Бір кездері саны күрт азайып кеткен киіктер соңғы жылдары қайта көбейе бастады. Бұған экологтар мен орманшылар қуанғанымен, шаруалар зардап шегіп отыр. Себебі киіктер олардың егіс алқаптарына кіріп, көктемгі еңбекті еш кетірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Бір азайып, бір көбейіп...
Статистикалық деректер бойынша, өткен ғасырдың 90-ыншы жылдары елдегі киіктердің саны 1 миллионнан асып жығылатын. Бірақ қытайлық медицинада оның мүйізі зор сұранысқа ие болуына байланысты әлемдегі тұяқты жануарлардың саны бірден 90%-ға азайды. Жоғарыда атап өткеніміздей, 1990-ыншы жылдардың басында елдегі миллионнан астам киіктің саны небәрі 10 жыл ішінде 21 мыңға дейін азайып кетті.
Олардың популяциясын сақтау үшін Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін киіктерді аулауға мораторий енгізді. Бұл бағыттағы шаралар өз нәтижесін беріп, тұяқты жануарлардың қатары қайта көбейді. 2020 жылы олардың саны 800 мыңнан асты. Киіктердің кедергісіз жүріп-тұруы үшін көрші елдермен халықаралық ынтымақтастық келісімдерге қол қойылды. "Охотзоопром" кәсіпорны құрылып, тұяқты жануарлардың сирек кездесетін, жойылып бара жатқан түрлерін сақтау, қалпына келтіру және олардың санын есепке алу жұмыстарын жүргізетін болды. Сөйтіп биыл тұяқтылардың саны 1 млн 300 мыңға жетті.
Айта кетейік, киіктер "Қызыл кітапқа" кірмеген. Десе де, атуға мүлде тыйым салынған жануарлар қатарына қосылған. 1996 жылы Табиғатты қорғаудың халықаралық одағының Қызыл тізіміне енгізілді.
Соған қарамастан, броконьерлер киіктің мүйізіне "көз тігуді" тыяр емес. Тек соңғы екі жылдың ішінде олардан 3,5 мың келі мүйіз тәркіленді.
Киіктен келер қауіп көп
Осы ғасырдың басынан киіктердің санын көбейту үшін атқарылған шаралар бүгінде шаруаларға кері әсерін етіп жатыр. Мәселен, Павлодар ауданындағы "Ақжар-Өндіріс" шаруашылығының басшысы Гүлзира Қазылова тұяқтылар алқаптарды таптап кеткенін айтып, дабыл қағып отыр. Соңғы есептеулерге сәйкес, қазір бұл облыста 12 мыңнан астам киік бар.
"Соңғы үш жылда киіктер саны тым көбейіп кетті. Қазір Май ауданының аумағында шамамен 2,5 мың киік бар. Олар егін егілген аумақтарға кіріп кетті. Біз олардың барлығын алқаптан қуып шыға алмаймыз. Өзіміздің күшіміз тұяқты жануарларға төтеп беруге жетпей жатыр. Киіктердің кесірінен күзде өнім жинай алмайтын болдық", – дейді Гүлзира Қазылова.
Тағы бір павлодарлық кәсіпкер Айдар Мусаипов заңнамалардың бір-біріне керағар болуы салдарынан тиісті шаралар қолданылмай отырғанын алға тартады.
"Бұған дейін киіктер алқаптарға кірмес үшін ор қазып қоятынбыз. Бұл мәселе заңнамаларда көрсетілген. Яғни жануарлардан қорғану үшін ор қазуға болады. Алайда облыстан келген комиссия өкілдері мұның бұрыс екенін негізге алып, ор қазуға тыйым салып отыр. Сонда тұяқтылар алқаптарға кірмес үшін не істеуіміз керек?", – дейді ол.
Бұл мәселе Павлодар облысымен қатар, басқа да өңір шаруаларын алаңдатып отыр. Алдын ала есептеулер бойынша, киіктер ауыл шаруашылығы саласына 80 млрд теңге көлемінде шығын келтірді.
Аулаудан басқа амал жоқ па?
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі мәселені шешудің "жолын" тапты. Серікқали Брекешов бастаған ведомство оралдық популяцияға жататын киіктің 80 мыңын ату керек деп есептейді. Бұл мақсатқа шамамен 800 млн теңге жұмсамақ. Алайда министрлік бастамасын қолдағандардан қарсы шыққандар көп. Мәселен, экобелсенді Сәкен Ділдахмет министрліктің жоспары әлі "шикі" екенін айтады.
"Киікті аулаған соң оның етін өңдеу орындарына жібереді-мыс. Бірақ қазір оны реттейтін ешқандай нормативті акт жоқ. Оны сатқаннан кім ұтады? Қандай ет өңдеу комбинаттарына беріледі? Киіктерді атуға рұқсаты бар жалғыз мекеме – "Охотзоопром" қысқа уақыт аралығында мыңдаған тұяқты жануарды атып үлгере ме? Осы сынды сұрақтар көп, бірақ жауап жоқ. Министрліктің оған жауап іздемегені де көрініп тұр. Ал шаруалардың киіктерден зардап шегіп отырғанына мемлекеттің өзі кінәлі. Жануардың саны өсіп келе жатқанын біле тұра ауыл шаруашылығы жерлерін оңды-солды тарата бастады. Бұл аумақтарға киіктер кіріп кетуі мүмкін деген нұсқа мүлде қарастырылмағанға ұқсайды", – дейді ол.
Осы орайда Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Руслан Төлепбаев жылына екі рет "Киік" кең ауқымды табиғат қорғау акциясы өтетінін еске салды. Алғашқысы киіктердің төлдеу кезеңі – 15 сәуір мен 15 мамыр аралығында болса, екіншісі 1-31 желтоқсан аралығына сәйкес келетін жұптасу кезеңіне тұспа-тұс келеді.
"Жабайы жануарлардың бөлік-терін сату мен сатып алу туралы хабарландырулардың болуы тұрақты түрде қаралып, тексеріледі. Ел аумағында киіктерді аулауға, мүйіздерді, теріні, етті және басқа да дериваттарды сатып алуға, сатуға, сақтауға, тасымалдауға тыйым салынған. Мұндай әрекетке барғандардың мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан шектелуі мүмкін. Киіктерді заңсыз аулау шығыны 1-7 млн теңге аралығында есептеледі", – дейді Руслан Төлепбаев.
Байқағынымыздай, киіктер санын реттеу мәселесі әлі де елеп-екшеуді қажет етеді. Жылдар бойы мемлекет оларды көбейту үшін ауқымды шаралар атқарып, қыруар қаржы бөліп келді. Енді оларды ату үшін тағы қомақты қаражат қарастырмақ. Парадокс!
Құндыз Қабылденова