Енді елдегі барлық чемпионаттарды (Премьер-лига, Бірінші және Екінші лига) және клубтық турнирлерді ҚФФ өзі өткізеді.
Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров сайлауалды бағдарламасы аясында отандық футболды дамыту бойынша стратегиялық жоспарын ұсынды.
Бұл ретте басты мәселе ретінде Федерация, көшбасшы клубтар мен футбол қауымдастығы арасындағы сындарлы диалогтың жоқтығы аталды.
"ҚФФ мен клубтардың спорт менеджерлері арасындағы келіспеушіліктер ұзаққа созылатын пікірталасқа не түсініспеушілікке айналады. Қоғамда Федерацияның шешімдеріне, соның ішінде легионерлерге қатысты лимиттің алынып тасталуы, басшылыққа "түсініксіз" шетелдік мамандарды шақыру, төрешілер арасындағы жемқорлық пен ашықтықтың болмауына қатысты жиі сын айтылады", – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, букмекерлік кеңселердің отандық футболдағы үстемдігі де қоғамда талқыға түскен тақырыптардың бірі болып, жанкүйерлердің наразылығын тудырды. Осы орайда ҚФФ президенті Марат Омаров үш негізгі мәселеге қатысты реформа енгізбек.
Букмекер жарнамасын азайту – жанкүйерлердің сенімін арттыру
Қазіргі таңда букмекерлік кеңселердің жарнамасы Қазақстан футбол лигаларының атауларымен тікелей байланысты. Ал бұл өз кезегінде спорттың беделіне теріс әсер етеді деп санайды жанкүйерлер. 2024 жылы шілдеде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құмар ойын бизнесіне жарнама жасауды шектейтін заңға қол қойды. Осыған байланысты ҚФФ лига мен турнир атауларынан букмекерлік компаниялардың атауларын алып тастау бойынша жұмысын бастап кетті.
Десе де букмекерлік кеңселердің аймақтарда кәсіби клубтармен жұмыс істеуіне кедергі келтірмейді. Бірақ алдағы уақытта олар әділ бәсекелестік жағдайында болып, лига атауларында үстемдік етпейді. Бұл футболда дұрыс әрі ашық атмосфера қалыптастырудың алғашқы қадамы болмақ.
Аймақтағы клубтарды дамыту мәселесі
Қазақстанда футбол баршаға қолжетімді әрі қызық болуы керек. Қазір аймақтық клубтар қолдау мен ресурстардың жетіспеушілігінен зардап шегуде. ҚФФ аймақтардың көбірек қолдау алуына жағдай жасайтын жаңа бағдарламаларды енгізуді жоспарлап отыр. Бұл жергілікті клубтарға демеушілер мен жанкүйерлерді тартуға, бизнес қауымдастықтарымен байланысты нығайтуға және жастарды спортқа баулуға көмектеседі. Басты мақсат – клубтардың деңгейі мен орналасқан жеріне қарамастан бәріне тең мүмкіндік беру.
Кәсіби футболды Федерацияның басқаруына қайтару
Кәсіби футболды Федерацияның басқаруына қайтару – бүкіл жүйенің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді. ҚФФ ұлттық және халықаралық стандарттар аясында жұмыс істейді. Ал бұл жанкүйерлердің, клубтар мен демеушілердің сенімін нығайтады. Бұл стратегиялық қадам келіспеушіліктерді жоюға, спортқа деген сенімді арттыруға, аймақтық командаларды дамытуға, төрешілер сапасын жақсартуға және барлық қатысушылар үшін тең мүмкіндіктер жасауға көмектеседі.
Қазақстанның кәсіби футболы жаңғыруды қажет етеді
Айта кетейік, бұған дейін QFL матчтарды ұйымдастыру, ойыншыларды тіркеу, төрешілердің еңбекақысын төлеу, телетрансляциялар, маркетинг және басқа да ұйымдастырушылық мәселелерге жауапты болды. Оның қызметі клубтар төлейтін жарналар есебінен қаржыландырылды.
Мысалы, КПЛ клубтары 55 миллион теңге, бірінші лига клубтары 25 миллион теңге, екінші лига клубтарынан 15 миллион теңге жарна төлейтін. 2024 жылғы маусымға 13 ҚПЛ клубы – 715 млн теңге, 16 Бірінші лига клубы – 400 млн теңге, 24 екінші лига клубы – 360 млн теңге төледі. Жалпы клубтардың жарналары 1 миллиард 475 миллион теңгені құрады. Ал ендігі кезекте ел футболын басқару толықтай ҚФФ-ға өтпек.