Соңғы 10 жылда "Кіші Арал" теңізінің суы 7-8 миллиард текше метрге кемігені туралы көп айтылып жүр.
Жергілікті тұрғындар теңіздің суы азайып, суының тұздылығы көбейгенін айтып, дабыл қағады.
Inbusiness.kz тілшісі бұған дейін "Кіші Арал" идеясы неге іске аспай отыр?" деген тақырыпта мақала жариялаған болатын.
Жалпы, балықтың тұзды суда өмір сүруі нашарлайды. Мұны мамандардың өзі айтады.
“Балық теңіздің тұздылығы әр литрінде 13 грамм болғанға дейін ғана өмір сүреді, 13-те уылдырық шашқанымен, ол дамымайды. Ал тұздылығы 15-тен асқанда балықтың өзі де өмір сүре алмайды. Егер су осылай азая берсе, балық қырылады. Сосын өлі теңізге қайтып келеміз. Былтырғы "Балықшылар слетінде" де көп мәселе көтерілді. Шынын айтқанда, балықшылар өз жағдайын жылағандай болып айтты. Егер теңіз жайы нашарлай берсе, жаппай көшу басталады. Өткен жылы суға қатысты арнайы министрлік құрылды. Оны біз жақсы қабылдадық. Енді мәселе – сол министрліктің істейтін жұмысында”, - дейді балық саласының маманы Әділбек Айымбетов.
"Кіші Аралдағы" су қоры 27 миллиард текше метрге жеткен кез болыпты. Қазір бұл көрсеткіш кемі 8 миллиардқа кеміген. Жалпы, "Кіші Арал" идеясының көтерілгеніне 35 жыл толып отыр. Сала мамандары биыл Сырдария өзенінен теңізге қажетті су құяды деп болжам жасап отыр.
"Былтырғы Ташкентте өткізілген мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясында болжаммен 1,6 миллиард суды түсіру көзделген болатын. Қазіргі таңда соның 713 миллион текше метр суы осы уақытта түсіп тұр", - дейді Қызылорда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалану басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов.
"Кіші Аралдың" жайы осы күні Үкіметтің назарында дей аламыз. Бағдарлама қабылдап, тұжырымдамасын қарады. Арнайы министрлік құрылғаны, су мәселесін мемлекетаралық деңгейде талқылағаны тағы бар.
Егер "Кіші Аралға" жыл сайын 1,5 миллиард текше метр су түсіп отырса, 2030 жылы теңіз өз кемеріне келеді деген болжам айтылады.