Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын елдің әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік қуатын арттыруды тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Анадолы агенттігінің жазуынша, Ким Чен Ын Нампхо қаласындағы кеме жасау зауытына барып, модернизациялау жұмыстарының барысымен танысқан.
"Әртүрлі қауіп-қатерлер жағдайында теңіздегі ұлттық егемендікті қорғау үшін су үсті және су асты күштерінің жауынгерлік мүмкіндіктерін қарқынды түрде арттыру қажет", – деді Ким Чен Ын.
Бұл ретте Солтүстік Корея басшысы аймақтағы геосаяси оқиғаларға және "қарсыластардың әрекеттеріне" назар аударды. Қалыптасқан ахуал "ең заманауи әрі қуатты әскери кемелерді" жасау қажеттілігін көрсетіп отырғаны айтылды.
КХДР басшысының қарындасы Ким Ё Чжонның жазбаша мәлімдемесінде АҚШ-пен диалог "бейбітшілікке қол жеткізудің жолдарының бірі" екендігі айтылған. Оның сөзінше, бұл елдің ұлттық мүдделеріне әрдайым сәйкес келе бермейді. Ким Ё Чжонның пікірінше, Вашингтон тарапынан жалғасып жатқан "дұшпандық көзқарастар" Пхеньянды Америка әкімшілігінің "шынайы ниеттерін" қайта қарауға мәжбүр етіп отыр.
Жақында АҚШ Федералды тергеу бюросы Солтүстік Кореяны Binance криптобиржасынан 6 миллиард доллардан астам криптовалютаны ұрлады деп айыптады. Ким Ё Чжон бұл ақпаратты жоққа шығарды.
"Корея халық демократиялық республикасының криптовалюта ұрлады деп айыпталуы – АҚШ-тың елге деген дұшпандығын айғақтайтын үлкен мәселенің бір шеті ғана", – деді Солтүстік Корея басшысының қарындасы.
Айта кету керек, бұған дейін Ким Чен Ын әскерді толық жауынгерлік әзірлікке келтіруге шақырғанын жазғанбыз.