Қиянат көрген Қытай қазақтарын құтқару жолы аталды

3284

Ақын Ауыт Мұқибек неге шырылдап жүр?

Қиянат көрген Қытай қазақтарын құтқару жолы аталды

Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, ақын Ауыт Мұқибек Facebook парақшасында "Сенаторы сорлы Қазақстанды Қытай билігі қалай менсінбек?!" деген пост жариялап, мәселе көтерді.

Қоғам қайраткерінің ашынуына жоғарғы палата депутаттарының берген мәнсіз, мінезсіз сұхбаты себеп болыпты. Қытайдағы қазақтардың жағдайына қатысты биліктің пікірін білмек болған Azattyk радиосының журналисі бір топ Сенат депутаттарына микрофон ұсынады.

"Масқара болғанда, бүкіл дүниежүзі білген сол Қытайдағы қазақ қасіретін біздің сенаторлар білмейтін болып шықты ғой. Немесе білсе де білмегенсіп, жауап бермеуге тырысып, лағып сөйлеп тұрғанын қайтерсің. Тіпті, кейбірі үнсіз қашып құтылды. Еділ Мамытбеков "...қашып келіп жатыр дейді, ол заңсыз нәрсе!" деп қояды. Қытайдағы қазақтар дәп бір жетіскенінен шекара бұзғандай. Ал өздерінің көлеңкесінен қорқып тұрғаны есінде жоқ. Адамның, ұлттың тағдырына қатысты сұрақ жүрдім-бардым жауап бере салатын мәселе емес. Керек болса, оның жолында өлуге болады. Ең құрығанда, кішкене тоқтап, бір ауыз жұбату сөздеріңді дұрыстап айтуларыңа болады ғой", – деп жазады Ауыт Мұқибек.

Оның байламынша, "осыдан кейін қазаққа керек болмаған шеттегі қазақты Қытай билігі қалай аясын, түрмеге тығады да отырады".

"Соңғы төрт-бес жылдың көлемінде Қытай билігі ондағы мұсылман халықтарды жоқ қылу мақсатында геноцидтік қырғын жүргізіп жатыр. Соның қатарында Шыңжаң өлкесін мекендейтін біздің байырғы қазақтар да бар. Өлі не тірі екенін білмей, бейкүнә сотталған, қамалған туыстарын босатуды талап етіп, Алматыдағы Қытай консулдығының алдында онннан артық аналардың наразылық білдіріп отырғанына бір айға жуықтады. Екі-үш күннен бері солардың алды есінен танып, құлап жатыр", – дей келе, Ұлттық кеңес мүшесі мәселенің майлы ішекше созылып, шешім таппай келе жатқанына назар аудартады.

Алдында осы мәселені "Отандастар қорының" Қандастарды ақпараттық қолдау орталығының меңгерушісі Болат Заутұлы көтерген болатын.

"Қытайдан мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтіп келген азаматтарға сот шешімімен "босқын" мәртебесін беру керек. Құзырлы органдар ҚХР азаматы болып табылатын этникалық қазақтарға Қазақстанда тұрақты тіркеуге тұру, ықтиярхат рәсімдеу, Қазақстанның азаматтығын қабылдау тәртібі және қағидаларын түсіндіріп беруі қажет. Бұл біздің орталығымызда осы мәселе бойынша қандастарға толыққанды, нақты ақпарат беруі үшін керек", – дейді Болат Заутұлы.

ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Мұрат Қабденовтің түсіндіруінше, "Халықтың көші-қоны туралы" заңының 7-бабына сәйкес, Қазақстанда босқын мәртебесі бар этникалық қазақтар өздеріне берілген визаның санатына қарамастан, тұрақты тұруға арналған рұқсатты алу үшін ішкі істер органдарына өтініш жасауы қажет. Әрине, өтініш бере алуы үшін босқын мәртебесін иеленуі шарт.

Осыдан кейін өтініш жазған көшіп келушілерге 90 күннен аспайтын мерзімге уақытша тұруға арналған рұқсат ресімделеді.

Жалпы, кейінгі жылдары мемлекет Қытай қазақтарына азаматтық беру ісін біраз жеңілдетті. Атап айтқанда, "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" заңының 16-1-бабына сәйкес, ҚХР-дан келген бірнеше санаттағы қандастарға еліміздің көк төлқұжаты жеңiлдетiлген тәртiппен, яғни жай тiркеу тәсілімен беріледі.

Мұрат Талапұлының мәліметінше, бұл санаттарға біріншіден, тұру мерзіміне қарамастан, Қазақстан аумағында заңды негіздерде тұрақты тұратын қандастар, екіншіден, өздерінің ерік қалауынан тыс азаматтығынан айырылған немесе оны жоғалтқан жаппай саяси қуғын-сүргiннiң ақталған құрбандары, сондай-ақ олардың ұрпақтары, үшіншіден, Қазақстанның жоғары оқу орындарында білім алатын этникалық қазақтар жатады.

"Жеңілдетілген тәртіппен, яғни тіркеу тәртібімен азаматтық алу туралы материалдарды қарау мерзімі өтініш берілген күннен бастап 3 айдан аспауға тиіс. "Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы" заңының 4-бабына сәйкес, қандастар бір мезгілде Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алуға және Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен қабылдауға құқылы. "Жол картасының" 1.1.3 тармағына сәйкес, "қандастар" мемлекеттік қызметі 2021 жылы "бір терезе" қағидатымен көрсетіле бастайды", – деді Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы.

Ендігі мәселе Қытайдан қашып келген қазақтарға жеңілдетілген тәртіппен босқын мәртебесін беруде болып тұр. Ол үшін ұлттық заңнамаға өзгеріс енгізілуі керек.

Атап өтер жайт, осы мәселеге АҚШ араласқан сайын қазақстандық қоғамның бір бөлігі айызы қанғандай қуанып, қопаңдап қоятыны құпия емес. Мысалы, 2020 жылғы ақпанда елімізге сапарлаған АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео еліміздің Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен келіссөзі кезінде Қазақстанды Қытайдан қашқан босқындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырды.

"Келіссөздердің аса маңызды тармағы – Қытайдағы адам құқықтарының сақталуына, соның ішінде арнайы лагерлерде ұсталатын азаматтарға қатысты. Адамның негізгі құқықтарына қорған болу – ұлттың намысы мен рухын айқындайды. Біз 1 миллионнан астам мұсылман ұйғырлары мен этникалық қазақтардың ауыр тағдырын талқыға салдық. Олар ҚХР-да, Қазақстан шекарасына жақын жердегі Шыңжаңдағы мәжбүрлі лагерлерде ұсталуда. АҚШ бұл репрессияларды тоқтатуды талап етуді сұрап, барлық елдерге үндеу жолдады", – деді Майк Помпео.

Қазақстанның СІМ басшысы бұл мәселе бойынша ешқандай түсініктеме жасамады. АҚШ айтты екен деп, шың елі де беталысынан қайтқан жоқ.

"Кейінгі жылдары Қытайдағы қазақтардың жағдайы күрделеніп кеткені рас, оны жоққа шығаруға болмайды. Өз территориясының тұтастығын жан сала қорғаған ҚХР Шыңжаңда жеке отау құрғысы келетін ұйғырлар өкілдерімен қатал күресуде. Human Rights Watch дерегінше, бұл тайталастың салқыны қазақтарға да, өзге мұсылман этностарға да тиді: қытайдың құзырлы органдары олардың ДНК-сын жинап, әр басқан қадамын аңдитын көрінеді. Түзеу лагерлеріне қатысты да жаһандық ұйымдар алаңдаушылық білдірген. Бірақ азғантай ғана халқы және ұлан-байтақ жері бар Қазақстан іргеде тұрған алпауыт елмен осы үшін ашық саяси қақтығысқа бара алмайды. Қазір осыған елімізді итермелеп отырған сыртқы күштер бар", – дейді құқықтанушы Марат Қазыбек.

Ол қазақстандықтарды ақыл таразысына тең тартылмаған мәлімдемелерден және ағат қимылдардан сақтандырды.

"Болашақта әлем не болып кететінін білмейміз. Ресей Қырымды және Украинаның оңтүстік-шығысын басып алғанда батыс елдері еш қауқар таныта алмады. "Косметикалық" санкциялармен шектелді. Тіпті басқыншыл мемлекеттердің тікелей көшбасшысының өзіне санкция салу туралы құқық қорғаушылардың ұсынысы аяқасты етілуде. Ертең Қытаймен арамыз шиеленісіп кетсе, бізге кім қорған болады? Қазақ қырылса, қос тараптан анталаған екі алпауыт Ұлы даланы өзара бөлісіп алмасына кім кепіл? Ондайда батыс бізге әскер жібермейді. Тағы санкциямен сылап-сипап қоя салуы мүмкін. Сонда біз ұйғырлардай қайтадан азаттықты аңсаған елге айналамыз ба? Қытай қазақтарын Қазақстан Кеңес одағы кезінде де, тәуелсіздік алған шақта да бізге үдере көшіп келуге шақырды. Ешқандай келергі, квотамен шектеу ол кезде болған жоқ. Оның орнына ҚХР қазақтары арасында: "жерсінген Қытайдан орыстанған Қазақстанға көшкіміз келмейді" дегенге дейін барғандары болды", – дейді сарапшы.

Бірақ көршідегі қазақтарды қорғансыз қалдыруға да болмайды.

"Бұл іс еш дау-дамайсыз, байыпты жүруге тиіс. Екі ел өзара келіссөздер арқылы Қазақстанға көшкісі келетін қазақтарға еш кедергі келтірмеу мәселесін шешкені жөн. Бірнеше жыл бұрын Өзбекстан да қатаң тосқауыл құрғаны есте, мәселе шешілді ғой. Сонда шатқалдармен, айналмалы жолмен бері қарай ешкім қашпайды, бәрі заңды болады", – дейді ол.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу