Кино саласында отандық "қарақшылар" пайда болған ба?

9944

Кинотеатрлар бәсекелестеріне тісін қайрап жүр. 

Кино саласында отандық "қарақшылар" пайда болған ба?

Елімізде карантин шектеулеріне байланысты ірі кинотеатрлар негізінен сол бойы ашылмады. Қазан айының соңында ВАК бірқатар қалада оларға жұмысын қайта жалғастыруына рұқсат еткен, алайда әрқайсысын аралаған қалалық бас санитарлар көбісінің жұмысын доғаруға шешім қабылдапты. Сала кәсіпкерлері үлкен шығын шегуде.

Бірақ олардан босаған орынды өзге бизнес өкілдері басты. Сала кәсіпкері, маркетолог Индира Сапарғалиева Қазақстанда автокинотеатрлар жаздан бері жұмыс істеп келгенін айтады.

"Олардың арасында "Аspan cinema", "Kinoperets", "Сarantino cinema" және басқалары бар. Олардың бәрі "Кинематография туралы" заңының талаптарын бұзуда. Айтпақшы, ол заңда автокинотеатр деген ұғым да жоқ, 2019 жылғы 3 қаңтарда қабылданған заң ғой, ол кезде пандемия болмады. Дәстүрлі кинотеатрлар тегіс жабылып, халық мыналардың қызметіне жүгінеді деп кім ойлаған. Автокинотеатрлар коммерциялық кинокөрсетілімін ешқандай прокаттық куәліксіз және бірыңғай автоматтандырылған электронды жүйеге есеп ұсынбай-ақ жүзеге асыруда", – дейді сарапшы.

Егер бұл рас болса, құзырлы органдар оларды жаппай жазалауы керек еді. Тиісті бап та қарастырылған. Мысалы, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 156-бабына сәйкес, біріншіден, фильмді прокаттау куәлігінсіз көрсетсе, екіншіден, көрерменге фильмнің жас санаты туралы ақпарат бермесе, үшіншіден, 18+ және 21+ жас санаттары бар фильмдерді прокаттау кезінде белгіленген уақытты сақтамаса (түнде көрсетпесе), төртіншіден, "Фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне" фильмдер бойынша ақпарат бермесе, онда бірінші рет ескерту жасалады.

Ал егер бір жыл ішінде талап қайтара бұзып, ұсталса, онда жеке тұлғаларға – 20 АЕК (55 мың 560 теңге), шағын кәсiпкерге – 30 (83 мың 340 теңге), орта кәсiпкерлiкке – 40 (111 мың 120 теңге), ірі кәсiпкерлiк нысандарына – 200 АЕК (555 мың 600 теңге) айыппұл салынуға тиіс. Әрине, жаза соншалықты ауыр емес. Бұл айыппұлды төлеп тастап, заңсыз көрсетілімін ары қарай жалғастыра беруіне мүмкіндік мол.

Кинотеатр өкілдері осы кәсіппен пандемия жағдайында "заңсыз айналысып" жатқан бәсекелестерін жазалауды сұрап, жақында билікке хат жазған. Бірақ көңіл көншітерлік жауап ала алмады.

"Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2020 жылғы 17 қыркүйектегі №61 қаулысына сәйкес, ашық аспан аясындағы киотеатрлардың қызметіне рұқсат етілді. Онда тек көрермендер әлеуметтік қашықтықты сақтауға және бетперде киіп отыруға міндетті. Ал олардың мәдениет туралы заң талаптарын бұзуына қарсы шара қабылдау біздің құзырымызға кірмейді", – деп қысқаша түсініктеме берді Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестиция басқармасы.

Автокинотеатрлар тұсаукесерлерден қағылды

Сарапшылар кинотеатр иелерінің байбаламын негізсіз санайды. Өйткені қыс келгелі автокинотеатрлардың қызметі онсыз да тоқтады. Үскірік аяз бен бұрқыраған боранда көлік ішінде кім үсіп-жаурап, үлкен экраннан кино көруге ынтықсын?! Бұл жазғы маусымдағы уақытша кәсіп болатын. Шағымдар да келесі жылға бағытталған болса керек.

Мысалы, Нұр-Сұлтанда, "Астана арена" стадионының тұрағы аумағында орналасқан даладағы кинотеатр тамыз айының ортасында шектеулі мерзім ғана жұмыс істей алды. Күн сайын ол 2 сеанстан өткізді: репертуарына отандық және шетелдік ескі фильмдер кірді. Оның үстіне автокинотеатр көрсетілімдері негізінен тегін болды. Кәсіпкер көрермендерге мәзір бойынша тамақ жеткізу және сусын түрлерін сату есебінен пайда тапқан. Сеанстар кешкі 20:30 және 22:30-да жүріпті. Бұл іске Enterprise Production компаниясы қолдау көрсетті. Елордада заңнама талаптары сақталған.

Алматыда да уақытша автокинотеатрлар бертінге дейін жұмыс істеді. Алайда дистрибуциялық және прокаттық компаниялардың ешқайсысы әлемдік және отандық жаңа кинотуындылардың премьераларын солар арқылы өткізуге ниет білдірмеген. Салдарынан, оның да репертуары негізінен ескі фильмдерден – Голливудтың классикалық туындыларынан, сондай-ақ "Қазақфильмнің" архивіндегі алтын қор картиналарынан және Ақан Сатаевтың режиссерлік, продюсерлік жобаларынан тұрды. 

"Мені бірнеше рет автокинотеатрлардың сеанстарын көруге шақырды. Шыны керек, құмартпадым. Қанша жайлы болса да, көліктің тар салонында екі сағаттай тапжылмай отыру оңай емес. Қазір кез келген фильмді үйдегі төсекте не диванда жайлана жатып, интернет арқылы онлайн көруге болады. Керек тамақ пен сусын түрі де қасыңда. Тек туындыны тамашалау кезінде сезімге бөленуіңе ешкім кедергі келтірмесе болғаны. Ал көлікпен табиғат аясына барған, қоршаған ортаның көркем құбылыстарын қызықтаған абзал. Кино деген өнер. Ол қозғалыс құралына арналған контент емес", – дейді белгілі актер, "Большая восьмерка" компаниясының продюсері Дәуіт Шайхисламов. 

Жалпы, автокинотеатрлар көп инвестицияны талап етпейтін жоба саналады екен. Бұл үшін проектор және фильмді проекциялайтын кенеп сатып алынады не жалға алынады. Сондай-ақ персонал орналасатын стационарлы будка жабдықталуға тиіс. Ал алаңды сауда ойын-сауық орталықтарынан жалдауға, не елордадағыдай әкімдікпен келісіп, тегін алуға болады. Бөгде адамдар алаңды толтырмауы үшін қоршау орнатылғаны жөн. Дыбыс жақсы естілуі үшін арнайы құлақша-наушниктерді жалға беруді жолға қоюға болады. Сусындар мен тамақ сатылуы қажет.

Демек, ашық аспан аясындағы автокинотеатрлардың болашағы алда болса керек. Бұл негізінен, романтика іздеген, ата-анасынан не өзгеден қашып, көлік ішінде оңашалануға құмар жастар жағына жақса керек.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу