Киік пен бұғының төлдегені үшін ақшаны министрлік алады

21051

Шенеуніктер түз тағылары есебінен миллиардтарды игеруде.

Киік пен бұғының төлдегені үшін ақшаны министрлік алады

Кейінгі кезде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің браконьерлікпен күреске өте көп назар аударып, қоғамдық пікірге қайта-қайта қозғау салып жүргені мәлім, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Жұртшылықтың талап-тілегіне билік құлақ салып, Парламент ұлттық заңнаманы күшейтті.

Бұл бір жағынан дұрыс. Ұлы даланы сан жылдар мекендеген түз жануарлары жойылып кетпеуі керек. Алайда бұл бетбұрыстар бәрібір браконьерлердің қаскөй тірлігіне тұсау салмапты. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ерлан Нысанбаевтың мәліметінше, мысалы, тек ақбөкендерді қырған браконьерліктен былтыр мемлекетке келген шығын 2,4 млрд теңгені құраған.

Оның айтуынша, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің инспекторлары өткен жылы киіктерге қатысты браконьерліктің 85 фактісін тіркеді. Бұл тек әшкереленгені ғана. Соның өзінде 727 киіктің өлексесі, 9 мың 743 ақбөкен мүйізі тәркіленіпті. 71 браконьер қылмыстық жаза тартты.

Министрлік бюджетке қанша шығын "келтірді"?

Дәл осы кезде Мағзұм Мырзағалиев басқаратын ведомство да жабайы жануарлар үстінен ақша "тауып" отыр. "Ашық бюджеттер" порталында қызықты бір құжат жарияланды. Қоғам әзірге назар аудара қоймаған бұл құжат "Орман ресурстары мен жануарлар әлемін сақтау мен дамытуды басқару, қамтамасыз ету" деп аталады.

"Бюджеттік бағдарлама бойынша негізгі шығыстар жануарлар дүниесін, ормандарды және мемлекеттік табиғи-қорық қорының нысандарын сақтауға, күзетуге, қорғауға, молықтыруға және ұтымды пайдалануға, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда экологиялық туризм ұйымдастыруға бағытталған", – деді экология ведомствосы.

Сонымен, осы бюджеттік бағдарлама аясында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ел қазынасынан 2019 жылы – 45 млрд 454,9 млн теңге, 2020 жылы – 46 млрд 7,6 млн теңге алыпты.

Биылғы 2021 жылы осы бағдарламаға тағы 46 млрд 123,3 млн теңге, 2022 жылы – 46 млрд 153,3 млн теңге бөлу жоспарланып отыр екен.

Жүздеген, бәлкім, мыңдаған киікті қорғап-сақтай алмай, браконьерлерге жем қылса, онда бұл меморган осы миллиардтарын ел бюджетіне кері қайтаруға тиіс емес пе? Қынжылтатыны сол, бюджеттік бағдарламада ондай жауапкершілік қарастырылмаған. Шенеуніктер керісінше, барлық миллиардтарды соңғы қиқымына дейін игеріп тастауға баса мән береді. Оның сапасы, қаражаттан келген қайтарым, нәтиже – екінші, тіпті одан да төмен орындардағы мәселе.

Сонда осынша қаражатты алғанда, министрлік елге не пайда әкелем деген? Ведомство өз уәдесін бюджеттік бағдарламада жазады.

"Сирек кездесетін және жойылып бара жатқан тұяқты жануарлар мен киіктер саны өседі, соның ішінде: киік 2020 жылы – 15%, 2021 жылы – 15%; 2022 жылы – 15%-ға;
тоғай кермаралы 2020 жылы – 0,7%, 2021 жылы – 0,7%; 2022 жылы – 0,7%-ға;
құлан 2020 жылы – 0,9%, 2021 жылы – 0,9%, 2022 жылы – 0,9%-ға;
қарақұйрық-джейран 2020 жылы – 0,5%, 2021 жылы – 0,5%, 2022 жылы – 0,5%-ға;
арқар 2020 жылы – 1,4%, 2021 жылы – 1,4%, 2022 жылы – 1,4%-ға".

Бұдан бөлек, бағдарлама аясында орман алаңын арттыруға, балық ресурстарын және басқа да су жануарлары түрлерін сақтауға сөз берілді.

Бұл ретте түз жануарларының басы қаншаға өсетініне қатысты деректер назар аудартады: жыл сайынғы пайыздар бірдей. Әрине, экология министрлігіндегілер жануарлар тілін білмейді, демек жануарлармен төлдеу мәселесі бойынша нақты мәмілеге келді деу әбестік.

Бірақ меморган бұл нақты пайыздарды қайдан алғанын, нендей зерттеулерге сүйенгенін түсіндірмейді.   

Тағы бір жайт: қоғам миллиардтаған ақша шығындалатын осы жоспарды министрліктің қаншалықты дұрыс орындап отырғанын білмейді. Себебі мысалы, тоғай кермаралының, құланның, қарақұйрықтың, арқардың басы қанша көбейгені туралы жыл сайын есеп берілмейді.

Оның үстіне бұл жануарларға санақты да министрліктің өзі жүргізеді. Яғни, қосып жазбасына еш кепіл жоқ, дәл төрт түлік мал сияқты түз тағыларының құлағына сырға салынбайтыны мәлім.

Министрліктің тренд-тақырыбына арқар кірмей ме?

БҰҰ Жабайы жануарлардың қоныс аударатын түрлерін сақтау туралы конвенцияға" (оған Қазақстан тек 2005 жылы қосылды) арналған баяндамасында Қазақстанға қатысты дерек жетіспейтінін атап көрсетті.

"Қазақстандағы арқарлар популяциясының саны туралы мәліметтер аэрофототүсірілім деректеріне негізделді. Тұтастай алғанда, арқарлар санының артқаны және мекен ету аумағының кеңейгені байқалады. Соған қарамастан, Қазақ таулы өлкесінің (Казахское нагорье) батыс бөлігінде 50–60-шы жылдары толық жойылған арқар популяциясы мемлекеттің араласуынсыз қайта қалпына келмеуі мүмкін. Ғалымдар Бербер мен Вайнберг арқардың келесі санын көрсетті: солтүстік-шығыс ареалда, яғни Қарағанды облысында – 10–12 мың, Қаратау тауында 250-дей, ал Батыс Тянь-Шаньде – саны белгісіз", – делінген баяндамада.

Айта кету керек, 2006–2008 жылдары биология ғылымдарының кандидаты, Қарағанды облыстық Орман және аңшылық шаруашылығы басқармасының басшысы болған Александр Петрович Бербер бастаған экспедиция Тарбағатай, Сауыр, Маңырақ және Қалба жоталарында, сондай-ақ Қазақ таулы өлкесінде (Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары жатады) зерттеу жүргізді.

Сонда аталған 4 таулы жотада небәрі 489 арқар табылыпты. Жалпы алғанда, бұл жануарлардың қазіргі мекенін – 14 миллион гектарды қамтығанда, 8 мың 942 арқар анықталды.

Ғалымның байламынша, арқар санының өсуіне Қазақстанда ауылдық елді мекендер мен мал шаруашылығы фермалары санының күрт қысқаруы ықпал етіпті. Яғни, олардың көбеюі Мырзағалиев министрлігінің еңбегі болмаса керек. Бұл – Сапархан Омаров басқаратын Ауыл шаруашылығы министрлігі мен аймақ әкімдері қызметінің "жемісі". Тиісінше, алда ауыл деградациясы тоқтаса, латифундистер игермей, бос жатқан жайылым, шабындық және егістіктер тегіс іске жаратылса, түз тағыларының саны қайта кемиді.

Былтыр мысалы, төтенше жағдай кезінде аграршылар далаға шыға алмай қалғанда, киіктердің күрт қаптап, егістікті таптап кеткені мәлім.

Сонымен бірге, ғалым А.Бербер "арқарлар санының өсуіне барынша теріс ықпал ететін факторлар ретінде браконьерлікті және адамның шаруашылық қызметін" атады. 

Дегенмен, экология министрлігі өз баяндамаларында, баспасөз хабарламаларында, әлеуметтік желідегі посттарында киік және қар барысы секілді "сәнді тақырыптарды" көп тілге тиек ететіні аңғарылады. Тиісінше, арқар, тоғай кермаралы, құлан, қарақұйрықтар тасада қалады.

"Біз мысалы, 2020 жылы ІІМ және ҰҚК-мен бірлесіп, "Киік" табиғатты қорғау акциясын іске қостық. Оның аясында алдын алу іс-шаралары жанданды, киіктер мен басқа да жабайы жануарларды аулауға маманданған бірқатар қылмыстық топтардың жолдары кесілді", – дейді вице-министр Ерлан Нысанбаев.

Министрлік биыл "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" ел тарихында бұрын-соңды болмаған жаңа заң қабылдатпақ ниетте. Бірақ ол кейінгі кезде орын алған итті көлікпен сүйреу, итбалықтарды ұру секілді теріс оқиғалар қайталанбауы үшін әзірленуде және арқар-маралға қатысы болмауы мүмкін.

Сондай-ақ ведомство "Жануарлар дүниесін сақтау және аңшылық шаруашылықтарын дамыту жөніндегі 2030 жылға дейінгі мастер-жоспарды" бекіткелі отыр. Аты айтып тұрғандай, бұл керісінше, түз тағыларын аулау ісін дамытуға бағытталмақ деген жорамал бар. Өйткені "пандемия кезінде қаптап кеткен, егістікті бүлдіріп жатқан киіктерді аулауға рұқсат етуді" сұраған хаттар түсуде. Министрлік болса, "Қазақстанның барлық аумағында киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға мораторийді" тек 2023 жылға дейін ұзартты.

Қалай болғанда, меморган ала қойды бөле қырқа бермей, түз тағыларын тегіс әрі бәрін бірдей қорғауға мән берсе, жөн.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу