Бейжіңнің құпиясы

7604

"Нью-Йорк Таймс" газеті Қытайдың Шыңжаңдағы саясаты туралы жүздеген бет "инсайдерлік құжатты" жариялап жіберді.

Бейжіңнің құпиясы

Сенбі күні "Нью-Йорк Таймс" газеті Қытай үкіметінің мұсылмандарға қатысты саясаты туралы құпия құжаттарды жариялады. 403-беттік "ішкі документтер" Компартияның Шыңжаңдағы әрекеттеріне тереңірек үңілуге мүмкіндік береді. Онда президент Си Цзиньпиннің шенеуніктерге "сепаратизм мен экстремизге қарсы аяусыз әрекет етуге" бұйрық бергені айтылған.

Адам құқығын қорғау ұйымдары мен шетелдік сарапшылардың есебінше, Шыңжаңда құрылған лагерьлерге миллионнан астам мұсылман қамалған. Олардың арасында этникалық қазақтар да бар, бірақ көпшілігі – ұйғыр.

Америкалық басылымның хабарлауынша, бұл құжаттар Қытай президентінің бұрын-соңды жарияланбаған сөздерінен, директивалардан, ұйғырларды бақылау мен аңду туралы баяндамалардан тұрады. Сонымен қатар, төрткүл дүниеге жария болған жазбалар Шыңжаң мұсылмандарына қатаң шара қолдануды құптамайтындар компартияның өз ішінде де бар екенін көрсетіп отыр.

Аяушылық болмасын

Құжаттарды Қытайдың саяси элитасының есімін атамаған бір мүшесі таратып жіберген. "Нью-Йорк Таймстың" мәліметінше, ол адам бұл әшкерелеу Қытай басшылығы мен президент Сидің "адамдарды жаппай ұстағаны үшін" жауапкершіліктен құтылып кетпеуіне көмектеседі деп үміттеніп отыр.

2014 жылы ұйғыр содырлары Қытайдың оңтүстік-батысында теміржол станциясына шабуыл жасап, 31 адамды мерт қылғаннан кейін Си Цзиньпин шенеуніктердің алдында сөз сөйледі. "Таймстың" дерегінше, сол кездесуде Қытай басшысы "терроризммен, сепаратизммен  күреске диктатура органдарын қолданыңдар, аяушылық болмасын" деген.

Шыңжаңдағы лагерьлер 2016 жылы осы аймақтың партиялық басшылығына Чэн Цюаньго келгеннен кейін тез кеңейді. "Нью-Йорк Таймстың" ақпаратына сай, Чэн репрессияны  ақтап алу үшін президенттің сөзін таратып, жергілікті басшыларды "кімді жинау керек болса, солардың бәрін жинауға" шақырған.

Аз топтарға қатаңдығы арқылы партияда аты шыққан Чэн бұған дейін Тибетте саяси қарсыластарын басу үшін "темірдей жұдырықпен" басшылық еткен.

Сонымен қатар, әлем ақпарат құралдарына мәлім болған құжаттарда Шыңжаңға оралып, ата-аналарын таппай қалған студенттердің сұрағына жауап беру туралы нұсқаулар да бар.

Америкалық газеттің хабарлауынша, шыңжаңдық шенеуніктер үйлеріне оралған жастарға "әке-шешең немесе туыстарың экстремизм "вирусын" жұқтырды, сондықтан олар аурулары асқынып кетпей тұрғанда, емделулері керек" деп жауап беруге міндеттелген.

Түрме тәрізді 

"Нью-Йорк Таймс" партияның бұйрығына көнбеген Ван Юнчжи есімді шенеуніктің жазаланғаны туралы деректерді де жариялап отыр. Юнчжи 2017-2018 жылдары өз еркімен Шыңжаңдағы лагерьлерден 7000-нан астам адамды босатып жіберген.  

Және де құжаттарда осыдан екі жыл бұрын "сепаратизммен күрес" заңын бұзды деген себеппен компартия қатарында 12000-нан астам адамның тергелгені айтылады. Кейбір сарапшылардың сөзінше, осының өзі Шыңжаңдағы орталықтардың құрылуына жергілікті шенеуніктердің наразы болғанын білдіреді.

Қытай алғашқы кезде мұндай лагерьлердің бар екенін жоққа шығарғанымен, кейін оларды ислам экстремизмі мен зорлық-зомбылықтан бас тарттыру үшін құрылған кәсіби дайындық және ағарту орталықтары деп атады.

Алайда, адам құқығын қорғау ұйымдары мен халықаралық ақпарат құралдары спутниктен түсірілген суреттер мен ресми құжаттарға сүйене отырып, сол орталықтардың түрме тәрізді жабдықталғанын хабарлап отыр.

Мельбурн университетінің Қытайдағы этникалық қатынастар жөніндегі сарапшысы Джеймс Лейболдтың ойынша, әшкере болған құжаттар арқылы компартия  Шыңжаңдағы мұсылмандардың әдейі әрі жүйелі түрде жаппай қамалғанын ақ-қара түспен қағаз бетінде өз сөздерімен растап берді.

"Бірақ, бұл деректер жазалау мен тазалау саясатымен келіспейтін жергілікті лауазымды тұлғалардың бар екенін де айғақтап отыр", - дейді Лейболд "Франс пресс" агенттігіне берген сұқбатында.

Құрақ көрпе 

Дүйсенбіде Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Гэн Шуан күнделікті баспасөз маслихатын өткізіп, әшкере болған құжаттардың растығын жоққа шығармаса да,  "Нью-Йорк Таймсты" олардың мазмұнын бұрмалады деп айыптады.

"Бұл басылым икемге көнбейтін құрақ көрпені жамылып,  ... Қытайдың терроризммен күресін және де-радикализация әрекеттерін қаралағысы келген. Сонда ол не ойластырып отыр? Шыңжаң істері – Қытайдың ішкі істері. Бұл аймақ душар болған проблемалардың ұлтқа, дінге, адам құқығына еш қатысы жоқ. Лаңкестікпен күрес, радикализмнен бас тарттыру шараларының арқасында Шыңжаң жұрты соңғы үш жылда бірде-бір зорлық-зомбылықты, террористік шабуылды көрген жоқ", – дейді Қытай дипломатиялық ведомоствосының өкілі.

Бейжіңнің Шыңжаңда ашқан орталықтары Батыс әлемінде қатаң сынға ұшырап отыр. Мұндай мекемелердің құрылуын айыптап дүниежүзінің 23 елі қазанның соңында мәлімдеме таратты. Олардың қатарында АҚШ пен Австралия бар.

Дегенмен, Қытайдың Шыңжаңдағы бағдарламасын қолдап отырғандар да аз емес. "Си-эн-эн" телекомпаниясының хабарлауынша, аталған орталықтарды жақтап, жер шарының 54 мемлекеті қарсы мәлімдеме жасаған.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу