Көлемі Бельгия, Голландия сияқты елдердің жерімен шамалас Арал теңізінің апатты жағдайын көрмеу, естімеу кімге керек болғаны мүлдем түсініксіз. Бажайласақ, "Кіші Арал" идеясының көтерілгеніне 34 жылдан асты. Қазақстанда тағдыры сонша талқыға түскен мұндай бір де бір нысан жоқ, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жазушы, эколог Сайлаубай Жұбатырұлынан Арал теңізінің өткені, бүгіні мен болашағы турасында пікір сұраған едік. Теңіз тақырыбын бес саусағындай білетін жазушы көп мәселе көтерді, тың оқиғаларды айтты. Ол 50 жылдан бері адами фактордан аңқасы кепкен Арал теңізінің рөлі жайында жауаптыларға сұрақ та қойды.
- Жер полюстеріндегі мәңгілік мұздардың қатерлі қозғалыстары, өзендер бастауларындағы мұздардың сарқылуы, әлемді дендеп бара жатқан құрғақшылық, жойқын өрттер, апатты су тасқындары... Бұл жайттарда түтін мен улы газдар рөлі, жер өсімдігі жамылғысының жойылуы үдерістері – мойындалған факторлар. Жағдайларды тереңірек пайымдау мұнан да басқа мәселені алға тартады. Соның бірегейі де елеулісі: ғаламды жайлап бара жатқан осынау қатерлерде жарты ғасырдан астам қолмен жойылып жатқан Арал теңізінің рөлі жоқ па? Еуразия төрінде жатқан, ауданы 65 миллион гектар Бельгия, Голландия сияқты елдер жеріне пара-пар апатты аумақтың әсерін жоққа шығару, көрмеу мүмкін бе? Жоғарыдағы алапат факторлар қатарында бұл жайт неге лайықты мән беріліп айтылмай келді? Әлемдік баламасы жоқ деуге болатын Арал қасіретінің төңірегінде атойлы сөз көп болды да, ал, арысы – 60, берісі 30 жыл бойы неге күтулі нәтижелі іс болмады?, - дейді ол.
Жазушы нақты шешімді қарекет керек екенін ұзақ жылдар бері айтып, жазып жүр. Керек десеңіз, ұсынысын да тысқары қалдырған емес. Трансшекаралық өзендер суларын реттеу мәселесі де – өте маңызды.
- Біз, Тұран байтағының халқы, ыстыққа "піскен" жұртпыз. Оның үстіне, іргемізде – Арал, төрімізде – есепсіз заһар құсу "правосына ие" "Байқоңыр"... Құдай жар болсын деген – үміт сөзі, әйтсе де, қатер нобайы нақты, ауқымды... "Көппен көрген ұлы той" – кешегінің жақау сөзі. Философияны бетке тартып отыра берер жайт емес, шешімді қарекеттер керек! Әсіресе, Аралды құтқару жолында.
Бұл орайда трансшекаралық өзендер суларын реттеу, ылғалы жетімді өңірлерден өңірге су келтіру, жасанды жауын-шашын көздерін ашу, суды көп қажет ететін дақылдар көлемін шектеу, тиімсіз су тұтыну тарифтерін қайта қарау, басқа да озық технологиялар мүмкіндіктерін іздеу – біздегі ізденіс бағыттары. Бәрінде де үміт бар. Тек сол талаптар қиялды сөз, қызықты проекттерден гөрі, нақты жұмыс алабына жатса дұрыс. Бүткіл Аралды құтқару алгоритмі біз үшін әлі де айқын, нақты конфигурацияда мәлім болар. Ал бұл жолдағы мүмкін алғашқы қадамдарды бастай беру – қисынды істер реті. Сондықтан да еліміз көптен қолға алып жатқан Солтүстік Аралды (Кіші Арал теңізін) көтеру – елеулі мәнге ие болады. Ешқандай өзге баламасы жоқ, кәдімгі, теңіз акваториясын қайта тірілту жұмысы бұл, - деп жалғастырды эколог өз сөзін.
"Кіші Арал" туралы сөз басталғанына көп жыл өтті. Талай жобаның қаржысы құмға сіңген судай ізім-қайым жоғалды. Эколог Аралдың тағы бір қасіретін қолдан жасап отырғанымызға налиды.
- Солтүстік Аралды көтеру – Қазақстанның Арал теңізі бойындағы авангардтық бастамасы. Теңізді құтқарудың бірінші батыл қадамы. Өмірге қайта оралған Кіші Арал – бүкіл Арал теңізінің ихтиогеноқорын болашаққа жеткізу үшін сақтап қалған қымбат қазына.
Сол "Кіші Арал" идеясының көтерілгеніне 34 жылдан асты. Қазақстанда тағдыры сонша талқыға түскен мұндай бір де бір нысан жоқ. Құны миллиардтармен өлшенетін талай жоба жүзеге асып жатыр. Болашақсыз, жүзеге аспай миллиардтар жұтқандары да бар... Ал бір қауым жұрт қана емес, әлем көз тіккен "Кіші Арал" талабы көп жылдар бойы сұрақ белгісіне ілулі тұр... Әуелі КСРО саясаты, сосын, ішкі ұсақ-түйек есептер бұл талаптың жолын көп кесті. Сол КСРО-дан қалған "екі деңгейлі Кіші Арал" жоба ұсынысы әлі жансебіл жалғасып келеді. Сондай созбұйда себебінен, ел үмітінде жартылай деңгейде көтерілген "Көкарал" бөгетінен ары асып, 50 миллиард текшеметр шамасы су жоқ болды, мыңдаған тонна балық рәсуаға кетті. Кейінгі екі жылда ғана кіші теңіздің өзінен 8 миллиард текше метр су жоғалды. Аралдың тағы бір қасіретіне, енді осылай, өзіміз жол беріп отырмыз, - деді Сайлаубай Жұбатырұлы.
Эколог ысырап болған су, өзгерту мен түзетуден көз ашпаған Су кодексі, су қоймаларын салу, Сыр бойының егістік саласындағы мәселелер туралы да көптеген дерек келтірді. Екеуара әңгімеде мұның бәрі бір-бір тақырыптың жүгін көтеретінін байқадық.