соның нәтижесінде халық қартайып барады.
Грек экономисі Никос Веттас экономикалық дағдарыстың салдарлары демографиялық қиындықтарды туғызғанына, өз кезегінде оның Грекияның зейнетақы жүйесіне және денсаулық сақтау саласына қосымша қысым жасап жатқанына назар аудартты. Бұл айналып келіп, экономикаға салмақ салады.
"Мемлекеттің басты бір проблемасы сол, Грекияда жұмыс істейтін адамдардың саны барған сайын кемуде. Содан елде қалған жұмыскерлер өз салығымен зейнеткерлік жастағылардың үлкен көлемін асырауға мәжбүр. Өткір проблеманы "жұмсарту" үшін бірқатар пәрменді шара қабылдануы қажет. Ол үшін елдегі еңбек өнімділігін еселеп арттыру керек. Осы мақсатта заманауи озық технологияларды, инновацияларды көптеп енгізу керек. Автоматизация арқасында бір жұмысшының барынша мол өнім өндіргені маңызды. Жұмыс күшіне қатысты мәселелерді шешу үшін әсіресе, жоғары білікті иммигранттар легін ынталандырған жөн", – деді экономист Никос Веттас.
Проблеманың көкейкесті, басым екенін мойындап, Грекия Үкіметі 2023 жылы ел тарихында тұңғыш рет демография мәселелерімен жеке айналысатын тұтас министрлікті құрды. София Захараки басқаратын министрлік бірқатар шара қабылдады.
Мысалы, бала туған аналарға салықтық жеңілдіктер ұсынылды. Жаңа туған сәбиге төленетін мемлекеттік жәрдемақылар көлемі өсті. Дегенмен, Захараки бұл шаралар дағдарыстан құтқара алмайтынын мойындады. Бірақ оның пікірінше, бұл шаралар – дұрыс бағыттағы қадамдар.
Оның үстіне демография министрлігінің табанына биліктің өзі тас қойып, кедергі келтіруде. Биылғы 1 шілдеде мемлекет жұмыс қолының тапшылығына тосқауыл қою, еңбек өнімділігін арттыру үшін арнайы заңмен елде 6 күндік жұмыс аптасын енгізді. Грек кәсіподақтары оған қарсы наразылық шараларын ұйымдастырып, қалың нөпір халықпен астана көшелерін толтырды. Ештеңе шығара алмады.
Жаңа заңның күші мемлекеттік секторға, коммуналдық қызметтерге, банктерге және 24 сағат жұмыс істейтін бірқатар жеке компанияларға таралады. Аптасына алты күн жұмыс істеп, шаршаған, болашағына сенімді болмаған адам қайтіп, бала туып, оны Грекияда бағып-қағу туралы ойлай алады?