Кілтін уақытында алмаған үлескердің үйі тартып алынбақ

11099

Ел Үкіметі үлескерлік құрылысқа қатысты жаңа заң әзірледі. 

Кілтін уақытында алмаған үлескердің үйі тартып алынбақ

Мемлекеттің қабылдаған шараларына қарамастан, үлескерлік құрылыс әлі күнге проблема тудыруда. Басқа түгіл, бас қаланың өзінде он жылға жуық уақыттан бері баспанасына қол жеткізе алмай жүрген үлескерлер жетерлік. Елордадағы проблемалы тұрғын үй кешендерінің (ТК) құрылысын аяқтау ісін қала әкімдігі өз қолына алғаны мәлім. Осы мақсатта әкімдіктің квазимемлекеттік кәсіпорны – "Елорда құрылыс компаниясы" құрылды. Оған "сақалды" құрылысты тәмамдауы үшін республикалық бюджеттен 40 миллиард теңге берілді. Бұл миллиардтар да жетпей жатыр. Бүгінде еліміздің барлық қаласында құрылыс компаниялары "цессия келісімшарты" негізінде үлескерлерді заңсыз тартуын жалғастыруда.

Құрылыс салушылардың сұрауымен жасалса керек, Ұлттық экономика министрлігі "бизнес жүргізу мәселелері бойынша" заңнамаға енгізілетін түзетулердің кезекті 9-шы пакетіне үлескерлерге қатысты өзгерістер мен толықтыруларды қосып отыр. Тиісті заң жобасы жаңа сайланатын Парламент Мәжілісіне биыл енгізілуі мүмкін.

Қандай жаңашылдықтар ұсынылуда?

Біріншіден, егер министрліктің ұсынысы өтсе, онда "Үлестік қатысу туралы шартты" бұзудың себеп-негіздерінің саны артады. Мысалы, егер үлескер пәтерді дер кезінде қабылдап алмаса, құжаттарға қол қойып, кілтін уақытында алып кетпесе, құрылыс компаниясы онымен арадағы шартты бұзып, пәтерді басқаға сата алатын болады.

Заңгерлердің түсіндіруінше, қазіргі кезде қолданыстағы заң уәкілетті компанияның бастамасы бойынша шартты бұзудың 1 ғана негізін бекітті: егер үлескер кезекті төлемді төлемесе, яғни үлесі үшін ақша енгізуді доғарса ғана салушы одан теріс айнала алады.

Алда үй салушылар өз клиентіне пәтерді бермей қоюдың өзге тетіктерін иеленетінге ұқсайды.

"Практика көрсеткендей, бүгінде шартты бұзудың басқа да негіздері бар. Атап айтқанда, енді үлескердің үй-жайды қабылдап алу жөніндегі міндеттемесін орындамауы да үлестік қатысу шартын бұзуға негіз болуға тиіс. Себебі, мұндай жағдайда пәтерлердің тапсырылуы үлескердің жеке себептері кесірінен кешіктіріледі: оған тұрғын үйдің меншік иесі атану тиімсіз болуы мүмкін. Мысалы, үлескер әлеуметтік, жалға берілетін тұрғын үй кезегінде тұруы ықтимал, ал жекеменшік пәтерге ие болуы оның сол тізімнен алып тасталуына соқтырады. Осыған орай көптеген үлескер пәтерлерді бастапқы тексеруге келмей қояды. Беру актісіне қол қоюдан және тұрғын үйдің меншік иесіне айналудан бас тартады, созбалаңға салады", – деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігі заң жобасының тұжырымдамасында.

Депутаттар қарсы болмаса, құрылыс алпауыттарына үлескерге үй бермеудің тағы бір негізі түрінде "сыйлық" ұсынылады: егер елде ТЖ енгізілсе, экономикалық дағдарыс туындаса, үлескерлер болашақ пәтерімен "қош айтысуы" ғажап емес.

"Сондай-ақ, шартты бұзудың тағы бір негізі – объектінің құрылысын белгісіз мерзімге тоқтата тұру немесе құрылыс жобасын толық жабу болуға тиіс. Мұның себебі – төтенше жағдайдың жариялануы, экономикалық дағдарыс және басқа да объективті мән-жайлар болуы мүмкін", – делінген тұжырымдамада.

Екіншіден, үлескерлердің төлемдерін төлемей қойғаны туралы хабарламалардың санын және төлеу мерзімін қысқарту көзделіп отыр. Әзірге бұл көрсеткіштердің қаншаға қысқартылатыны беймәлім, ол заң жобасының Мәжіліске енгізілетін ақырғы нұсқасында нақтыланатын болса керек. Жалпы, бұл нені білдіреді?

Қолданыстағы "Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы" заңына сәйкес, уәкілетті компания шартты бұзардың алдында "үлескердің өз міндеттемелерін орындаудан бас тартуы фактісін" тіркеуге тиісті. Бұл үшін үлескерге кем дегенде 3 рет ескертіп, хабарлама жіберуі керек. Бұған қоса, үлескердің ақша енгізуді тоқтату мерзімі кемінде 3 айдан асып кетуі қажет. Бұл – баспананы бөліп төлеу (рассрочка) тәсілімен сатып алғандарға қатысты. Пәтердің толық құнын төлегендерге қатысы жоқ.

Әйткенмен, қолданыстағы осы тетік үлескерлердің соған дейін қанша ақша енгізгенін ескермейді. Мысалы, азамат пәтер құнының 80–90%-ын өтеп үлгеруі мүмкін. Демек, қалған шамалы бөлігін енгізе алмағаны үшін оны үш ай ішінде үй алу құқығынан айыру әділетті болмас еді.

"Сондықтан үлескердің міндеттемелерді орындауынан бас тарту фактісін тіркеудің ақылға қонымды мерзімдерін бекіту үшін заңда үлескердің орындаған міндеттемесінің көлеміне қарай мерзімдерді де градациялау-ажырату қажет", – деді ведомство.

Яғни, пәтердің мейлінше аз құнын ғана өтеген үлескерлерге 3 айдан да аз уақытқа мұрша берілуі ықтимал.

Тұрғын үй кешенін ауыстыра аласыз

Үшіншіден, заң жобасында үлескерлерге қолайлы өзгерістер де қарастырылған. Мәселен, азаматтарға тұрғын үй кешеніндегі үлесін немесе тіпті тұрғын үй кешенінің өзін өзгертуге мүмкіндік берілмек.

"Кей жағдайда үлескерлер салынып жатқан тұрғын үйдегі өзі сатып алған пәтерді өзгертуді сұрап, құрылыс компаниясына өтініш жасап жатады. Мысалы, отбасы мүшелері санының өсуіне, сәбилі болуына байланысты бұрын сатып алынған 1 бөлмелі пәтер жеткіліксіз болып қалады. Алайда заңнамада нысанды салу кезеңінде үлескерлердің пәтерлерін өзгертуге құқығы көзделмеген. Осыған ұқсас, уәкілетті компанияның үлескерлерге бір тұрғын үй кешенін екіншісіне ауыстыруды ұсыну құқығын бекіту қажет", – деді ведомство.

Бұл не үшін керек? Мысалы, елде төтенше жағдай енгізілсе, табиғи апаттар не басқа да жағдайлар болса, құрылыс жобасы белгісіз мерзімге тоқтатылуы мүмкін. Осы орайда құрылыс салушы үлескерлерді жинап, өзге бір жобаларына қатысуды ұсына алады. Нәтижесінде, ол өз үлескерлерімен шарттық қатынастарын бұзбайды, компанияның бедел-репутациясы бүлінбейді. Үлескерлер болса, қаржылық шығын шегуден құтылады, белгісіздікке ұшырамай, өзге ТК-ден анағұрлым жедел баспана ала алады. 

Жаңа заң жобасында басқа да елең еткізерлік жаңашылдықтар қарастырылған. Дегенмен, құжаттың бір қайнауы ішінде екені байқалады. Оны пысықтау жаңарған депутаттық корпустың еншісінде.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу