ҚХР көшелерінде танкілердің пайда болуы халықаралық қоғамдастықты тіксінтті

9720

Осыдан 32 жыл бұрын Тяньаньмэнь алаңында жаңғыруларды талап еткен қытай студенттеріне қарсы танктер шығып, қанға бөккен. Бұл жолғы жағдай өзгеше көрінеді.

ҚХР көшелерінде танкілердің пайда болуы халықаралық қоғамдастықты тіксінтті

Халықаралық ақпарат құралдары наразы халықтан банктерді қорғау үшін Қытай билігінің көшелерге танктерді енгізгені туралы ақпарат таратты.

Бұл оқиға Хэнань провинциясында болған. Қытай банкі жүйенің жаңартылуы барысында бірнеше банктердегі есепшоттар бұғатталғанын жариялады. Хэнандағы Yuzhou Xinminsheng Village Bank, Shangcai Huimin County Bank, Zhecheng Huanghuai Community Bank және New Oriental Country Bank of Kaifeng, сондай-ақ Аньхой провинциясындағы Guzhen Xinhuaihe Village Bank клиенттері зардап шекті.

Жаңалықты естіген халық көшелерді толтырды. Проблема әзірге тек қос провинцияны қамтығанымен, қытайшы-сарапшылар мұны соңғы жылдардағы ең үлкен банктік дағдарысқа бағалап отыр. Жергілікті тұрғындардың депозиттерінен шамамен 40 млрд юань (6 миллиард доллар) қаражат жоғалып кеткен. Жұңғолық банктерде клиенттердің салымын сақтандыру жүйесі қарастырылмаған, салдарынан халық жинағын қайтара алмауы ықтимал.

Содан ашынған жұртшылық көшелерде бүлік ұйымдастырды, салымдарын тез арада қолына беруді талап етті. Қытай қазағы, қаржыгер Мұқит Жәмиян бұл дағдарыс өзге өңірлерге таралуы мүмкін деген пікірін білдірді. Өзге қалаларда салымын шешіп алуды қалағандар көбейген, ұзын-сонар кезектер қалыптаса бастағаны туралы хабар бар. Оның айтуынша, бұқаралық бас көтерулер қос провинцияда бүгін басталған жоқ, бірнеше аптадан бері жалғасуда. Қазір күш алғандықтан, қауіпсіздік органдары ауыр техниканың көмегіне жүгінуге кіріскен.   

"Қытайда халықтың қаржы ұйымдарына, банктерге басы байлаулы, барлығы цифрлы юанға, электронды есеп айырысуға көшіп алған. Қазақстандағыдай шытырлаған купюраларды пайдаланбайды деуге болады. Қолма-қол ақша ұстайтындарға қайта сезікпен қарайды. Еңбекақы электронды күйде түсіп, ол банкте қалады. Яғни банк бұғаттаса, күнделікті тамағын сатып ала алмауы мүмкін. ҚХР-ға алапат адам шығынынан құтылуға мүмкіндік берген "zero-COVID" саясаты бір жағынан халықтың жұтауына соқтырды. Тұрғындардың шектеулерден төзімі таусылса керек. Банктер де басынып алды, әрнені бір сылтау етіп, несие беруді шектейді. Күні үшін күлін жеуге қашанғы шыдасын, біраз жан ашуға мінген. Жағдай Қытайда шынымен күрделі", – дейді ол.

Оның айтуынша, ақпарат шектеулі, не болып жатқаны ақырына дейін анық емес. Зардап шеккендер бар деген мәлімет таралған. Қаржылық-несие ұйымдары, банктер есепшоттардың, жинақтардың бұғатталуына жүйенің жаңартылуы (апгрейд) себеп болғанына, яғни уақытша проблема екеніне сендіріп бағуда.

Өз кезегінде Reuters ҚХР қалаларының көшелері танкілерге толғаны бейнеленген роликтерді пайда болғанын жазады.

Шын мәнінде шың еліндегі қаржылық сала дағдарысы былтыр өршіді. Банктерге, несие ұйымдарына қарыз адамдар борыштарын өтеуден жаппай бас тарта бастаған. Осындай хабар жайыла сала, қытайлық девелоперлердің акцияларының бағалары күрт құлдырады.

Жергілікті China Real Estate Information Corp. агенттігіне сілтеме жасаған Bloomberg-тің мәлімдеуінше, жалпы алғанда, 50-ден астам қытай қаласында орналасқан 100 ірі жоба аясында баспана сатып алған мыңдаған азамат ипотекалық кредиттерін төлеуден бас тартыпты. Бірақ бұл тек басы ғана деседі. Сатып алушылары төлем жасауды тоқтатқан тұрғын үй кешендерінің саны күн сайын өсіп бара жатыр. Қайтарымсыз борыштардың үлкен бөлігі "сақалды құрылыстарға" тиесілі. Банктер алдындағы қарыздық міндеттемелерін орындай алмаған көптеген құрылыс компаниясы дефолт жариялап, құрылысты доғарып жатыр.

Шығыстанушы, ресейлік белгілі қытайшы-сарапшы Александр Габуевтің айтуынша, Қытайдағы қаржылық секторға нұқсанын тигізген жылжымайтын мүлік секторындағы қиыншылықтар 2021 жылы бастау алды. Сонда China Evergrande Group алпауыт девелоперлік холдингінің 305 миллиард долларға жуық қарыз ауыртпалығын көтере алмайтыны әшкереленген. Артынша қытайдың жылжымайтын мүлік нарығындағы үш алыбы – Evergrande, Kaisa Group және Sunac China дәрменсіз жағдайға жетіп, долларлық облигациялары бойынша дефолт жариялады.

Сонымен ҚХР-дың жылжымайтын мүлік саласында шардай үрілген алып көпіршік жарылғанға ұқсайды. CNN қытайлардың қазаншұңқыр сатысында сатып алған баспаналары үшін ипотеканы төлеуден жаппай бас тартуы ақыр соңында банк секторындағы дағдарысқа соқтырғанын хабарлады. Клиенттердің бұл бойкотына алпауыт құрылыс компанияларының банкрот болуы, қаншама жылжымайтын мүлік жобаларының бірінен соң бірі тоқтауы немесе мүлдем жабылуы түрткі болған. Кімнің тұлыпқа мөңіреген сиырдай болғысы келсін? Жығылғанға жұдырық дегендей, елде тура бір жылдан бері баспана бағасы тоқтаусыз құлдырауда. Кезінде қымбатқа сатып алынған пәтер бағасы көп арзандап, құнсызданған.

Bloomberg сарапшыларының байламынша, Бейжің бұл проблеманың барын мойындап, оны шешуге бар күшін салып жатқанына қарамастан, жылжымайтын мүлік нарығындағы дағдарысты бақылауға ала алатын емес. Екі жылдан асқан пандемия аясындағы қатал карантиндік шектеулерден әбден қажып, тұрмысы төмендеген бұқараға бұл соққы болды. ҚХР статистика басқармасының ресми дерегіне сәйкес, мемлекет қаржыландыратын жобаларды қоспағанда, 70 қытай қаласында жаңа тұрғын үй бағасы құлдыраған. Үрейлісі сол, нарықтағы рецессияның қашан тоқтайтынын ешкім білмейді.

Jefferies Financial Group Inc. хабарлауынша, қазіргі кезде Қытайдағы құрылыс секторының дағдарысы жаңа деңгейге шықты. Таяуда ғана сенімді әрі дағдарысқа төзімді деп саналған компаниялар да қарыздарының көтерме саудасын (распродажи долга) ұйымдастырып жатыр. Олардың арасында пәтер сату жөнінен лидер саналған Country Garden Holdings Co. компаниясының барын айтсақ та жеткілікті.

Бейжіңнің бүкіл ел бойынша карантиндік шектеулерді сол бойы жұмсартпауы, өкіметтің локдаундардан бас тартпауы жағдайды ушықтырды. Экономиканың түрлі салалары қалпына келе алмай жатыр. Кез келген жерде коронавирус жұқтырғандар анықталса болды, орталық тіпті ірі қалаларды да оқшаулану режиміне жауып тастайды.

Билік дағдарыспен күрес аясында жекелеген заңдар мен қағидаларды жеңілдетті немесе жойды. Банктерді құрылыс саласын несиелендіруді әрі қарай ұлғайтуға көндіруде. Бірақ құрылыс жанданғанның өзінде сатып алушылар табылмауы мүмкін.

Қазірдің өзінде ҚХР құрылыс компанияларының қарызы 8 триллион (!) доллардан асып кеткен. Салыстырсақ, бұл әлемдегі үшінші экономика саналатын Жапонияның бүкіл экономикасы көлемінен асып түседі. Шың елінің құрылысшылары борыш құрдымына құлап барады, жаңа баспананың құнсыздануы, клиенттердің қатарының селдіреуі жағдайында олар күн сайын өскен қарыз жүгін көтеруге қауқарсыз болып жатыр. Nomura Holdings Inc экономистерінің бағалауынша, шетелдік инвсторлардан қарыз тартқан ҚХР құрылыс компанияларының шамамен 40%-ына банкроттық қаупі төніп тұр.

Жылжымайтын нарық секторындағы дағдарыс Қытай экономикасының басқа салаларына да зиянын тигізіп, өзімен бірге құрдымға тартуда. Мысалы, жергілікті биліктер жерді құрылыс компанияларына сатудан мол табыс тауып келген, енді олар кірісінің басты бір көзінен қағылуы мүмкін. Бір айда ғана жерге деген сұраныс 17,5%-ға күрт кеміген. Соның кесірінен провинциялардың қарызы да артып барады.

Әсіресе, банк жүйесіндегі ахуал ауыр. Moody’s Analytics дерегінше, маусым айының соңында банктердің құрылысшыларға берген кредиттерінің жалпы көлемі 28,8 трлн долларға жеткен. Бұл ҚХР-да берілген барлық несиенің 27%-ы. Қытай ұзақ жылдар бойы құрылыс саласына баса мән берді, себебі, бұл сектор экономиканың қуатты өсіміне серпін берді. Нәтижесінде, шың елінде қаңырап бос тұрған тұтас қалалар, аудандар пайда болды. Құрылыс компанияларының қарқынды салғаны сонша, оның бәрін сатып үлгермеген.

Айтқандай, құрылыс саласы қазақстандық металдың ірі тұтынушысы болып есептеледі. Қазақстанның бұл елге жеткізетін басты экспорттық тауары былтыр – тазартылған мыс болды. Одан республика 2 миллиард доллардан астам кіріс көрді. ҚХР қазақ мысын руда түрінде де сатып алады. Мұнай, табиғи газ, уран сыртында Қазақстан шығыс көршісіне ферроқорытпаны, темірді, өңделмеген мырышты, титанды жеткізеді. Бұлардан 5 миллиард доллардан аса табыс тапқан. 2022 жылғы қаңтар-наурызда ҚХР мен Қазақстан арасындағы сауда-саттық көлемі 4,7 млрд долларды құрады. Егер ҚХР құрылыс саласы жайрап қалса, Қазақстан да экспортының үлкен бөлігінен айырылуы ықтимал.

Қалай болғанда, Қытайда қалыптасып жатқан күрделі дағдарысты әлемдегі белді сарапшылар мұқият бақылап отыр. Егер әлемдегі екінші экономика күйресе, оның алапат толқыны әлемге тарап, жолай шағын экономикаларды жайратып, жаһандық жойқын күйзеліске соқтыруы ықтимал. Өйткені құрылыс секторы – үлесі Қытай экономикасының үштен біріне жуықтайтын (29%) базалық сала болып табылады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу