Кірпі сорпасына қатысты күтпеген шындық жария болды

5524

Шетелдік сарапшылар Қазақстандағы даулы трендке "төрелік" айтты.  

Кірпі сорпасына қатысты күтпеген шындық жария болды Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Қазіргі әлем ең күтпеген трендтерге толы, бірақ олардың кейбірі ақылдан жаңылысып қана қоймай, қауіпсіздік қағидаттарынан да "қаңғып" кетіп жатады.

"Жігіттер" квартетінің мүшесі, қазақстандық әнші Айдар Тұрғамбектің таяуда жариялаған видеосы Қазнетте үлкен резонанс тудырып, қызу пікірталасқа ұласты. Бейнероликте әнші кірпіден жасалған сорпадан дәм татып, бұл тағамды "асқазанға аса пайдалы шипалы ас" ретінде сипаттады. Алайда мұндай экзотиканы шипа ретінде насихаттау табиғат қорғаушылар мен медициналық қауымдастық тарапынан қатаң сын туғызды, деп жазды inbusiness.kz сайты. 

Қоғам қақ бөлінді: заң мен соқыр сенім арасындағы арпалыс

Әншінің бұл қадамы интернет пайдаланушыларды жік-жікке бөлді. Пікір жазғандардың басым бөлігі дүкендер тауарға толы заманда жабайы жануарларды тағамға пайдалануға негіз жоғын нұсқап, қатаң айыптады. Азаматтар Президент Тоқаевтың тікелей бастамасымен "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" заңы қабылданғанын еске салып, оның "Қызыл кітапқа" енген кірпілерді жоюға тыйым салатынына назар аудартты. Көрермендер мұндай бейнероликтердің қауіпті прецедент тудырып, жас ұрпаққа теріс үлгі беретінін жеткізді.

Threads платформасында тіпті құқық қорғау органдарынан әншінің әрекетіне құқықтық баға беруді сұраған үндеу пайда болды. Автор әдемі контент үшін кірпіні әдейі өлтіру жануарларға қатыгездік көрсету баптарына сәйкес келетініне назар аудартты.

Бұл ретте халықтық емдеу әдістерін жақтаушылар да дереу белсенділік танытып, өз сөздерін дәлелдеу үшін "өмірлік оқиғаларды" алға тартты.

"Адам тығырыққа тірелгенде, аман қалу үшін кез келген амалды қолдануға дайын болады", – деп пікір бөлісті Үрхия.

"Менің әкем жас кезінде ауыр науқастанып, жергілікті емші оны дәл осы кірпі тұнбасының көмегімен аяққа тік тұрғызған", – деп еске түсірді Рәзия.

"Туысым созылмалы дерттен тек кірпі сорпасының арқасында ғана құтылғанын айтушы еді", – деп қостады Ерлан.

"Мұнда еш айып жоқ. Дәрігерлер "адам болмайды" деп бас тартқан мектептегі ұстазымызды шөптерді, халықтық рецепттерді жақсы білетін ақсақалдардың кеңесімен емдеп жазған болатын. Бүгінде бұл кісі 80-нен асып отыр", – дейді Шара.

"Ауру меңдесе, бәрін ішесің. Қытайлар шыбын-шіркей, бақа-шаянға дейін жейді, денсаулықтары мықты, халқының саны да сонша көп", – дейді Тілеуғайша.

Аудиторияның екінші бөлігі бұл істің адамға пайдасы барына шүбәланды. "Кірпінің қарғысы қатты болады деп еститін едім негізі", – деп жазды Асан есімді пайдаланушы.

"Кірпішешенді ем үшін аулағанда айтылатын дұғаны кім біледі екен, жазсаңыздар, керек еткен адамға пайдасы тиер!", – деп сұрау салды Сара.

Бұл сөз негізсіз емес. Қазақ халқы кейде кірпіні "кірпі шешен" деп атайды. Бұл атаудың қалыптасуына халық арасында кең тараған аңыз-әңгіме ықпал еткен. Аңыз бойынша баяғыда жануарлардың тілін түсінетін Сүлейман пайғамбар 18 мың ғаламның тілін біліп, өзінің мәңгілік өмір сүргісі келетінін Алладан сұрайды. Сонда оған: "Барлық жаратылыстан, аң-құс пен жәндіктерден рұқсат сұра, бәрі келіссе қала бер!" деген тапсырма беріліпті. Сүлейман бәрін аралап, келісімін алады, тек ең соңында кірпі ғана бұл ұсынысқа қарсы шығады.

Кірпі оған: "Біз сізді білеміз, қадіріңізді бағалаймыз. Бірақ мәңгілік өмір сүрсеңіз, кейінгі ұрпақ лайықты құрмет-қошемет көрсетпей, басыңыздан аттап, менсінбес", – деп ақыл айтады. Сонда Сүлейман пайғамбар кірпі сөзіндегі терең мағына мен әділ уәжге тәнті болады: "Ешкім айтпаған ақылды айттың, нағыз шешенсің!" – деп баға берген екен.

Тіпті бірқатар салмақты басылымдар "Қазақстандық емші жылан мен кірпі сорпасын беріп науқастарды емдеп жүр" деген сипатта мақалаларды бұрыннан басып келеді. Салдарынан, жасырын жарнама арқылы аңғал, сенгіш азаматтардың күмәнді ем-домға деген қызығушылығын оятады. Бірақ беделді ғылыми қауымдастық мұндай тосын сынақтарға шошына қарайды.

Халықаралық ғылымның үкімі: кірпілер неге қауіпті?

Бірден айталық, кірпінің еті "халал" емес көрінеді. Себебі, ол кеңес заманындағы балалар кітаптарында сипатталғандай, тек жерге топ етіп түскен алмамен ғана қоректенбейді, өлекселерді де жейді. Бұл туралы британдық зоолог және Лондон университетінің профессоры Найджел Рив (Nigel Reeve) жазды. Бұл ғалым кірпілердің биологиясы бойынша жетекші әлемдік сарапшылардың бірі.

"Кірпілер ормандағы өлген жануарларды (өлімтіктерді) жейді. Кірпі тек өсімдікпен, жеміс-жидекпен немесе ұсақ жәндіктермен қоректенетін талғампаз жануар емес. Олар – қорек таңдамайтын (омнивор, орысша – всеядный) тіршілік иесі", – дейді британдық ғалым.

Кірпілердің күнделікті рационына мыналар кіреді: жәндіктер, құрттар, ұлулар және жауынқұрттар; жыландар (соның ішінде улы жыландар), кесірткелер және бақалар; ұсақ кеміргіштер мен құстардың жұмыртқалары немесе балапандары; орман жидектері, жемістер мен тамырлар; жолай өлексені кездестірсе, бас тартпай жей береді.

Кірпілердің иіс сезу қабілеті өте жақсы дамыған, сондықтан олар шіріген немесе өлген жәндіктердің және жануарлардың иісін алыстан сезіп, соған қарай барады. Әрине, бұл үшін кірпішешенді еш айыптауға болмас: оның аяқтары кішкентай ғана: қалаған жеріне көтеріліп, таңдаған жемісін жей алмайды.

Содан тірі қалу үшін жолай тапқанын талғажау етуге мәжбүр. Оның үстіне кірпінің табиғатқа пайдасы зор: олар тазалық сақтаушылар (сапрофагтар) рөлін атқарып, қоршаған ортаны өлі, лас биологиялық қалдықтардан тазартуға өз үлесін қосады.

Әлемнің беделді медициналық және ветеринарлық ұйымдары, соның ішінде АҚШ Ұлттық денсаулық сақтау институты (PMC NIH), Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC), сондай-ақ зоонозды инфекциялар саласындағы бейінді зерттеулер (Parasites & Vectors) бұған нақты жауап береді: бұл сүтқоректілер шынымен де қауіпті бактериялардың, вирустардың, зеңдердің (грибок) және паразиттердің алапат табиғи резервуары болып табылады. Сондықтан олардың етін тағам ретінде тұтынуға қатаң түрде тыйым салынады.

Кірпінің бойындағы адамға қауіпті заттарды келесідей бөлуге болады:

Біріншісі – бактериялық инфекциялар:

  • Salmonella spp. – ауыр ішек патологияларының қоздырғыштары.
  • Leptospira spp. – бүйрек мен бауырды бұзатын, кірпінің несебі арқылы бөлініп, қоршаған ортаны ластайтын спираль тәрізді микроорганизмдер.
  • Yersinia pseudotuberculosis және Yersinia pestis (иерсиниялар).
  • Coxiella burnetii – кірпілердің бойында және эктопаразиттерінде анықталған Q-безгегінің қоздырғышы.
  • Mycobacterium spp. – туберкулезге ұқсас процестерді тудыратын микобактериялар.
  • Стафилококктың резистентті штамдары (MRSA).

Екіншісі – паразиттер:

  • Trichinella spp. – дернәсіл-личинкалары тікелей қаңқа бұлшықеттеріне капсулаланатын жұмырқұрттар.
  • Cryptosporidium sp. және Giardia – асқазан-ішек жолының аса ауыр бұзылыстарын тудыратын бір жасушалы қарапайымдар.
  • Өкпе гельминттері (Eucoleus aerophilus және басқасы), олардың жұмыртқалары адам ағзасының тіндеріне еркін еніп кетеді.

Үшіншісі – эктопаразиттер: кене энцефалитын, боррелиозды (Лайм ауруы), Қырым-Конго безгегін және анаплазмозды тасымалдайтын иксод кенелері және қауіпті бүргелер (Archaeopsylla erinacei).

Адамдар кірпілерден қандай ауру жұқтыруы мүмкін?

Кірпіні сою, оның етін тамаққа пайдалану кезінде немесе биологиялық сұйықтықтарына кездейсоқ жанасқанда мынадай дерттердің даму қаупі төнеді:

  • Сальмонеллез: өткір диареямен, безгекпен, құсумен және түйілу сипатындағы ауырсынулармен белгі береді. Асқынған жағдайларда бактериялар тамырдағы қан ағымына түсіп, өмірге қауіп төндіретін сепсисті қоздырады.
  • Лептоспироз: капиллярларды, бауыр, бүйректі зақымдайды. Сарғаю, бүйрек жеткіліксіздігі, менингит және өлімге әкелуі мүмкін геморрагиялық синдром түрінде көрінеді.
  • Трихинеллез: паразиттердің дернәсілдері қан айналымы арқылы барлық бұлшықеттерге таралады. Ауру өте күшті миалгия, безгек, беттің ісінуі, бөртпе түрінде нышан береді. Ауыр жағдайда миокард пен орталық жүйке жүйесін зақымдайды.
  • Q-безгегі: Coxiella burnetii бактериялары сарқырататын қызбаны, өкпе қабынуын (пневмония) және жүрек патологияларын (эндокардит) туындатады.
  • Кене энцефалиті және Лайм-боррелиоз: етін жемесе де, инфицирленген паразиттерге мелдектей толған кірпіні бөлшектеу кезінде адам кенені жұқтырып алуы мүмкін.

Зерттеулер аңыздардың ақиқатын әшкереледі

Мәселенің терең талдауы PubMed Central басылымында жарияланған медицина ғылымдарының докторы Якуб Ю. Рушковскийдің (Jakub J. Ruszkowski) жетекшілігімен ғалымдар тобының беделді шолуында келтірілген. Авторлар Еуропа, Азия және Африка елдерінің ондаған ғылыми жұмыстарын қорытындылай келе, жабайы, тіпті сән үшін ұсталатын үй кірпілерінің бактериялық, вирустық, зең және паразитарлық қоздырғыштардың табиғи тасымалдаушысы ретінде орасан зор қауіп төндіретінін дәлелдеді.

"Бұл жабайы табиғатты оңалту орталықтарының қызметкерлері үшін де, үй кірпілерінің иелері үшін де үлкен мәнге ие. Азия мен Африканың кейбір елдерінде кірпілер әлі күнге дейін тағамға пайдаланылады. Дәстүрлі қытай медицинасында емдік мақсатта қолданылады. Алайда етін тұтынусыз да ауру жұқтыруы мүмкін. Адам Coxiella burnetii-мен жануарды аулау немесе сою кезінде, қоздырғышы бар аэрозолді жұту арқылы да жұқтыра алады", – дейді профессор Рушковский.

Тікенді жануардан сальмонеллез жұқтыру оқиғалары Канада, АҚШ, Ұлыбритания, Норвегия, Жапония, басқа елдерде ресми тіркелген. Сонымен қатар, Еуропалық аурулардың алдын алу және бақылау орталығы (ECDC) науқастардың және оларға келушілердің кірпілерді еуропалық клиникаларға әкелуіне тыйым салды.

Өйткені бұл жануарлардың зең инфекцияларын, кандидозды (Candida albicans) тарататыны анықталған.

"Animals: an Open Access Journal" басылымының жазуынша, дерматофитозды жұқтыру үшін тіпті кірпі етінен дәмін тату міндетті емес: қолғапсыз сипап, не қолға алу кезінде бұл жануардың инелеріне кездейсоқ шаншылып қалудың өзі жеткілікті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу